МЫҢ БҰРАЛҒАН БАЛҒЫНДАР

Атырау  бишілері Ресейді  тамсандырды

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында «Золотой феникс» атты халықаралық байқауға қатысқан Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясы оқушылары Атырауға жүлделі оралды.

 

Мұнда хореография бөлі-мінің меңгерушісі, балетмейстер, хореограф Талғат Ғатауовтың шәкірттері – «Қазына» би топтары және жеке орындауда Салтанат Болатқызы өнер көрсетті.

Үлкен «Қазына» би тобы «Дайдидау» биі мен «Бейнелер» композициясын орындап, жүлделі ІІ орынды еншілесе, кіші топ қазақтың ұлттық «Қара жорғасы» мен «Андижанская полька» биін билеп, бас жүлдені жеңіп алды. Ал, «Аққу» мен «Жастар»  билерін мың бұрала билеген 14 жастағы Салтанат Болатқызы І орынды иеленді.

– Қазылар алқасы Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларының профессорларынан құралды. Олар атыраулық бишілердің шеберлігіне тәнті болып, әсіресе, ұлттық өнерді сақтауға көп көңіл бөлінген деп жоғары бағалады, – дейді Талғат Ғатауов.

Айта кетсек, аталған байқауда қазақстандық өнерпаздармен қоса, Украина, Беларусь, Латвия, Молдавия, Ресей және тағы басқа елдерден келген жастар өз бақтарын сынады.

Талғат Ғазизұлының өнер академиясында жас бишілерді тәрбиелеп келгеніне бес жылдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында оның шәкірттері талай халықаралық байқауларда топ жарып, биіктерді бағындырып жүр. Биыл ол құрған «Қазына» би тобының үшінші құрамы оқу орнын бітіргелі жатыр.

– Қазіргі таңда Ұлы Жеңіс-тің 70 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған концерттерге дайындалып жатырмыз. Осы сапарымызда жеткен жетістіктеріміз үшін ағымдағы жылдың маусым айында Сочиде өтетін халықаралық би сайысы конкурсына шақырту алдық. Енді сол байқауға да әзірлік үстіндеміз, – дейді              Т.Ғатауов.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз