Жарнама
Экономика

ҚАРЖЫ НАРЫҒЫНДАҒЫ

Сонымен бірге, осы сәттен бастап теңгенің айырбастау бағамы нарық сұранысы негізінде және іргелі ішкі, сыртқы макроэкономикалық факторларды ескере отырып қалыптастырылады. Бұл ретте айырбастау бағамы әлем экономикасындағы және ішкі валюта нарығындағы жағдайға байланысты әлсіреу немесе нығаю арқылы өзгеріп отыруы мүмкін.

Ұлттық Банк теңгенің айырбастау бағамының деңгейін қалыптастыруға араласпайды, алайда елдің қаржылық жүйесінің тұрақсыздану қаупі туындаған жағдайда оның валюталық интервенция жүргізу арқылы ішкі валюта нарығына қатысу мүмкіншілігі бар. Теңгенің айырбастау бағамы Қазақстан қор биржасында шетел валюталары сауда-саттығының нәтижелерімен орташа алынған бағам бойынша белгіленеді.

Инфляциялық таргеттеу режиміне негізделген жаңа ақша-несие саясатын жүзеге асыру экономиканың ұзақ мерзімді тұрақты өсіміне қол жеткізуге, инфляцияның төмен деңгейін сақтауға, жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға жәрдемдеседі.

 Айта кету керек, теңге еркін айналымға шыққаннан кейін, валютамен алыпсатарлық орын алмауы тиіс. Өйткені, бұдан былай теңгенің бағамы ашық, түсінікті жағдайда қалыптасады және айырбастау пункттерінің өз беттерінше көтеріңкі валюта бағамын белгілеуіне жол берілмейді. Сонымен қатар, инфляциялық таргеттеу режимінің орнатылуына байланысты экономика біртіндеп долларсыздандырылу үрдісіне көше бастайды. Мәселен, осы инфляциялық таргеттеу режиміне көшкен Австралия, Жаңа Зеландия, Польша мен Ресей елдерінде экономика елеулі түрде долларсыздандырылған. Мұның өзі – орта мерзімдік міндет және ол кезең-кезеңмен орындалысын табады.

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта несие берудің көлемі біршама азайып, керісінше, олардың пайыздық мөлшерлемелері көбейіп кетті. ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Қ. Келімбетовтің айтуынша, соңғы екі жыл ішінде екінші деңгейлі банктерге СВОП операциялары арқылы шамамен 2 трлн. теңге өтімділік беріліп, бұл ақшалар негізінен валютаға айналдырылды. Сол сияқты, банктердің клиенттері де өз депозиттерін долларлық депозиттерге айналдыруға мүдделі болды. Мұндай үрдіс бүгіндері түбегейлі жойыла келді десек, артық емес. Бұдан былайғы жерде бағаны нарық белгілейді, алдағы бір аптадай уақыт теңгенің бағамы біресе жоғарылап, біресе төмендеп, құбылып тұруы ықтимал. Ал, одан кейінгі жағдай нақты сұраныс пен ұсыныстың нәтижесі бойынша айқындалады.

Негізінен алғанда, банктерге жүктелген басты міндет немесе атқаратын қызметі — тұтынушыларды несиемен қамтамасыз ету екендігі мәлім. Соны ескергендіктен, ҚР Ұлттық Банкі енді екінші деңгейлі банктерді жүйелі негізде өтімділікпен қамтамасыз етуге басымдық береді. Атап айтқанда, мұнда бір күндік мөлшерлемелер бекітіліп, белгіленеді немесе қолданылады. Солар арқылы қаржы институттары алыс-беріске, яғни қаржы көздеріне қол жеткізеді. Осылайша, өтімділік мөлшерлемесін басқару арқылы банк секторындағы несие мөлшерлемелерін толықтай басқарып отыруға мүмкіндік туады. Демек, несиелер шағын және орта бизнес субъектілері үшін қолжетімді болатындай жағдайға келтіріледі.

Енді қаржылық агенттер немесе қаржы нарығына қатысушылар алыпсатарлық жүйеден ресми түрде нарықтық жүйеге ауысады. Сондықтан, қаржылық институттар, яғни екінші деңгейлі банктер жақын уақытта тұтынушыларды белсенді түрде қаржыландыра (несиелеу жолымен) бастайды. Ал, енгізілгелі отырған жаңа инфляциялық таргеттеу режимі бұған көп мүмкіндіктер туғызады.

Қазіргі уақытта инфляцияның төмен деңгейіне қол жеткізілуін және оны тұрақтандыруды болжайтын баға тұрақтылығы ақша-несие  саясатының көздеген мақсаты болып табылады. Дәл мұндай жағдайда инфляциялық таргеттеу еліміз үшін ақша-несие  саясатын іске асырудың бірден-бір оңтайлы режимі ретінде қабылданады.

Ұлттық Банк Қазақстанның қаржы секторының ерекшеліктері мен экономикасының даму деңгейін ескере отырып, ақша-несие саясатының тиімді режимін таңдау бойынша талдамалық жұмыс жүргізді. Қалай дегенде де, инфляциялық таргеттеу неғұрлым қолайлы режим саналады.

Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ,

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі» АҚ Атырау филиалының директоры.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button