Қашаған жобасы: МЫҢ КҮДІК ПЕН БІР ҮМІТ

Көп жыл күттірген Қашаған кен орнынан мұнай өндіру өткен жылдың 11 қыркүйегінде басталған болатын. Алайда, 24 қыркүйек күні «D» аралынан «Болашақ» зауытына тартылған жерүсті құбырында газ көлемінің күрт кемуі анықталып, жұмыс уақытша тоқтатылған еді. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар департаменті мен тиісті бақылаушы органдарға дереу хабар берілді. Сол кезде жалпыға мәлім болғанындай, құбырға баратын жол ашылып, тұрбалардың тиісті жіктері ауыстырылды. Өндіру жұмысы қайта жалғасты. Бірақ, 9 қазанда құбыр бойындағы газдың кему жағдайы тағы байқалып, өндіріс қайта тоқтатылды. Содан бері Қашаған тоқтап тұр.

  ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫНДА – ЗАМАНАУИ ТӘСІЛДЕР 

Норт Каспиан Оперейтинг Компани директоры Пьер Дельфонның айтуынша, бұған газ құрамында болатын сульфидтердің әсерінен құбырдың шытынауы себеп болған. 

Ал, жоба операторының мәлімдеуінше, құбырда газ гидратының пайда болуы қандай жағдайда да сульфидтер әсерінен  құбырдың шытынауына әкеп соғуы мүмкін емес еді. Түсініксіз жайт осы жерден туып тұр. Негізінен табиғи газ компоненттері сумен араласқан жағдайда ғана гидраттар пайда болады. Және ол судың қату нүктесінен жоғары температураларда қатып қалады. Бұл, сайып келгенде, газ тасымалдаушы құбырларды ішінара немесе толықтай тығындауға мәжбүр етеді. Оның үстіне оператор Қашағандағы өндірістік нысандарда осы күнге дейін гидраттардың пайда болуы орын алмағандығын мәлімдеп отыр.   

Сонымен, қазір көңілді күпті қылған негізгі факторлар зерттеліп жатыр. Атап айтқанда, құбыр ішіндегі әрбір ақаудың себебін нақтылау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта жер қазу және құбыр бөліктерін қазып шығару жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ, Ұлыбританиядағы әйгілі TWI және басқа да мамандандырылған зертханаларда болат сынамаларының сараптамасы жүргізілуде. Оның қорытындылары ақпан айының ішінде дайын болмақ. 

Әзірге «D»аралынан «Болашақ» зауытына дейінгі газ құбырын «диагностикалық құбырішілік снаряд» деп аталатын құралмен тексеру аяқталды. Одан алынған мәліметтер талдануда. Оның да қорытындылары жуырда дайын болады. 

-«Диагностикалық құбыр-ішілік снарядпен» тексеру барысында «Болашаққа» жақын жердегі құбырдың жерүсті бөлігіне шамалы дизель отыны шыққаны байқалды, – дейді НКОК директоры Пьер Дельфон. – Ол жер қазылып, құбырдың тиісті бөлігі оқшауланды. Сонымен қатар, дәнекерлеу жігінің маңында да осындай жағдай орын алғандығы дәлелденді. Бұдан кейін өндірісті қайта бастаудың уақыты туралы айту қиын. Ол жөндеу жұмыстарының көлеміне, оның қаншаға созылатынына тәуелді болып отыр. Оны тек TWI-да жүргізіліп жатқан зерттеудің және «диагностикалық құбырішілік снарядпен» тексеру жұмыстарының ақтық қорытындысына қарап айтуға болады. 

Жоғарыда айтқанымыздай, «диагностикалық құбырішілік снаряд» – өте сенімді құрал. Бұл құралды қалай пайдаланады? Атап айтсақ, құбыр желісінің бойына түрлі роботтар өткізіледі (екі құбырдың ұзындығы шамамен 90 шақырымды құрайды). Диагностикалық тексерудің мақсаты – құбыр ішінде табылған ақауларды картаға түсіру. Нақты нәтижеге қол жеткізу үшін тұрбаларды босатып, мұқият тазартып шығу қажет. Бұл үшін керекті құрал-жабдықтар жеткілікті. 

Оператордың мәлімдеуінше, диагностикалық тексерістен өткізу нәтижесінде газ құбырының зақымдану деңгейі мен мұнай құбырының ықтимал ақаулары да анықталмақ. Күні бүгін зертханалық талдау мен тұрбалардан алынған сынамаларды кәдеге жарату және өндірістік ортаны қалпына келтіру нәтижесінде құбырдың сипаттамасы жасалды. Соған сәйкес, «ол Қашаған кен орнының шарттары бойынша пайдалануға жатады» деп ұйғарылды. Техникалық сипаттары NACE (Тотығу жөніндегі ұлттық ассоциациясы) мен ISO салалық стандарттарына, сонымен қатар, мұнай кен орындарын пайдаланудың ең үздік әлемдік тәжірибесіне толық сәйкес келіп отыр. Бұл құбыр о бастан-ақ жоғары көлемдегі сульфид пен суды есепке ала отырып жобаланған.

Сөйтіп, өндірісті қауіпсіз түрде іске қосу қазір ең басты міндет болып отыр. Жүргізіліп жатқан техникалық сараптама мен алынған мәліметтерді талдау, сондай-ақ, апатты оқиғаға әкеліп соқтырған басты себептерді сараптау едәуір уақыт алары сөзсіз. 

Пьер Дельфонның айтуынша, өндіріс жұмыстарының жалғасуы жөніндегі кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мерзімдер мен сыни пікірлер шындыққа сай келмейді және Консорциумның шын мәніндегі жоспарлары мен мақсат-ниетін бейнелей алмайды. 

– Солтүстік Каспий Консорциумы әрқашан да кен орнын қауіпсіз пайдалануды жақтап келеді. Ол өз қызметін мұнай-газ кен орындарын пайдаланудың озық үлгілеріне, өнімді бөлісу келісімі туралы шарттарға, сонымен бірге, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіп отыр, – дейді Пьер Дельфон мырза.

САБЫР САҚТАҢЫЗДАР, НАҚТЫ САРАПТАМАНЫ КҮТЕМІЗ!

Осы жерде айта кету керек, құбырда алғаш газдың кему жағдайы анықталғаннан кейін Консорциумның ықпал етуімен саланың тәжірибелі мамандарынан, соның ішінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның сарапшыларынан құрылған арнайы топ тексеру және бастапқы саралау жұмысына кіріскен еді. Бұл топ өз жұмысын қазір де жалғастыруда. Тексеру барысында Консорциум мемлекеттік органдармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. ҚР нормативтік талаптарына сәйкес, тиісті бақылаушы органдарға тексеру барысы туралы хабар жүйелі түрде беріліп тұр.

Мамандар мен сарапшылар да құбырдың сульфидтік қосындылар әсерінен шытынауы газдың азаюына себеп болғанын жоққа шығармайды. Олардың айтуынша, құбыр құрамындағы болат жоғары мөлшердегі сульфидтің әсерінен өзгеріске ұшыраған кезде онда микрожарықтар пайда болады. Ал, Қашағанның өніміндегі сульфид мөлшері әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің қатарына жатады. Дегенмен, құбырға арналған болатқа қатысты техникалық шарттар, оны құрастыру және орнату әдістері су құрамындағы ең жоғары сульфидке лайықты етіп жасалғанын бұл сарапшылар да растап отыр. 

Қазіргі уақытта Консорциум болған жағдайды қалыпқа келтіру үшін ірі мұнай компанияларына қызмет көрсететін және әлемдегі ең жоғары сападағы материалдармен қамтитын құбыр жабдықтаушыларымен бірлесіп жұмыс істеуде. Бұл жерде сарапшылар газдың азаюының басты себебін анықтау мақсатында тұрбалардың жалғанған жерлерін тексеру үстінде. Ал, ішінара сынақ жұмыстарын жүргізуге бірнеше апта қажет көрінеді. Сондықтан, ақтық есеп-анықтама зертханалық  жұмыстар толық аяқталып, нәтижелері алынған соң ғана берілмек.

Консорциум жобаны қауіпсіз түрде іске асыруға міндеттенген. Сондықтан, кен орнын пайдалануды қайта бастар алдында нысандардың 100 пайыз бүтіндігін қамтамасыз еткен жөн. Сол үшін Консорциум кеніштегі барлық құбырларды толық тексеруден өткізбек. Сонымен қатар, ықтимал проблемалардың алдын алу үшін жоғарыда айтылған жұмыстарға қосымша газ және мұнай құбырларының жерүсті бөліктері де қазылуда. Ол тұрбаларды сыртынан қарап шығуға мүмкіндік береді. 

Бұл жұмыстардың бастапқы нәтижесі мұнай құбырында еш ауытқушылық болмағанын көрсетті. Бірақ, көзбен қарап тексергенде күмән тудыратын жайттар да байқалды. Атап айтқанда, құбырдың бүтін екендігін диагностикалық тексеру арқылы растауды қажет ететін жерүсті газ тұрбаларының да бары анықталып отыр.

Айта кету керек, Теңіз бөлігіндегі газ құбырында қысым бірнеше апта бойы сақталып тұрған. Бұл уақыт аралығында егжей-тегжейлі мониторинг те жүргізілген. Бірақ, құбырдың теңіз бөлігінде қысымның түсу белгілері байқалған жоқ. 

– Қазу жұмыстарының аяқтала келгеніне қарамастан, оның нәтижелерін толыққанды деп санауға әлі де ерте, – дейді Пьер Дельфон мырза. – Өндірісті қайта бастау уақытын болжамдап та айту қазір мүмкін емес. Ол ақаулардың пайда болуының түпкі себебі анықталғаннан кейін ғана мүмкін болады. Сондықтан, өнім өндіру жұмыстарын жалғастырудың мерзімі туралы ақпаратты жағдай толық сараланып, ол тиісті мемлекеттік органдармен келісілген соң ғана жариялауға болады. 

КАСПИЙДІ БҮЛДІРМЕУГЕ КЕПІЛДІК БЕРІП ОТЫР

Жұртшылықты осынау алып кеніштің экологияға тигізер әсері айрықша алаңдатады. Бұл жөнінде былтырғы наурыз айында НКОК өткізген қоғамдық тыңдауда аймағымыздың бір топ табиғат жанашырлары компанияға бірқатар маңызды сауалдар қойған еді. Мәселен, сол кезде геолог-ғалым, академик Муфтах Диаров: 

– Компания өкілдері апатты жағдайдағы мұнай төгілуі кезінде не істей алатындары жайлы нақты айтқан жоқ. Ауаға меркаптан тараса не істемек? Сұйық және қатты қалдықтардың полигоны қайда? Қауіпті нысандар мен жол бойына қанша тал отырғызылмақ? Осы тәрізді аса маңызды мәселелерді неге айтпайсыздар? – деп ашына сұраған еді. 

Компания басшылары бұған жауап ретінде «Атырауда үлкен апат болмайды» деп кесіп айтты. Олардың айтуынша, сұйық қалдықтар, пайдаланылған сулар тазартылып, арнайы ыдыстармен кері жөнелтіледі. Каспийге еш нәрсе тасталмайды. Ал, қатты қалдықтарды шығару үшін жергілікті компаниялармен арада келісім-шарт бар. Мақат ауданы аймағындағы мұнай-газ дайындау кешені қондырғысында демеркаптанизация құралы орнатылған.

Сонымен қатар, жобаның агент компаниясы болып табылатын Аджиптің қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму бөлімінің директоры Вальтер Рицци: «Компания 15 шақырым аумаққа дейін тал отырғызды. Ол жердің топырағы өте сортаң, өсімдік өспейтін еді. Бірақ, біз мүмкін емес жағдайды жасадық. Жергілікті ағаштарды ектік. Олардың өсіп кетуіне барынша жағдай жасап жатырмыз. Біз қолданып отырған тамшылатып суару технологиясына бүкіл Қазақстанда балама жоқ» деген мәлімдеме жасады. 

Қысқасы, компания басшылары «қоршаған ортаға келер еш зиян жоқ, теңіз суын да бүдірмей пайдаланамыз» деп ант-су ішіп  отыр. Олардың бұл уәденің үдесінен қаншалықты шығары –  уақыттың еншісінде. Қалай десек те, көңілде әлі де мың күдік пен бір үміт тайталасып тұр…

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз