АТА ЗАҢДЫ АРДАҚТАП…

Жуырда Атырау қаласындағы Қайырғали Смағұлов алаңы мен Ақжар ауылында облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Жастар таңдауы» қоғамдық бірлестігі «Келешегі кемел Ата Заң» атты концерттік бағдарлама қойды.

Шара шымылдығы «Жайық қызы» халық би ансамблінің қазақ биімен ашылды.

 

– Осыдан 550 жыл бұрын мемлекетіміздің негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібек ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ елінің басын біріктірген болатын. Биыл тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір сан ұлттар мен ұлыстарды біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуда. Сол секілді, ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихында Қасым ханның «Қасқа жолынан» бастау алған тарихи маңызды құжат – Конституциямызға жиырма жыл толып отыр. Елбасы ұсынып, халық қолдаған құжат елімізді биік белеске шығарды, – деді аталған қоғамдық бірлестік төрағасы Ринат Ғилажев.

Жергілікті өнерпаздар Айбар Ғаниұлы Төлеген Мұхамеджановтың «Отан», Айсағали Қуанышбек халық әні «Айтайын», Ляна Плузян «Көтеріңкі көңіл-күй», Мержан Қабдолов «Отанға ода», Зарина Қабдолова «Сәлем саған, туған ел!», Зейнолла Сейсенбаев «Көк тудың желбірегені» және Бақтыгүл Ізбасарова Бота Бейсенованың «Туған жер» әндерін тамылжыта орындап, көрермен жүрегіне жол тапты.

Кеш барысында викториналық ойындар өткізілді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Ата Заңы қай жылы қабылданды?», «Ата Заң қанша бап пен тараудан тұрады?», «Жеті жарғы қай ханның тұсында қабылданды?», «Қазақ тарихында болған заңдар», «Мемлекеттік тіл туралы қай бапта көрсетілген?» және тағы да басқа сұрақтарға дұрыс жауап бергендер сыйлықтармен марапатталды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз