Көпке үлгі кәсіпкер Атырауда тұрады (+ФОТО)

190819175415994e Жаңалықтар

Atr.kz/21 тамыз, 2019 жыл. Ауыл тұрғындары кәсіппен айналысатын болса мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктер баршылық. Осындай қолдауға ие болып отырғандардың бірі атыраулық кәсіпкер Әлия Исимова.

Ол мүгедек арбасында отырып-ақ, халыққа қызмет көрсетіп, балалар үйіне қайырымдылық жасап жүрген ерекше адам. Геолог елдімекенінде тұратын кәсіпкер Әлия Исимованың жасы 54-те, екі баланың анасы, тоғыз немеренің әжесі. Өзі І-топтағы мүгедек болса да, жігері мұқалмаған. Алғашында үйінде отырып 3-4 тігін машинасын сатып алып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуді бастап кеткен. Тапсырыс көбейе бастаған соң Әлия үлкен шеберхана ашуды жоспарлапты.

Алдымен «Даму» қоры мен екінші деңгейлі банктерге барады. Алайда, олардың несие рәсімдеу талабы ұнамай, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына барып көреді.

1908191753501881f

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры біраз жеңілдік қарастырады екен. Мұнда тіпті кәсібіңді тұрақты табыс көзіне айналдырып алғанша 18 айға дейін жеңілдік мерзімі барын, келесі жылы қосып өтеуге болатын жеңілдіктер бар екенін түсіндірді. Бизнесті қалай бастаймын деп сенімсіздікпен келген азаматтарға бұл үлкен қолдау. Тағы бір ерекшелігі кепілдікке алатын мүлік ауылдық жерде болса да шектеу қойылмайтындығы қызықтырды. Біз үшін несиенің 6 пайыздық мөлшерлемемен берілетінінің өзі үлкен жеңілдік болды»,-дейді кәсіпкер.

Осылайша, Әлия мамандармен кеңесіп, 2016 жылы Геолог ауылында тігін шеберханасын салу үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға 6 млн теңге несие алып, құрылысты бастап кетеді. Құрылыс біткен соң 2017 жылы тағы 3 млн теңге несие рәсімдеген. Ол қаржыға шеберхана ішіне құрал жабдықтар мен тігін машиналарын сатып алып, жұмысын толық іске қосқан. Сөйтіп, кәсіпкер жаңа шеберханада сұранысқа сай барлық тапсырыстарды қабылдай бастайды.

«2018 жылы кәсібімді кеңейтіп, заманауи үлгіге сай тіге алатын машиналар сатып алу үшін тағы 5 млн теңге рәсімдедім. Бұл несие маған «Кәсіпкер» бағдарамасы арқылы 4 жылға берілді. Бүгінде көбіне балалардың киімдерін тігіп, жергілікті нарыққа өткізіп отырмыз. Сұраныстың арқасында несиені жабуға табысымыз жеткілікті. Бұған қоса жұмыссыз 10 әйелді тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Бұл үкіметтің ауыл кәсіпкерлеріне жасаған қолдауының нәтижесі», – дейді Әлия Исимова.

Қазір мектеп, балабақшадан тапсырыстар түсіп жатқан қарбалас кезең. Әлия алдағы уақытта 300 шаршы метр тігін шеберханасын тағы 140 шаршы метрге кеңейтуді жоспарлап отыр. Жалпы Атырау облысында биыл 1 тамызға дейінгі есеп бойынша 187 кәсіпкер 1 млрд 148 млн теңгенің несиесін алған. Оның 80 пайызы кәсібін жаңадан ашқандар.

1908191753501880f

Айта кету керек, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ауылда іске асырылатын кәсіптің барлық түріне төмен пайызбен несие береді. Несиелендіру мерзімі – 5 жылға, ауыл шаруашылығына 6,5 жылға дейін. Кәсіп бастағандарға жеңілдік мерзімі қарастырылған. Кепілдікке ауылдық жерлердегі мүлкін де қоюға болады.

Бір сөзбен айтқанда, несие алудың шарттары жеңіл, талаптары қиын емес. Ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына мемлекеттен барынша қолдау көрсетіледі, тек еңбек ету керек.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз