Жарнама
Экономика

Инвестиция тартуда алдамыз!

«Шетелдік инвесторлардың сауда-саттықта тәжірибесі мол. Олар Қазақстанға миллиардтаған доллардың тауарын әкеліп, сұранысты қамтамасыз етуде. Алайда, елімізге келгендер өндірісті өркендетуді, жаңа жұмыс орындарын ашуды ойлай бермейді. Осы себептен біздің министрлік жаңа заң жобасын жасақтауды қолға алуда. Бұл шекара асып келген компанияларға жұмысты жаңаша жүргізуге, салық түсімін ұлғайтуға мүмкіндік береді» деді Атырауға келген Инвестиция және даму вице-министрі Арыстан Қабекенов. Елбасы Жолдауын насихаттаушы республикалық топ мүшесі облыстық әкімшілікте кәсіпорын, мекеме басшыларымен кездесіп, еліміз бойынша жасалып жатқан жұмыстарды баяндады.

Инвестиция

Үш жылдан бері Қазақстанда индустрияландырудың екінші бесжылдығы жүзеге асып жатыр. 2019 жылы өңдеу өнеркәсібі экспортының құндық көлемі өсімін 19, еңбек өнімділігінің өсімін 22 пайызға өсіру, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 4,5 трлн. теңгеге жеткізу мақсаты қойылған. Осынау ауқымды бағдарлама аясында Атырауда да жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Республикалық топ мүшелері өңірдің мұнай-газ өндіруден өзге, жиһаз бұйымдарын шығару, химия өнеркәсібін өркендетуге мүмкіндігі барына тоқталды. Атырау облысы инвестиция тартуда да республикада – ең алдыңғы орында.

– Еліміздің инвестициялық саясаты инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Осының нәтижесінде өткен жылы 20,8 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіне салынған қаражаттың еселеп артқанын атап айтуға болады. Бүгінде жалпы құны 59 млрд. долларды құрайтын 658 инвестициялық жобадан тұратын негізгі тізім жасақталды. Ол 2020 жылға дейін жүзеге асуы тиіс, — деді Инвестиция және даму вице-министрі Арыстан Қабекенов.

Президент Жолдауында халықты баспанамен қамтуға ерекше маңыз берілген. Атырауда «7-20-25» бағдарламасы бойынша қырыққа жуық адам пәтер алып үлгерді. Биыл өңірде 44 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы жылдың аяғына дейін 34 тұрғын жай қолданысқа беріледі. Қазір тоғыз қабатты тағы 70 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.

– Шетелдік инвесторлардың Атырау облысына ерекше қызығушылық танытатыны байқалады. Мәселен, польшалық кәсіпкерлердің көмегімен облыста 9 балабақшаның құрылысы басталғалы отыр. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғаса береді, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов.

Алайда, түйінді мәселе де бар. Мысалы, Қазақстанда қантқа деген сұраныстың аз бөлігін ғана өзіміз қамтамасыз етеді екенбіз. Қалғаны сырттан тасымалданады. Тоқыма бұйымдары, өзге де қажеттіліктер туралы да осыны айтуға болады. «Сұранысты өзіміздің қамтуымызға барлық мүмкіндік бар. Кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетілуде.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын одан әрі жалғастыру, қосымша қаражат бөлу қолға алынуда. Сондықтан, іскер адамдардың бастамалары мен ұсыныстарын қолдауға, шетелдік инвесторлармен ынтымақтаса қызмет етуге ұйытқы болуға қашан да дайынбыз», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов.

Азамат Базарбаев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button