АТЫРАУДЫҢ АЛҒАШҚЫ ПРОПАНЫ

propan Экономика

8 шілдеде «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына кіретін «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (2008 жылы құрылған) Атырау қаласындағы біріккен газ-химиялық зауытта іске қосу-реттеу жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталғанын мәлімдеді.

Бұл туралы бізге аталған компанияның баспасөз хатшысы Нұргүл Хайруллина толығырақ айтып берді.

– Зауытта технологиялық қондырғыларға пропан беру басталды. Енді компания іске қосу-реттеу жұмыстарының екінші кезеңі – пропанды дегидрлеу реакторларына катализаторды жүктеуге кіріседі. Ал, жалпы, зауытта өндірісті іске қосу тамыз айына белгіленіп отыр, – дейді ол.

Айта кетейік, аталған кешен – еліміздің мұнай-газ-химия саласындағы алғашқы ірі жобасы. Мақсат – Қазақстан Республикасында мұнай-химия кластерін қалыптастыру, қосымша құны жоғары, экспортқа бағытталған өнімдер шығару және өнеркәсіп салаларын әртараптандыруға арналған полимер өндірісін жолға қою. Зауытта Теңіз кен орнынан жеткізілетін пропаннан полипропилен өндіріледі. Бұл – пластикалық жіптер, құбырлар, пленкалар, сөмкелер, медициналық және басқа да өнімдерді өндіруге қажетті негізгі шикізат көзі. Зауыттың қуаты жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайды. Дайын жабдықтар АҚШ, Германия, Франция, Ресей, Қытай, Жапония, Корея елдеріне жеткізілуде. Өндіріс ошағындағы жергілікті жұмысшылар шет елдерде біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Бұдан бөлек, мұнда полиэтилен, бутадиен шығару бойынша жобалар іске асырылады.

    – Кешен алаңы Атырау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 33 шақырым, Қарабатан бекетінен солтүстікке қарай 8-9 км жерде орналасқан. Учаске қолданыстағы теміржолға (9,2 км), автомобиль жолына (6,3 км), су құбырына, электр желісіне және тасымалдауға арналған құбырларға жақын орналасқан. Алаңдарды таңдау және учаскелерді жоспарлау кезінде жалпы кеңінен танылған халықаралық стандарттар мен оң инженерлік-техникалық тәжірибеге сәйкес барлық қауіпсіз қашықтықтар ескерілді, – дейді Н.Хайруллина.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз