![Кәсіпкерлерге кедергі болмауы тиіс 1 qun](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/qun-780x470.jpg)
Кәсіпкерлерге кедергі болмауы тиіс
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік субъектілері өкілдерімен жүздесуде ел Үкіметіне оларға қолдау көрсету мақсатында тиімді қадамдар жасалу қажеттігін атап көрсеткеніне куә болдық.
«Теңге тиыннан құралады» демекші, салықтың да сол кіріс көздерінен жинақталатыны белгілі. Сайып келгенде, мемлекет қазынасының содан қалыптасатыны кәміл. Осы тұрғыда бекітілген түрлі салықтар мен өзге де бюджеттік төлемдердің уақытылы аударылылып отыруы елдің экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштерін тұрақтандырып, әлеуетін көтеруге септігін тигізері сөзсіз. Мұнда әңгіме арқауына айналып отырған қосымша құн салығының алар орны, атқарар рөлі зор екені мәлім. Әйтсе де, салықтың осы түрінің мөлшерлемесінің, яғни қайтарым пайызының жоғары болуы кәсіпкерлікті ілгерілетуге кедергі келтіріп отырғаны да жасырын емес.
Мемлекет басшысының бұл мәселеге айрықша назар аударып, басымдық беруінің себебі де сонда болса керек. Өйткені өндірілген өнімге, көрсетілген қызметке салынатын қосымша құн салығының сомасы артқан сайын оның өзіндік баға да өседі. Соның салдарынан тұтынушының сатып алу әлеуеті төмендейді. Нәтижесінде өндіруші, қызмет ұсынушы кәсіпкер экономикалық тұрғыдан шығынға батып, зиян шегеді. Әңгіменің түйіні осы проблеманы оңтайлы шешу қажеттігіне тіреліп тұр.
Мұның мәнісі – экономиканы ілгерілету үшін қай уақытта да кәсіпкерге кедергі келтірілмеуі тиіс. Сонда ғана оның ісі алға басып, тасы өрге домалап, табысы молая түсері анық.
Аманқос ШАҢҚИЕВ, қаржы саласының ардагері
Атырау қаласы