ИНФЛЯЦИЯНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ ТЕТІКТЕРІ ол қалай жүзеге асады?
— Қозыбақ Әбуұлы, Елбасы биылғы Жолдауында бірқатар мәселелердің жүзеге асыру жолдарын анықтап берді ғой…
— Дұрыс айтасыз. Маңызды құжат елімізді дамыған отыздықтың қатарына енудегі ұзақ мерзімді басымдықтарды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жолдарын белгілеп берді. Оны білім, ғылым, экономика, технология, бизнес, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар жоспары десе де болады.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық Банкке биылғы жылдың 1 мамырына дейін орта мерзімді келешекте инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендету шараларын алу және Қаржы секторының 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасын жасау бойынша тапсырмалар жүктеді.
— Әрине, облыста банк филиалы болғандықтан, құзыреті де соған сәйкес екендігі белгілі. Дегенмен, саланың кәсіби маманы ретінде инфляцияға ықпалы қандай болатынына тоқталып өтсеңіз…
— Жалпы экономикалық теорияда инфляция факторлары монетарлық және монетарлық емес болып бөлінеді. ҚР Ұлттық Банкі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ақша-кредит саясатын жүзеге асыруды өз қызметінің басым бағыты деп айқындайды. Сондықтан қаражат нарығындағы ахуалға және инфляцияның деңгейіне байланысты монетарлық шараларды атқарады.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша былтыр инфляция жылдық 4,8% құрады (2012 жылы – 6,0%). Өткен жылы инфляцияның қалыптасуы ақылы қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы аясында болды, оның бағасы осы кезеңде 8,0%-ға өсті. Азық-түлік тауарлары 3,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 3,3%-ға қымбаттады.
— Инфляцияның тұрақтылығына ықпал етуші факторлар қандай?
— Оған көтеріңкі ықпал етуі мүмкін негізгі монетарлық емес факторлар нақты экономикадағы өндірістің оң қарқынының сақталуы, халықтың ақшалай кірістерінің тұрақты өсуі, жұмыссыздықтың төмендеуі болып табылады. Сонымен қатар, жекелеген тауар және қызмет көрсету рыногындағы сақталып отырған бәсекелестіктің төмен деңгейі инфляциялық процестердің қалыптасуына теріс ықпал етуі мүмкін.
Биыл монетарлық факторлардың инфляцияға ықпалы бір деңгейде сақталады деп күтілуде. Ұлттық Банк елдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жалғастырады. Жалпы, Қазақстанның тұтынушылық нарығындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін бірлесіп шешу Үкімет пен Ұлттық Банкке тапсырылған.
Бұған дейін де Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамытудың негізгі бағыттарын айқындау мақсатында Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп дайындаған ҚР қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасы қабылданған болатын. Демек, осы мақсаттағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл өз кезегінде ел экономикасының бұдан әрі дамуының қозғаушы күштерінің бірі болып қала беретініне сенім мол.