Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында Бірінші бағытының бесінші тарауында Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін іске асыру жөнінде тапсырмасына сәйкес облыс бойынша бірқатар жұмыстар атқарылмақ.
Бұл туралы Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер талқыланған жиында айтылған болатын. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға 2,5 есе көбейту – ең негізгі міндет екенін атап көрсетті. Бұл бағытта, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында еңбек өнімділігін 2017 жылғы 6387 мың теңгеден 2022 жылы 15 890 мың теңгеге ұлғайту және өңделген өнім экспортын 2017 жылғы 3,8 млн. АҚШ долларынан 2022 жылы 9,5 млн. АҚШ долларына жеткізу қарастырылған.
– Жолдауда көрсетілгендей, заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тарту арқылы өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласында жұмыс жасайтын адамдар санын 9800-ден 8100-ге азайтуға болады. Облыс бойынша 6 432 гектар егістік алқаптарды электрондық картаға енгізу жұмыстары жоспарланып, күні бүгін 7 075 гектар егістік алқаптары электрондық картаға енгізілді.
Биыл «Бастау бизнес» жобасы бойынша жергілікті бюджеттен 55,9 млн. теңге қаражат бөлініп, 1325 адам «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы оқытылмақ. Күні бүгін соның 904-і оқытылып та қойған. Сондай-ақ, облыстағы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын бес колледжіде 947 студент бес негізгі мамандық бойынша білім алуда, — деді аймақ басшысы.
Ал, 2022 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімі екі есеге көбейеді. Агроөнеркәсіп кешеніне салынатын инвестиция көлемі (биыл 4,7 млрд. теңге) бес жылда 1,6 есеге өсіп 7,5 млрд. теңгеге жететін болады.
Экспорттың әлеуетін арттыру бағытында балық өнімдерін өндіру көлемін 1,9%-ға өсіріп, 2022 жылы 12 847 тоннаға, терең өңделеген, құтыға салынған (уылдырық және басқа да ыдысқа салынған) балық өнімдерін өндіру көлемін 8,3%-ға арттырып, 453 тоннаға жеткізу көзделуде.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА