Салыққа селқос қарауға болмайды

444 Экономика

Қазына қаражатының негізгі көзі – салықтық түсімдер екені белгілі. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керектігін атап айтты. Өйткені, бұл шара өңірдегі кәсіпкерліктің өркендеуіне оң септігін тигізбек. Ол бастама әр облыстың дамуына айрықша әсер етері сөзсіз.

Жалпы, әр өңірлерден түскен табыс салығын өзінде қалдыру жүйесі қолданысқа енгізілген. Қазірде ол тиімділігін көрсетіп отыр. Ендігі мақсат–оны жетілдіріп, салықтық түсімдердің дер кезінде аударылуын қамтамасыз ету. Салық кодексіне сәйкес, салық төлеу уақыты аяқталғаннан кейін мерзімі өткен әр күн үшін өсімппұл есептеледі. Ал, салық төлеу үшін мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ. «е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын орнатып, салық бойынша қарыз көлемін біліп, онлайн төлеу жеткілікті. Сондай-ақ, қазақстандықтар екінші деңгейлі банктердің қосымшаларын пайдалана алады.

Өткен жылдың соңында атыраулықтардың мемлекет алдындағы қарызы 414 млн. теңгеге жеткен. Соның ішінде, 282 млн. теңгесі көлік салығы болса, 128 млн. мүліктен, 4 млн. теңгесі жер салығынан болып отыр. Тұрғындарға төлемін төлеуге қолайлы болуы үшін жер мен мүлік салығы біріктірілген. Қайтакен күнде де, жұртшылық бұл қаражат облыс бюджетіне «құйылатынын» ескеру қажет. Мемлекет басшысы атап өткендей, жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Сондықтан, салық саясатына үлкен жауапкершілікпен қараған жөн.

Рысты САБИРОВА,

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

экономика және құқық факультеті экономика кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз