ҚҰБЫРДЫ КЕҢЕЙТУ ЖОБАСЫ
— Жалпы, осы консорциумның қысқаша тарихы туралы бір ауыз сөз айта кетсеңіз.
— Осымен 10 жылдан астам уақыт бойы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) құбырының құрыш желісі Батыс Қазақстанның мұнай кен орындарын Қара теңіз арқылы әлемдік өткізу нарықтарымен жалғап отыр. Ол Каспий жағалауы бойымен Атырау облысының жазықтары арқылы өтіп, Астрахан облысында Еділді қиып, Қалмақ елі мен Ставрополье өлкесінің даласынан өте келе, Кубань егістіктері мен Кавказ тауларының жоталары арқылы Краснодар өлкесіндегі Қара теңіз жағалауына шығады. Бір қызығы, КҚК мұнай құбырының бағдары Ұлы Жібек жолының бір тарамына сай болып келеді. Ғасырлар бойы бұл жол адамзат тарихында елеулі рөл атқарып, көптеген елдер мен аймақтардың экономикасын дамытуға, білім алмасуға, әртүрлі халықтардың мәдениетін өзара байытуға көмектесті. Сонымен қатар, Каспийден Қара теңізге дейін созылған қазіргі мұнай жолының экономикалық және геосаяси маңызы зор. Ұжым бір жарым мыңнан астам штаттық қызметкерлер мен әлемнің әр елінен тартылған мамандарды және мердігер ұйымдардағы он мыңдаған қызметкерді бір мақсатқа біріктіріп отыр. КҚК өзінің қызмет еткен жылдарында құбыр орналасқан аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты.
— Ұжым мүшелері жергілікті тұрғындармен жұмыста қандай қағидатты ұстанады?
— Консорциум өзінің іскерлік беделін жоғары бағалап, шаруашылық қызметінің барлық салаларында жоғары халықаралық сапа стандарттарын сақтауға тырысады. Серіктестері мен КҚК құбыры өтетін аумақтағы жұрт оның жұмысын жоғары бағалауы үшін барлық күш-жігерін жұмсайды.
Екіншіден, консорциум өз қызметкерлерінің құқықтарын құрметтеп, оларға лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, КҚК үшін мердігерлермен және жеткізушілермен өзара тиімді сындарлы қарым-қатынас орнату басым бағыт болып табылады.
Үшіншіден, КҚК акционерлері қабылдайтын инвестицияларға байланысты шешімдер әдетте экономикалық ғана емес, елеулі шамада әлеуметтік мәселелер мен экологиялық қауіпсіздік туралы да ой-пікірлерді ескереді.
— Құбырды кеңейтуге қандай қажеттіліктер болды?
— Соңғы жылдары мұнай өндіру қарқыны артуына байланысты КҚК мұнай құбыр жүйесінің өткізу қабілетін ұлғайту қажеттілігі туындады. Сол себепті, Консорциум акционерлері мұнай айдау және жөнелту қуаттылығын бірнеше фаза бойынша біркелкі арттыруды қамтамасыз ететін КҚК Кеңейту жобасын жүзеге асыру туралы шешім қабылдады. Мұндағы бір өзгешелік – бұл жүйені жаңғырту қолданыстағы құбырды пайдалану бойынша негізгі қызмет жұмыстары тоқтатусыз жүргізілді, яғни, мұнайды тасымалдау және жөнелту жұмыстарына ешқандай кедергі болмады.
Бірінші кезең бойынша қолданыстағы бес мұнай айдау станциясын (МАС) жаңғырту, Атырау облысы аумағындағы құбырдың 88 км ауыстыру, сонымен қатар Теңіз терминалында су үстіне шығарылған мұнай құятын қондырғы мен сыйымдылығы 100 мың текше метрлік үш резервуардың құрылысы қарастырылған.
Диаметрі 1000 мм құбырды салу бойынша жұмыстар ресми түрде 2011 жылғы 1 шілдеде басталды. Қазіргі таңда бұл жұмыстар толықтай аяқталды. Құбырдың 116 километрінен 204 километріне дейінгі салынған учаскесі Жылыой, Мақат, Махамбет аудандары мен Атырау қаласының іргелес аумағынан өтеді. Жаңадан салынған құбырдың жалпы ұзындығы, әкімшілік аудандарын ескере отырғанда 88 шақырымды құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстары (ҚМЖ) ҚР қолданылатын заң және нормативтік-техникалық актілеріне және КҚК процедуралары мен халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілді.
— Құбырды салу кезінде елді мекендерге зиян немесе қауіп туғызатын жағдайлар ескерілді ме?
— Құбырдың осы учаскесі жүйені ұзақ мерзім ішінде апатсыз пайдалануды қамтамасыз ететін құбырлардан құрастырылған. Жаңғырту кезінде орнатылған, қазіргі таңда КҚК-да қолданылатын Бақылау және мониторинг жүйесі (СКАДА) мамандарға онлайн-режимде мұнайды құю және тасымалдау үрдісін және объектілердің жай-күйін бақылап тұруға мүмкіндік береді.
Жайық өзенін кесіп өтуде прогрессивтік әдістердің бірі – көлденең бағытталған бұрғылау әдісі (КББ) қолданылды, ол ұзындығы 920 метр құбырды өзен түбінің деңгейінен төмен орнатуға және осы су бассейнінің экожүйесіне деген әсерді толықтай жоюға мүмкіндік берді.
Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқтала келе құрастырылған құбырлар үш сатылы сынақтардан өткізілді, осы сынақ нәтижелері бойынша оң қорытындылар берілді. Бұдан соң профиль өлшеуіш снарядпен, ультрадыбыстық және магнитті дефектоскоппен құбырішілік диагностикалық тексеру жүргізілді. Құбырішілік диагностика (ҚІД) жұмыстарын «Везерфорд – құбыр өткізу сервисі» мамандандырылған ресейлік ұйымы жүргізді. Содан кейін салынған мұнай құбырының учаскесі, барлық ілеспе құрылыстарымен және жабдығымен кешенді байқап көруден өтті. Кешенді байқап көру сәтті өткізілгеннен кейін магистральды құбырдың салынған 88 километрлік учаскесі мемлекеттік қабылдау комиссиясымен пайдалануға қабылданды.
ТМД аумағында шетелдік капитал қатысуымен көмірсутекті шикізатты тасымалдау саласындағы аса ірі инвестициялық жобалардың бірін – КҚК Кеңейту жобасын іске асыруда Каспий құбыр консорциумы оған қатысушылардың барлығының ең алдыңғы қатардағы жетістіктерін шоғырландырып біріктірді. Сондықтан, бұл жоба техникалық жағынан ең жетілген және экологиялық тұрғыдан ең қауіпсіз болып табылады.
Бұдан басқа Консорциум өз объектілеріндегі еңбек қауіпсіздігіне аса маңызды мән береді. Бұл оның өзінің қызметкерлеріне ғана емес, мердігерлік ұйымдардың өкілдеріне де қатысты. Әр жерде енгізілген «Оқиғасыз және жарақатсыз» мәдениетінің ережелері бүгінде ұжымдық менталитеттің бір бөлігі болып табылады. Қызметкерлер құрылыс алаңдарындағы қауіпсіз жұмысты қамтамасыз ететін ережелер мен нормалардың қатаң түрде сақталуын өздері бақылап тұрады. Осы орайда кез келген қызметкер, егер оның ойынша жұмыс қауіпсіздік нормаларын бұзумен жүргізіліп, адамдардың денсаулығына қауіп төндірсе, жұмысты тоқтата алады және осылай жасауға міндетті де болады.
— Құбырларды кеңейту жұмыстарына кімдер қатысты?
— Кеңейту жобасы құрылысына Бас жобалаушы «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ болды. Жобаны басқару бойынша мердігер«Қазақстан Пайплайн Венчурс» ЖШС, «Шеврон Мұнайгаз Инк» компаниясы, Бас мердігер «ҚазҚұрылысСервис» МГҚК АҚ, «ЕвроСтрой» ЖШС, сонымен қатар, ондаған қосалқы мердігерлік ұйымдар тартылды.
— Әңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұрлан ҚАБЫЛОВ.