Жарнама
Экономика

Кемел келешектің кешенді бағдары

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Қазірде құрылысы қарқынды жүріп жатқан Атыраудағы газ-химия кешені – бұл нағыз стратегиялық нышан» деп ерекше атап өтті. Бұл сөздің астарында еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының жаңа кезеңіне деген нақты бағдар жатыр.

img 2589

Мұнай-химия – экономиканың жаңа драйвері

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Бекбаеваның айтуынша, бүгінде «Ұлттық индустриалды мұнай химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында ірі жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, полипропилен, полиэтилен және бутадиен өндірісі қолға алынған.

Бұл жобалардың маңызы зор. Біріншіден, тұрақты шикізат көзін қамтамасыз етеді. Екіншіден, өнеркәсіптік өсімге жаңа серпін береді. Сонымен қатар мыңдаған жаңа жұмыс орнының ашылып, өңірдің және елдің экономикалық қуатын арттырады.

Мемлекет басшысының мұндай бастамаларға айрықша назар аударуы да тегін емес. Өйткені, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұнай-химия өнімдерін терең өңдеген елдер ғана жоғары қосылған құнды өнім шығарып, тұрақты дамуға қол жеткізуде.

Шикізаттан – дайын өнімге

Қазақстан үшін басты міндет – тек шикізат экспорттаумен шектеліп қалмай, оны өңдеп, дайын өнімге айналдыру. Терең өңдеу саласын дамыту арқылы қосымша құн салығының үлесі артады, экспорттық әлеует кеңейеді, экономиканың сапалық деңгейі көтеріледі.

Бұл – Президент Жолдауында айтылған стратегиялық бағыттардың бірі. Яғни, біз шикізатты арзанға сатудан гөрі, дайын өнім шығарып, оны шетел нарығына ұсынуды жолға қоюымыз керек.

Мұнай-химия саласын дамыту үшін бір мезгілде инфрақұрылымды жетілдіру қажет. Жаңа өндіріс орындары заманауи көлік-логистика жүйесін, сенімді энергетикалық қуат көздерін және сапалы кадрлық әлеуетті талап етеді. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту, геологиялық барлау ісін тереңдету – жобалардың тиімділігін арттыратын негізгі шарттар. Бұл шаралар кешенді даму жоспарын жүзеге асыруға жол ашады.

Сарапшылардың пікірінше, Атырау аймағы тек мұнай-газ саласына ғана иек артпай, өзге бағыттарды да дамытуы тиіс. Атап айтқанда агроөнеркәсіптік кешен, балық шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі,
машина жасау, энергетика, туризм мен сервистік қызмет көрсетуді дамытудың да маңызы зор.

Осы салаларға инвестиция тарту – өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Тек үйлесімді даму арқылы ғана тұрақты өркендеуге қол жеткізуге болады.

Атыраудағы газ-химия кешені – ел экономикасының стратегиялық болашағын айқындайтын жоба. Бұл бастама шикізатты терең өңдеу арқылы қосылған құнды арттырып, Қазақстанды жаңа сапалық деңгейге көтермек.

Президент Жолдауында айтылғандай, мұндай жобалар тек өңір үшін емес, бүкіл ел үшін маңызды. Олар ұлттық экономиканың мықты тірегіне айналып, кемел келешектің кешенді бағдарына жол ашады.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттер: egemen.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button