Жарнама
Экономика

Кәсіпкерлерге – мемлекеттік қолдау оны исатайлық бизнесшілер жете сезініп отыр

ANU_0495Шағын және орта кәсіпкерліктің Атыраудағы адымы қалай? Әсіресе, шалғай аудандар мен алыс ауылдарда не жаңалық? Осы мәселелерге нақты қанық болу үшін облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының бастамасымен атажұртқа ат басын тіреген едік. Алғашқы аялдама – Исатай ауданы.
Ауданда кәсіпкерлікті дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылған? Бұл туралы бізге осындағы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Рафиғат ТӘЖИДЕНОВА айтып берді.
— Күллі қоғамның, әрбір адамның әл-ауқатын жақсартатын экономикалық қызметтің бір түрі – кәсіпкерлік. Бүгінде ол мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналды. Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі үш жылдан бері халыққа сервистік қызмет көрсетіп келеді. Мұнда бас маман, инспектор-есепші және инспектор-іс жүргізуші қызмет етеді. Биылдың алғашқы жартысында шағын және орта бизнес тарапынан жергілікті бюджетке 290,6 миллион теңге салық түсті. Ендеше, ауыл кәсіпкерлері ел қазынасын еселеп отыр деуге толық негіз бар.

БАҒДАРЛАМАЛАР – БИЗНЕС БАСТАУЫ

Одан бөлек, 2014-2015 жылдары «Кәсіпкер» бағдарламасымен 25 кәсіпкер 46,8 млн. теңге және «Мурабаха» бағдарламасымен бес кәсіпкер 14,3 млн. теңге жеңілдікпен несие алыпты. Сол сияқты, «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы арқылы екі кәсіпкер 3,7 млн. теңге мемлекеттік грант ұтып алған.
Ал, биыл Хамит Ерғалиев ауылындағы шұлық жасау цехы 3 млн. теңге қаржылай сыйақыға ие болды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 14 адам 35 млн. теңгенің несиесін алды. «Атырау шағын несиелеу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 572 кәсіпкерге 143,1 млн. теңге несие берді. Осының бәрі де алтын бесік ауылымызды көркейту, сол мақсатқа жастарды жұмылдыру үшін жасалып жатыр. Олай болса, бизнес бастамаларын қолдау ешқашан үзілмек емес.
Соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы мақсатында жер сұраған 34 өтініштің күні бүгін 23-і қанағаттандырылып, конкурстық негізде жер берілген. Ал, кәсіпкерлік бағыттағы 19 өтініштің бесеуі мақұлданыпты.

ҚАРЛЫҒАШТЫҢ «АЛТЫН ӨРНЕГІ»

Біз бірінші болып бас сұққан Аққыстау елді мекеніндегі ұлттық нақыштағы «Алтын өрнек» тігін шеберханасының иесі – Қарлығаш Аекенова ештеңеден қаймықпаған батыл жан екенін бір ауыз сөзінен-ақ аңғартты. Осыдан тура екі жыл бұрын ол кәсіби біліктілігі болмаса да, көз жұмып қойып тәуекелге барған. «Есепші маман тігін цехын ашты» дегенді естігендеріңіз бар ма? Иә, бүгінгі кәсіпкерлердің арасынан небір кәсіп иелерін табуға болады. Сонда ол киім тігуді қайдан үйренген? Оған жас кәсіпкер былайша жауап берді.
— Анам Алтынай Ыбыраева – кәсіби тігінші. Одан үйренгенім өте көп. Әйтсе де, алғашында кәсіп ашу, кейін оны жалғастырып кету оңайға соқпады. 2014 жылы 1,5 млн. теңгеге несие алып, жұмысымды бастадым. Былтыр «Бизнес-аймақ» бағдарламасы арқылы 7,5 пайыз жеңілдікпен миллион жарым теңге несиеге қажетті құрал-саймандарымды сатып алдым. Ай сайын 40 мың теңгеден несиемді өтеп отырамын. Шеберхана ғимараты өзімдікі, — дейді. Демек, тиімді ме? Тиімді.
Тігіншімен бірге тағы бір адам, зейнеткер Ағзиба Құбаева да қызмет етеді. Олардың тұрақты тұтынушылары мектеп оқушылары десе болады. Мәселен, Абай атындағы орта мектепте барлығы 600 бала оқыса, соның бәрін ортақ киім үлгісімен қамтып отыр. Бағасы да қолжетімді, әрқайсысы 4000-5000 теңгеге шығады. Ұзатылатын қыздың той көйлегі, орташа алғанда, жүз мың теңге тұрады. Ал, былтыр Жұмабай Мырзағалиев атындағы 12 сыныптық мектептің жүз баласына киім тігіпті. Оның сыртында, талай оркестр мүшелері мен республикалық «Айгөлек» секілді өнер додаларына қатысушыларға да ұлттық киімдер тігіп жүр. Бүгінде іскер ханым тек ісмер шебер ғана емес, сондай-ақ, үш бала өсіріп отырған аяулы ана.
Осылай кейіпкерімізбен тілдесіп тұрғанымызда ішке балаларын ертіп әйел адам кіріп келді. Сөйтсек, ол жаңа киім үлгісіне тапсырыс беруге келген ауыл тұрғыны Динара Есенғалиева екен. «Қарлығаштың қолы шебер, қимылы ширақ. Әрі, халықтың алдында кәсіпкер ретіндегі жауапкершілігін терең сезінеді. Алдағы уақытта да кәсібі кеңейіп, ісі алға басуын тілейміз» деп ризашылығын білдіріп жатты. «Еңбек қайтты» деген осы емес пе, сірә?..

АСХАНАДА – БӘРІ АРЗАН
Келесі кәсіпкерлік нысан – аудан орталығынан қоныс тепкен елу адамға арналған асхана. Әсем де шағын ғимарат алыстан көз тартады. Оның иесі Тұрсынгүл Бөлекова осымен үшінші жыл кәсібінің нәсібін көріп келеді.
— Мұнда әзірге үш адам еңбек етеді. Болашақта кәсібімді өркендетіп, қызмет аясын біраз кеңейтпек ойым бар. Сол кезде неғұрлым көп адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік туар еді, — дейді. Аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Асылбек Шалабаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ешқашан күн тәртібінен түспейтінін ескертеді.

ЗАМАНАУИ ДӘРІХАНА – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ
Біз тамашалаған тағы бір әлеуметтік әрі кәсіпкерлік нысан – массаж және емдік шаралар қабылдайтын арнайы бөлмелермен жасақталған заманауи дәріхана. Былтыр іске қосылған жобаның құны – 4 млн. теңге. Оны ашқан кәсіпкер Гүлжан Нысанқұлова – фармацевтика саласында отыз жыл жасаған тәжірибелі маман. Оны білетін науқастар тура жолмен осында тартып отырады екен.
— «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы шеңберінде 3 млн. теңге несие алдым. Оған былтыр «Бизнес-аймақ» бағдарламасы бойынша берілген тағы 2 млн. теңге несие қосылды. Халық сұранысына ие дәрі-дәрмек пен дәрумендердің 2000-ға жуық түрін «Іңкәр» мен «Медикер-центр» мекемелерінен қабылдаймын. Аудандағы І, ІІ топ мүгедектері, зейнеткерлер мен үш жасқа дейінгі балалар он пайыз жеңілдікке ие, — дейді дәрігер.
Жалпы, Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. Соған сәйкес, аудан аумағынан жер алып қойған «ВетроЭнергоТехнология» ЖШС жаңартылған энергия көздерін пайдаланатын желдік қондырғылар орнатуды көздеп отыр. Жобаның құны 12,3 млрд. теңгені құрайды. Осындай екінші бір жоба – «ЭкоНетКомпани» серіктестігі мұнай, резина және пластик қалдықтарын өңдеп, тұрмысқа қажетті бұйымдар шығаратын зауыт салғысы келетіндігі. Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасына енгізіліп қойған бұл жобаның құны – 650 млн. теңге.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ, суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ,
Исатай ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button