
Инвестиция — даму кепілі
Президент Жолдауында айтылған инвестициялық саясатты қайта қарау, әсіресе, оны тиімді үйлестіру мәселесі уақыт талабы. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір инвестиция тарту кезек күттірмейтін, стратегиялық маңызы зор міндет.
Мемлекет тек ірі инвесторларға ғана емес, орта және шағын деңгейдегі инвесторлармен де жүйелі әрі тығыз жұмыс жүргізуі қажет. Бұл аймақтық экономиканың нақты секторларын дамыту үшін өте маңызды. Инвестициялардың қай салаға, қандай көлемде қажет екені, оның тиімділігі мен қайтарымы жоспарлы әрі нақты айқындалуға тиіс.
Сонымен қатар, «Инвестицияға тапсырыс» тетігі өндіріс пен бизнестің нақты сұранысына сай құрылуы керек. Яғни, инвестиция формальді емес, нақты нәтиже беретін құралға айналуы тиіс.
Президенттің Үкіметке бұл саладағы үйлестіру жұмыстарын Премьер-министр деңгейіне көтеру туралы тапсырмасы мәселені түбегейлі шешудің жолы деп білемін. Бұл шешім, бір жағынан, жауапкершілікті күшейтсе, екінші жағынан, орталық пен аймақ арасындағы инвестициялық саясаттың жүйелі болуына септігін тигізеді.
Шынында да, елімізде «инвестиция» сөзі мемлекеттік құрылым атауларында кездеспейді. Символикалық көрінгенімен, шын мәнінде инвестициялық саясаттың назардан тыс қалып келгенін көрсетеді. Осы олқылықты жою қазіргі кезеңде аса маңызды.
Біз, мәслихат депутаттары, өңірлердегі нақты жағдайды жақсы білеміз. Сондықтан, жергілікті деңгейде де инвестиция тартудың жаңа тәсілдерін ұсынып, әкімдіктермен бірлесе отырып, нақты жобалар әзірлеуге дайынбыз.
Бауыржан ӘЖІҒАЛИЕВ,
Атырау қалалық мәслихатының депутаты