Жарнама
Экономика

КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢ, КҮРМЕУЛІ ТҮЙІНДЕР

Соның салдарынан адамдар жан бағу амалымен қаладан ауылға немесе кері көшіп әбігерге түсіп жатыр. Бірқатар елде тұтас елді мекендер қаңырап қалған. Мәселен, әл-ауқаты жөнінен әлемде алғашқы ондық сапындағы Германияда бірнеше елес-қалалар пайда болды. Бүгінде елдің батысы өздеріне шығыстың қосылғанына өкінетін де тәрізді. Өйткені, социалистік лагерь құрамында болған бұрынғы Германия Демократиялық Республикасының экономикасы едәуір кенже қалғандығы енді белгілі болып отыр. Кезінде қол жеткізілді деп есептелген жетістіктер нарық базарында түкке татымай қалды.

Германияның шығысында соңғы ширек ғасыр бойы өндіріс біртіндеп тоқтап, жұмыс орындары қысқарып келеді. Елдің екі бөлігінің қайта біріккеніне ғана мәз болған мемлекет басшылығы оған дер кезінде назар аудармады. Шығыстың жоспарлы экономикасы батыстың даму үрдісіне ілесе алмады. Оның үстіне, күллі Германияда демографиялық ахуал нашарлады, сәбилердің дүниеге келуі тежелді. Соның салдарынан жастар саны азайды. Бұл өз кезегінде тұрғын үй құрылысына кері әсерін тигізді. Өйткені, келешектің қалалары кім үшін салынады? Инфрақұрылымдар несіне тартылады? Себебі, оларды тұтынатын адамдар жоқ. Кейбір қалалардағы өмір атамекенді тастап кетуден бас тартқан қарттар есебінен ғана жалғасуда.

Мәселен, Саксониядағы Вайсвассер соңғы жиырма жылда жастар қаласынан қарттар мекеніне айналды. Бұрын мұнда жұмыс іздеп өзге өңірлерден адамдар ағылатын. Енді байырғы тұрғындардың өздері жаппай көшіп жатыр. Туған қаласын қанша қимағанымен, солай істеуге мәжбүр. Таяу келешекте қаланың қалған тұрғындарының таза қайыршыларға айналатын түрі бар. Сонау 1998 жылдан бері мұнда жұмыссыздар саны үш есеге артып, бүгінде еңбекке жарамды халықтың 44 пайызын құрайды. Ахуал күрт түзелмесе, оның ар жағында тек құрдымға кетер жол жатыр.

Саксонияның тағы бір қаласы Хойерсвердтің де беделі жұрдай болды. Сонау социализм кезінде ол тау-кен өнеркәсібінің орталығы еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мұнда жүздеген пәтерлі ондаған үй тұрғызылып, сексенінші жылдары халық саны 71200 тұрғынға жеткен. Ал, қазір ше? Еңбекке жарамды адамдардың дені батысқа бет бұрған. Бүгінде қала халқы екі есе азайған. Көшу легі жалғасуда. Мұндай жағдай Германияның шығысындағы тағы бірнеше елді мекенге тән. Тұрғындары тастап кеткен кейбір пәтерлер мүлдем бос қалған. Осындай иесіздіктің салдарынан оларды бұзуға да тура келеді.

Германия сонау жылдары әлемнің әр елінде жүрген неміс ұлты өкілдерін өзіне шақырып, оларға жұмақ орнатуға уәде берген-ді. Жасыратыны жоқ, Қазақстаннан да бірнеше отбасы қоныс аударды. Атыраудан көшіп кеткен кейбір бұрынғы көршілеріміз кейін хабарласқанымызда барғандарына біраз уақыт өтсе де, әлі тұрақты қызметтері жоқтығын айтатын. Қазір елдің байырғы тұрғындары жұмыс таба алмай жатқанда, сырттан келгендерге қайдан болсын?.

Испания – ежелден туристерді өзіне тартатын ел. Әсем жағажай мен сәулет ескерткіштері әлемге аян. Сонымен қыруар пайда тауып отыр. Әйтсе де, қазіргі күйі кісі қызығарлық емес. Мұндағы елді мекендерде де иесіз қалған үйлер жеткілікті. Бітпеген құрылыс та көп. Кімге керек енді оны тұрғызып, егер адамдар басқа жаққа жаппай көшіп жатса? Мұндай мекендер көбіне ірі қалалардың іргесінде немесе демалыс орындарының айналасында кездеседі. Испандықтар оларды «елес қалалар» деп атай бастаған.

Сондай иесіз кенттердің бірі – Вальделус. Ел астанасы Мадридтен жүрдек пойызбен жарты-ақ сағат жерде. О баста мұнда 30 мың тұрғынға есептелген 9,5 мың үй салу жоспарланған-ды. Соның 1,5 мыңы ғана қатарға қосылды. Одан әрі құрылыс жүргізудің қажеті болмады. Себебі, елді мекенде ешкім қалатын емес, бәрі жаппай көшіп жатыр. Баспанасын азды-көпті қаржыға өткізе алмай жүр. Бұдан төрт жыл бұрын 240 мың евроға сатып алынған үш бөлмелі пәтердің бүгін жарты құны да жоқ. Кімге керек ол, егер басқалары да қоныс аударып жатса? Барлығы 1,7 мың шәкіртке шақталған мектепте небәрі 300 оқушы дәріс алуда. Екі мың көлікке есептелген автотұрақтың да, еңселі сауда үйінің де құрылысы тоқтаған.

Әсіресе, ипотекалық әдіспен пәтер алғандар тығырыққа тірелді. Кезінде арзан несиеге қызыққандар енді сан соғып отыр. Оның үстіне, қазір еңбекке жарамды әрбір бес испандықтың біреуі жұмыссыз. Кезінде ипотекамен 300 мың евроға алынған үйлердің бағасы бүгінде екі мыңнан аспайды. Халық бұл бағытта ел үкіметінің жүргізген саясатының қателігін айтады.

Қызықты жай, бірақ, шындық – Францияда қалалықтар ауылға асығуда. Оларды ірі өндіріс ошақтарының у-шуы шаршатыпты. Пәтер жалдау құны қымбаттығы, көшелердегі көлік тығыны жұртшылықтың жүйкесін жұқартқан. Әйтсе де, бұлар барып қоныстана қоятын ірі қалалардың төңірегінде елді мекендер де қалмаған. Сақталған саяжайлардың қожалары өзгелерді маңына да жолатпайды. Сондықтан, қалалықтарға жан тыныштығын іздеп алыс ауылдарға аттануға тура келеді. Ауыл өмірі, әрине, оларға көңілсіз. Мұнда шіркеу мен поштадан және бастауыш мектептен өзге қоғамдық орындар да жоқ. Әйтсе де, қалаға қарағанда өмір сүру арзанға түседі.

Дәл осындай ахуал Бельгияда да байқалады. Мұнда да тұтас мекендер бос қалуда. Алдымен, жеті ғасырлық тарихы бар Доэль қаласының бұзылатын түрі бар. Мұндағы жұмысшылардың бәрі дерлік өз мекенін тастап кеткен. Олардың бос қалған үйлеріне елдің әр түкпірінен келген суретшілер жайғасып, табиғат көріністерін қағазға түсіруде.

Ал, Болгарияда халық ауылдан қалаға ағылуда. Жалақы іздеп көрші мемлекеттерге кетіп жатқандар да бар. Қазір ешкім тұрмайтын елді мекендер саны екі жүзден асты. Бұларда жартылай құлаған ғимараттар ғана қалған. Сонау жылы сапар сәтімен осы елде болғанбыз. Еуропаның орталық өңірінде орналасқан мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі мол еді. Қайда барсаң да, белуардан келетін көк шөп. Қысы жылы, жазы да жайлы. Әттең, енді бұл саламен шұғылданатын селода адам да қалмады.

Жалпы, ел үкіметінің сонау 1946 жылдан бері ауылдықтарды қалаға шақыруы қате болды. Рас, ірі өндіріс ошақтарына жұмыс күші керек еді. Дегенмен, диханды жерден, шопанды малдан айыру жақсы нәтиже бермеді. Кейін, яғни 1990 жылдан соң жер иелері ауылға оралғанымен, бұрынғыдай қарқынды жұмыс жасай алмады. Оның үстіне, қаланың қарбаласына үйреніп кеткендердің ауылға оралуға зауқы да болмады. Соның салдарынан елдің солтүстік-батысындағы кейбір селода бірнеше адам ғана тұрады. Мұнда дүкендер де жоқ, автобус та қатынамайды. Азық-түлік аптасына бір-ақ рет жеткізіледі.

…Міне, Еуропаның бірқатар елінде қалыптасып отырған жағдай осындай. Кезінде дамудың шырқау шыңына ұмтылған маңғаз мемлекеттер тығырыққа тірелді. Олардың экономикасы тоқырауға ұшырағаны соншалық, әлеуметтік салаға жұмсалатын шығынды да қысқартуға мәжбүр болуда. Еуроодаққа мүше мемлекеттердің арасына сызат түсті. Олардың кейбір мүшелері үстіміздегі жылдан бастап жұмысын бастаған Еуразиялық экономикалық одаққа назар аудара бастаған. Көбі әлемдік дағдарысқа дайын еместігін көрсетті. Экономикалық одақтастары Испанияға да, Финляндияға да, Люксембург пен Мальтаға да ішкі бюджетін қайта қарауды ұсынды. Яғни, қысқарту қажеттігін айтуда. Германияның сыртқы сауда айналымы сынға ұшырады. Сөз арасында айта кетсек, АҚШ экономикасы да соққыға тап болды. Өйткені, әлем біртіндеп долларға тәуелділіктен құтыла бастады. Өз елінде ұлттық валютаның ғана айналымда болуын құптаушылар көбейді. Әрі, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы қазіргі қарқынмен өсе берсе, онда 2017 жылы доллар жүйесі мүлдем қирайтындығы айтылуда. Демек, дүниежүзілік экономикада күрт өзгеріс орын алмақ.

Осындай әлемдегі алмағайып шақта Қазақстанда қолға алынған «Нұрлы жол» бағдарламасы сыртқы соққыға лайықты тойтарыс бермек. Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезінде де, Мемлекет пен Үкімет басшыларының кездесуінде де ел дамуының жаңа жолы айқындалды. Ел сенімі еселене түсті. Халықтың келешекке деген үкілі үміті артты.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button