Жарнама
Экономика

Кәсіп ашқысы келетін жастарға қолдау көп

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін, оның мерзімін ұзарту туралы айтқан-ды.   Жалпы, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында мемлекет тарапынан 66  мың жоба қолдау тауып, бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізген.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жастар ісі жөніндегі кеңесте де аталған бағдарлама аясында жастардың кәсіп ашуы сөз болды. Жиында «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жұмыстар туралы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысының міндетін атқарушы Нұрдәулет Жұмаситов баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл осы бағдарламаға бюджеттен 11,4 млрд теңге бөлінді  (ЖБ – 2,2 млрд тг, РБ – 9,2 млрд тг).

— Бүгінде несие сомасы 27,4 млрд теңге болатын 584 кәсіпкердің жобасы қолдау тапты. Осылайша қосымша 536 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Оның ішінде жастардың үлесі – 46%. Яғни 268 жас кәсіпкер қолдау алды. Сонымен қатар, Ұлттық жоба шеңберінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен кәсіп ашуға ниеттілерге мемлекеттік грант беру конкурсына бюджеттен 106 млн теңге бөлінді. Оны осы жылдың қыркүйек айында өткізу жоспарланды.

Облыс әкімі «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көпшілік көруі үшін түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

— Бизнес бастаушы не әлеуметтік жобамен айналысушы жастарға қойылатын шартты тағы бір қарап шығуымыз қажет. Өз кәсібін ашамын деушілерге ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізіп, қолдау беру керек. Оларды құжатын тапсырып, не ақпарат алуы үшін әр бөлімге сандалтпай, жастар ресурстық орталығының мекемесіне тиісті мамандарды шақырып, «бір терезе» қағидатын ұйымдастыруды қарастырыңыздар,-деді С.Шәпкенов.

Сонымен қатар жиында жастарды жұмыспен қамту мәселесі көтерілді. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 10 718 жастың 3 478-і жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов айтып өтті.

– Мемлекет тарапынан ұлттық жоба шеңберінде жастар үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асып келеді. Оның ішінде жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын аяқтаған жас түлектер үшін «Жастар практикасы» жобасына 1 481 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланды. Сонымен қатар жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарға арналған  «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 271 жас жұмыспен қамтылады. Бүгінде осы жоба аясында 141 адам жұмыс істейді. Халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыз адамдарға арналған «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 23 адамды қамту жоспарланып, 3 адам жұмыс істеп жатыр,-деді А.Мәмбетов.

Атырау қаласында орналасқан жастардың денсаулық сақтау орталықтарындағы қызметі туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев баяндама жасады.

– Аймақта жастарға медициналық-әлеуметтік көмекті 4 аудан орталығының жастар денсаулық кабинеттерімен және қала бойынша №1,2,3,4,5,7, Геолог емханалар және Дамбы дәрігерлік амбулаториясы жанындағы бастапқы жастар денсаулық орталықтары жүзеге асырады. 2023 жылдың І жартыжылдығында  Атырау облысы бойынша мамандардың көмегін алған пациенттер саны – 15606. Оның ішінде гинекологқа 2 731, урологқа 1 160, дерматовенеролог 862, психологқа 2 525, психиатрға 7 713 адам жүгінді. Олардың 1 398-і емделді, 1 509 адам сауықтырылса, 816-ның жағдайы бір қалыпты, — деді Қ. Абдалиев.

Жиынға қатысушылар балаларды қорлау,  мектеп оқушыларын жыныстық сауаттылыққа үйрету секілді мәселелерді де көтерілді.

— Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстық істер артып келеді. Сондықтан бұрын білім беру басқармасы жанында болған орталықты тәрбие жұмыстары және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі орталық етіп қайта жасақтауды ұсынамын. Өйткені бала тәрбиесімен тікелей айналысатын орталықтар білім беру басқармасында жоқ ,-деді Ж.Бисембиев.

Бұл ұсынысты облыс әкімі Серік Шәпкенов қолдайтынын айтты. Осы ретте балалар арасындағы қоқан-лоқы, жәбір көрсету  мәселесінде жұмыстарды жіті назарда ұстауды тапсырды. Ал денсаулық сақтау басқармасының жанындағы орталықты жастарға кеңінен насихаттау, мамандардың ем алушыларға ашықтығын қамтамасыз етуді жүктеді.

– Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы орталықты жастар біле бермейді. Сондықтан мұндай сауықтыру орталықтарының бар екенін жастарға жеткізу керек. Балалар арасындағы буллинг, оларды жәбірлеу мәселелері басқа орталықта қаралу керек. Ең үлкен мәселе – жасынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған баланың ешкімге ашыла алмауы. Іштен тынып, булығып жүреді. Үйіндегі адамдарға айта алмайды, ортада ешкім қорғамайды. Соңы өкінішті жағдайға әкеліп соғады. Сондықтан мамандар балалар мен жастардың психологиясымен, тәрбиесімен айналысу керек. Орталықта ашықтықты қамтамасыз етіліп, пациент мамандарға сену керек,-деді С.Шәпкенов.

Сонымен қатар жиында аудандардағы Жастар ресурстық орталығының жұмысы, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және  адами құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шаралар жоспарының орындалуы қаралды

Н.Насыр

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button