Жарнама
Экономика

«ҚАРА АЛТЫННЫҢ» ҚҰНЫ

Бірқатар сарапшылар осы соңғы көрсеткіштерді есепке ала отырып, «мұнай бағасының құлдырауы өзінің төменгі шегіне дейін жетті» деп есептейді. Өйткені, бағаның бұлайша құлдырауы әлемнің мұнайлы елдерінің экономикалары көтере алмайтындай шамаға жетіп отыр. Демек, олар енді мұнай өндіруді азайтады да, баға қайтадан көтеріле бастайды-мыс.

Бұл – әрине, болжам ғана. Өйткені, әлем барған сайын күрделеніп барады. Әлемнің алпауыт елдері арасында текетірес күшейіп отыр. Түрлі саяси ойындар өршіп барады. Экономикаға саясаттың араласы күшеюде. Сондықтан, таза экономикалық тұрғыдан жасалынған болжамдарға сенбейтіндей де күйге жеттік.

Десек те, мұнай бағасы неге құлдырауда? Оған саясаттың әсері бар ма,  әлде бұл шынымен таза экономикалық құбылыс па? Бұл сұраққа қатысты әркім әртүрлі пікірлер айтады. Біреулер мұны «әлемдік экономикада оқтын-оқтын болып тұратын түрлі жағдайларға байланысты қалыпты құбылыс» деп есептейді. Себебі, 2008 жылдың шілде-қараша айларының аралығында мұнай бағасы барреліне 140 доллардан 75 долларға дейін төмендеген болатын. Бірқатар сарапшылар сол жағдайдың тағы да қайталанғандығын мысал етеді. Сөйтіп, мұнай бағасы қайта көтеріледі деп үміттендіреді.

Енді бір сарапшылар қазіргі ахуалдан бұлайша үміттенуге  болмайтындығын айтады. Өйткені, ол кездегі бағаның мұндай құлдырау құбылысы сол кезде орын ала бастаған экономикалық дағдарыстармен қабаттаса жүрген еді. Ал, қазір әлемдік экономикада аз да болса алға басулар бар. Әлемнің алып экономикасы саналатын Америка Құрама Штаттарының жағдайы осыдан төрт-бес жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда біршама тәуір. Шүкір, Еуропалық экономикалық дағдарыстың да бұлты сейіле бастағандай.

Алдымен нақты фактілерге жүгінейік: АҚШ-тағы 40-тан астам ұңғымасы бар «WBH Energy» мұнай компаниясы қаңтар айының алғашқы онкүндігі соңында жұмысын тоқтатты. Бұған да әлем нарығындағы мұнай бағасының күрт құлдырауы тікелей әсер еткені анық. Солтүстік Техаста тақтатас (сланец) мұнайы мен газын өндіріп келе жатқан бұл кен орны қарыздарының көлемі 50 млн. доллар шамасына жетіпті. Сондай-ақ, оны өтеуге қауқарсыздығы да белгілі болды. Сарапшылар «қара алтын» бағасының арзандай түсуі Американың басқа компанияларына да осындай қауіп төндіретінін айтып отыр.

Бір атап айтатын жайт, «WBH Energy» кәсіпорнының банкротқа ұшырауы Колорадо штатындағы «Fmericen Efele Energu» атты келесі шағын мұнай компаниясы мұнайдың бағасы қайтадан көтерілгенше жұмысты тоқтата тұратыны туралы мәлімдеме жасағаннан кейін орын алды.

— Мұнай мен газдың бағасы неғұрлым ұзақ уақыт төмен болған сайын бұл дағдарыстың мерзімі де ұзай түседі, – деді саясаткер Ариэль Коэн. – Сауд Арабиясы мен Таяу Шығыстың басқа да елдерінен арзан мұнай неғұрлым көбірек келген сайын, АҚШ-та тақтатас мұнайы мен газын өндіретін компаниялардың жағдайлары ауырлай бермек. Бұл мұнай өндіру жұмысы қымбатқа түсетін барлық елдерге ауыр соғады…

Соған қарамастан, қазір Сауд Арабиясы да, Біріккен Әмірліктер де мұнай өндіру көлемін қысқартуға асығып отырған жоқ. Мұның өзі жоғарыда аталған елдер үшін ептеп үрей де туғызып тұрған сыңайлы. Жағдайдың бұлай болуына келіспейтінін білдірген Иран мен Венесуэла елдерінің басшылары өткен аптаның ақырында арзаншылыққа қарсы күрес мазмұнындағы өзара келісімге қол қойды. Олар Brent маркалы мұнай бағасын бастапқы қалпына келтіруге барынша бірлесе күш салмақшы. Алайда, қазіргідей жағдайдың бірден түзеліп кететініне сенім аз.

Сарапшылардың пайымдауынша, әлем рыногы балансын өзгерту үшін Американың тақтатас мұнайына берілетін инвестицияның көлемі қысқартылатын болса, «қара алтынның» төменгі бағада сатылуы жалғаса бермек. Олар АҚШ президенті Барак Обаманың «тақтатас көпіршігі» әлем экономикасының күйреуіне негіз де болатынын алға тартады. Сөз жоқ, осы текетіреспен 50 долларлық белдеуге түскен мұнай бағамы үстіміздегі жылы бұдан соншалықты жоғары көтеріліп кете қоймайды. Мұны Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (МЭЕҰ) көптеген мүшелері, айталық, қаржылық қоры 800 млрд. долларға жуықтайтын Сауд Арабиясы көтере алады. Ал, мұнай баррелінің 100 долларлық өлшеміне сүйенген Ресей басынан небір ауыр күндерді кешуі ықтимал. Алайда, оның алатын соққысы бәрібір АҚШ-тың көретін құқайынан асып түспейді. Бүгінде бұл елдің тақтатас мұнайына арқа сүйеген көптеген компаниялары қос өкпелерінен демігіп отыр. Мұның ақыры орта деңгейлі банктері займдарының 40 пайызы «тақтатас революциясы» жобасынан құралған АҚШ-тың қаржы жүйесін біржолата күйретіп кетуі мүмкін.

Өткен аптадағы елеулі оқиғалардың бірі – Венесуэла президенті Николас Мадуроның Иранға ресми сапармен барып, өзінің әріптесі Хасан Руханимен кездесуі. Әлемдегі екі ірі мұнайлы мемлекеттер басшыларының ежелгі парсы жеріндегі әңгімелесуіне «қара алтын» бағасын бұрынғы қалпына қайта келтіру жайы арқау болды. Олар әлемдік рыноктағы бағасын өсіру үшін «қара алтын» өндіру көлемін қысқарту жөнінде айтылған ұсынысты орындаудан бас тартып отырған Сауд Арабиясының саясатына қарсылық білдірді. Екі жақты келіссөз жүргізу барысында Иран президенті «мұнай бағасының күтпеген жерден бұлайша құбылуы, тұтастай алғанда, әлем рыногындағы тұрақтылыққа кері әсер ететінін» атап айтты. «Осыған сәйкес, біз мұнай бағасындағы балансты ұстап тұруға күш салуға тиіспіз» деді ол.

Ал, Иранның рухани көсемі Аятолла Али Хамененимен кездесуі барысында Николас Мадуро: «Иран мен Венесуэла мұнайды экспортқа шығарушы Ресей мен басқа да мемлекеттер арасында мұнай бағамын бақылауда ұстап отыру жөніндегі келісімге келулері керек» деген уәж айтты. —  Мұндай келісімнің арқасында ынтымақтаса әрекеттер жасау нәтижесінде мұнай бағасының әлемдік рыноктағы қалпын реттеп отырудың жаңа тетігін ойлап тауып, оны өзімізге тиімді деңгейде ұстап тұрудың мүмкіндігі туар еді».

Әйтсе де, мұның бәрі – әзірге осы екі мемлекет басшысының ғана арасындағы мәміле. Әсіресе, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінен үн қатысу жағы жоқ. Бір ғана белгілісі, Саудия үкіметі биылғы жылдың бюджетін мұнай баррелі бағасының 100 долларлық өлшемімен жасаған. Ал, қазіргі таңда бұл белдеу мұның тең жартысынан да төменгі мөлшерде тұр. Осы жағынан тереңнен бағамдаса, саудиялықтардың да ойланатын жөні бар екені қапысыз.

Осыған орай енді бір сарапшылар әлемдік экономикада аз да болса тұрақтылық орын ала бастағанымен, енді саяси кикілжіңдердің өріс алғандығын айтады. Әлемнің бірқатар өңірлерінде; Украинада, Таяу Шығыста, Гонконгте саяси шиеленісті жағдайлар орын алып отыр. Әсіресе, Украинада орын алған жағдай Ресей, АҚШ, Еуропа одағы арасында үлкен текетіресті туындатқаны белгілі. Соған байланысты бірқатар ресейлік сарапшылар қазіргі мұнай бағасының құлдырауын Ресейге жасырын ымыраға келу арқылы көрсетіліп отырған қысым есебінде бағалайтындықтарын байқатып қалды. Өйткені, Ресей – әлемдегі ең ірі мұнайлы елдердің бірі. Оның бюджеті негізінен мұнайдан түсетін кіріске тәуелді. Мәселен, үстіміздегі жылдың алғашқы сегіз айындағы Ресей бюджеті кірісінің 46 пайызын шикі мұнай мен мұнай өнімдері экспортынан түскен қаржы қамтамасыз етіпті. Сондай-ақ, Ресей сататын газ бағасының да мұнай құнына байланысты құбылып отыратындығы тағы бар. Демек, бұл ел бюджетінің дұрыс қалыптасуы үшін мұнай баррелінің бағасы 105 доллардан төмен болмауы керек. Осыған байланысты Ресейдің бұрынғы Қаржы министрі Алексей Кудрин «бұл жерде АҚШ әлемдік мұнай рыногының тағы бір алып ойыншысы Сауд Арабиясымен жасырын келісімге келу арқылы мұнай бағасын әдейілеп түсіріп отыр» деген күдігін жасырмады.

Бұлай күдіктенудің де қисыны бар секілді. Өйткені, өзі де мұнайдың арқасында байып отырған, яғни оның бағасына тікелей тәуелді деп есептелетін Сауд Арабиясы бағаның көтерілуіне мүдделілік танытпай отыр. Қайта «біздің экономика мұнай бағасының мұндай құлдырауына шыдайды, біз үшін бұл құлдырау әлі мазасызданатындай шекке жете қойған жоқ» дегендей бейқамдық танытуда. Әрине, бұл – жеке сарапшылардың пікірі. Өйткені, осындай жасырын келісімнің болғанын дәлелдейтіндей ешбір құжат жоқ.

Енді бірқатар сарапшылар бұл пікірлердің өзін жоққа шығарады. Олар Сауд Арабиясының мұнай бағасының көтерілуіне оншама ықылас танытпауының себебін басқаша түсіндіреді. Олардың айтуынша, АҚШ-тағы «тақтатас (сланец) революциясы» кейінгі кезде өз жемісін бере бастаған. Біріншіден, сланецтен мұнай өнімдерін алуға кіріскен бұл ел аталған мәселеде айтарлықтай табыстарға жетіп, өзінің ғылыми-технологиялық жетістіктерінің нәтижесінде сланецтен алынатын мұнай өнімдерінің бағасын төмендету мүмкіндігіне ие болып отыр.

Бұл, екіншіден, АҚШ-тың ендігі кезекте ірі мұнайлы алпауыт елдердің арасынан берік орын алатындығын білдіреді. Қазіргі мұнай бағасының құлдырауының тағы бір себебі нақ осы мәселеге қатысты болып отыр. Ал, Сауд Арабиясы болса, мұнай саудасында, яғни өз мұнайын өткізуде АҚШ секілді дәстүрлі үлкен рыногынан айырылып қалғысы келмейді. Сондықтан, ол мұнай бағасын арзандату арқылы АҚШ-тың ішінде пайда болған сланецтен мұнай өнімдерін алатын компанияларды, яғни жаңадан пайда болған бәсекелестерді бағаны төмен ұстау арқылы тұншықтыру мақсатын көздейді.

Қалай деген де, дүбірлі дүниеде дағдарыс та бар, алпауыттар текетіресі де жалғасуда. Ләйім, соның бәрі адамзаттың игілігі үшін оңынан оңғарылғай-дағы!..

P.S. Әзірге біз елімізде бензин бәсінің арзандағанын көңілге медеу тұтып қана отырмыз, оның да қашанға созылары  беймәлім. Өйткені, Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалиннің өзі баспасөз мәслихатында жанармай бағасының арзандауына бірқатар себептер бар екенін алға тартты. «Ресей рублінің бүгіндегі құнсыздануына және әлемде мұнай бағасының төмендеуіне байланысты біздің нарыққа Ресей Федерациясынан арзан жанар-жағармай тасымалданып жатыр. Бәріңіз білетіндей, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейде салықтық өзгерістер енгізілді. Нақтырақ айтсақ, кезең-кезеңімен мұнайдың экспорттық салықтарын қысқарту ұсынылуда» деді ол.

Десек те, «қара алтынның» басындағы қазіргідей «қара бұлт» әлемдік экономикаға ауыр соққы болары анық. Соның ішінде біздің еліміз де, біздің мұнайлы өңіріміз де оның бағасының көтерілуіне мүдделі.  Бұл – баршамызды да алаңдатпай қоймайтын өте өзекті мәселе. «Мен қауіп еткеннен айтамын…» демеп пе еді Мұрат Мөңкеұлы. Ендеше, біз де бүкіл елді асырап отырған «қара алтынымыздың» құнсыздануынан қауіп еткеннен айтамыз…

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button