ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ – ӨЗІМІЗДЕН
Нақтырақ айтқанда, түрлі көлем мен пішіндегі металл құрастырмалар, мұнай өнеркәсібі мен кәсіпорындарында қолданылатын қондырғы-құрылғыларды орнатуға арналған конструкциялар, т.б. Бір сөзбен түйіндегенде жаңа кәсіпорын игілікке беріліп, толық қуатына енгенде инженерлік құрылыс индустриясын дамытуға керекті тауарлардың кең көлемді кешенін дайындап шығарады.
Осындай ақпарат таратқан компания басшысы Ержан Даирдың мәлімдеуінше, жалпы құны 1,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын бұл жобаны жүзеге асыру жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары 70 пайызға орындалған. Жеткізілген жабдықтардың 80 пайызы құрастырылып, сынақтан өткізілген. Бүгіндері нысан құрылысына қамтылған жұмысшылардың саны жетпіс адамды құраса, кәсіпорын пайдалануға беріліп, іске қосылғаннан кейін 50 адам жаңадан жұмысқа қабылданады.
Білгеніміздей, аталмыш құрылымның құрылыс бизнесінде жұмыс жасағанына он жылдан асқан. Бір байқағанымыз, осында қолданылатын американдық жабдықтар иілгіштігімен, пайдалануға ыңғайлылығымен ерекшеленеді екен. Сол себепті де кәсіпорын әлеуметтік бағыттағыдан бастап, өндірістік мақсаттағы нысандарға дейін, тіпті көпірдің жекелеген бөлшектеріне дейін салып, тұрғыза алады. Сондай-ақ, қабырғалары салқын тартпайтын, жылылығын сақтайтын дайын жеке үйлерді мейлінше қысқа мезгілде құрастырады. Оның үстіне, өндірістік процестер толығымен автоматтандырылған. Осы мезгілге дейін компания Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы әріптестерімен керекті шикізаттарды жеткізіп беру жөнінде келісім-шарттарды рәсімдеп те қойған.
Компанияның қаржы жөніндегі бас маманы Айнұр Қуанышалиеваның түсіндіруінше, кейіндеу мәселені басқалай да шешу жолдарының барлығы анықталған. Нақтылай түссек, «Бәйтерек» ұлттық бизнес холдингі» акционерлік қоғамы мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұсынған «Өндіріс-2» бағдарламасымен мемлекеттен неғұрлым жеңілдетілген несие (10 жыл мерзімге қарызға берілетін қаражаттың жылдық сыйақы мөлшерлемесі бар болғаны алты пайыз көлемінде) алуға болатындығы ескерілген. Ал, бұған дейінгі банкілердің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12-14 пайыз аралығында тұрақтаған-ды.
Сайып келгенде, компания осылардың соңғысына тоқталған. Өйткені, «Дамудың» ұсынып отырған шарттары әлдеқайда жеңіл, тез, тиімді әрі қолжетімді болып шықты. Мемлекеттік қолдаудың басты артықшылығы мен айырмашылығы да осында болса керек. Қысқаша қайырғанда, жаңағы айтылған «Өндіріс-2» бағдарламасымен несие алуға өтінім биылғы мамыр айында жолданса, тамыздың орта шенінде қарызға алынған қаражат игеріле бастады. Әрине, мұндай мемлекеттік қолдаудың қай саладағы болмасын бизнес субъектілеріне, соның ішінде ісін енді ғана қолға алып, қадамын жаңадан бастаған кәсіп иелеріне де оңтайлы болып табылатыны, оған қоса жауапкершілік пен сұраныстың да жоғары болатындығы даусыз.
Бүгінгі әңгімемізге арқау етіп отырған «Үй құрылысы комбинаты» жобасы да — осы сөзіміздің айқын дәлелі. Келешекте осындай бастамалардың қатары көбейе түсетіні де кәміл. Себебі, «Қазақстанда жасалған» тауарлық белгісімен шығарылатын өнім түрлері көбейген сайын бәсекеге қабілетті бизнес құрылымдарының, яғни қазақстандық мазмұнның да үлес салмағының арта түсері анық.
Мұның бәрі жақында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін ұйымдастырылған кезекті баспасөз-турында егжей-тегжейлі айтылып, түсіндірілді. Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты ортақ ой-пікір, ұсыныстар ортаға тасталынды. Журналистер де өздерін толғандырған сауалдарына нақты жауаптар алды.
Дәулетқали АРУЕВ.