Газ бағасында өсім бар
Биылғы шілде айының 1-інен бастап елімізде сұйытылған мұнай газының (автогаз) бағасы орташа есеппен алғанда 12 пайызға өсті. Сонымен бірге тауарлы табиғи газдың (метан) құны да қымбаттады. Соның ішінде тұтынушылардың жекелеген санаттарына (ірі коммерциялық кәсіпорындар мен майнерлер үшін) тауарлы газдың бағасы 50 пайызға немесе 1,5 есеге бір-ақ көтерілді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде Қазақстандағы газдың көтерме саудадағы бағасының нарқы (шамамен бір мың текше метріне 20 640 теңге) бүкіл әлем бойынша ең төменгі болып саналады. Мәселен, көршілес Ресейде көтерме саудадағы газдың бағасы 35 000 теңге/мың м3 болып бекітілген. Алайда, Қазақстанның жекелеген аймақтарында (Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстарында) бағаны тұрақтандырудың салдарынан тауарлы газдың өзіндік құны белгіленген шектен 150–200%-ға дейін асып кеткен. Мұның өзі жыл сайын отандық өнім әлеуетінің төмендеуіне әкелуде.
Сарапшы-мамандардың пікірінше, салыстырмалы түрде алғанда мұндай арзан бағалар газ шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Сол себепті жер қойнауын пайдаланушылар саланың пайдасынан гөрі зияны көп екенін ескере отырып, газ кеніштерін игеруге мүдделі емес немесе қызығушылық танытпайды. Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ресми ақпараттарға қарағанда, таяу жылдары газды тұтыну көлемі күрт көтерілуі ықтимал. Нақтылай түссек, бұл көрсеткіш 2023 жылы 18,5млрд. м3-ді құраса, 2023 жылы 32,1 млрд. м3-ге дейін көбейеді. Мұндай өзгерістің өзі өнеркәсіпте, мұнай-химия саласында ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуымен, сондай-ақ, өңірлерді газдандыру жұмыстарының белсенділігімен байланысты болмақ. Алайда, ресурстардың белгілі бір мөлшерде шектелуінен жаңадан қатарға қосылған тұтынушылардың қажетін қанағаттандыру үшін газды Ресейдан алуға тура келеді.
Дәулетқали АРУЕВ