ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫ
Бұған дейін мұнайлы өлкеде бірнеше рет іссапарда болған Михаил Бочарниковпен бірлесіп атқарған жемісті жұмыс аз емес. Жалпы, Қазақстанда жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері болса, Атырау өңірінде 17 этномәдени орталық бар. «Түр-сипатымыз бен дініміздің әртүрлілігіне қарамастан біз қазақстандықпыз. Өзге ұлт өкілдері мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүр. Неміс, болгар этномәдени орталықтарының өкілдері мәслихаттарға депутат болып сайланып, саяси салада нәтижелі еңбек етіп келеді», — деді Ғұмар Дүйсембаев.
Мұнайлы өлкеге осымен сегізінші рет келіп отырған Михаил Бочарников алғы сөзін Қазақстанның қарқынды дамуынан бастады. Оның айтуынша, жуық арада келісім-шартқа қол қойылғаннан кейін екі елдің байланысы одан да нығая түспек. Әлемдегі экономикалық тенденцияларды атап өткен елші интеграцияның екінші буынының да тиімділігі көп екендігіне тоқталды. Әрине, осыдан бірнеше жыл бұрын интеграцияға алғашқы қадам жасаған кезде сенімнен гөрі, күдік басымырақ болды. Алайда, Кедендік Одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылған соң тауар айналымы айтарлықтай жақсарғанын кәсіпкерлер сезінді. Демек, Еуразиялық экономикалық одақтың да елге тигізер пайдасы мол болары сөзсіз. «Биыл күзде Атырауда форум өтеді. Мұнай өндіру саласына арналған шарада инновациялық технологиялар туралы айтылады. Экономика қарқын алу үшін мұндай қадамдарға барғанымыз абзал», – деген ол аймақтағы этномәдени орталық өкілдерінің толғандырған сауалдарына жауап қайтарды.
Кеңес Одағы кезіндегі саясатты әлі ұмыта қоймаған «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі Сейтамин Акаев құрамына үш ел енетін одақтың дамуымызға қандай үлес қосатындығы жөнінде сұрады.
Михаил Бочарников интеграцияның екінші толқынына әзірлік барысында осындай сауалдар көптеп туындағанын жасырмады. Тіпті, «Кеңес Одағы қайта құрылып жатыр» дегендер де табылған. «Әсте, олай емес. Жаңа ұйым экономикаға тың серпін береді. Ал, оған мүше елдер тең құқылы болады», – деді елші.
Заман талабына сай мұндай одақтың қажеттілігін атап өткен Болгар этномәдени орталығының мүшесі көші-қон мәселесі мен екі елдің азаматтығын алу, шекарадан өту жайын сұрады. М.Бочарников бұл бағытта өзгеріс күтілмейтінін айтты.
Осы орталықтан Юрий Кустадинчев интеграция аясында бірыңғай валюта енгізу туралы әңгіменің растығын сұрады. Елші бұған әлі елдер дайын еместігін айтып, этномәдени орталық мүшелерінің өзге де сауалдарына жауап берді.
Айбөпе САБЫРОВА.