Ескі зауыттың екінші тынысы ашылады

aikozx7p Экономика

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі балық шаруашылығы өндірісіне ерекше көңіл бөлген болатын. Өйткені, бұл – осы аймақтың экономикасында маңызды роль атқаратын сала. Саланы одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау қажеттігі, 2025 жылға дейін облыста балық өсіретін және қара уылдырық өндіретін сегіз кәсіпорын ашу жоспарланғаны да айтылған еді сонда.

Президент тапсырмасының қалай орындалып жатқанын облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлынан білген едік.

– Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары. Мемлекет қарамағында бекіре балығын өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген. Зауыттарды заман талабына сай қайта жаңғырту керек. Сондай-ақ, шабақ өсіретін жоғары технологиялы жаңа зауыттар салу үшін инвестиция тарту да аса маңызды. Мемлекет басшысының меңзегені де осы еді, – деді ол.

Оның айтуынша, күрмеуі қиын күрделі мәселенің бірі – Жайық және Қиғаш өзендері суының тартылуы. Қазір қос өзеннің сағасындағы судың тереңдігі – небәрі 30-40 сантиметрді құрайды. Бұл жағдай бекіренің уылдырық шашуына кедергі келтіруде. Сондықтан қазіргі уақытта осы өзендердің сағасын тереңдету жұмыстарын жеделдету  қажеттілігі туындап отыр. Бұдан басқа, балық шаруашылығымен шұғылданатын кооперативтердің техникасын жаңарту қажет.               

Шын мәнінде, дайын өнім экспортын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Бұған облыстағы балық кәсіпорындарының шамасы да жетеді. Тек олардың жұмысын халықаралық сапа стандартына сәйкестендіру міндеті тұр. Осы тұста өзіміздегі кейбір жағдайларды ескере отырып, өңделмеген «су маржанын» шетелге шығаруға шектеу қою мүмкіндіктерін қарастыру да күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірінен саналады. 

Басқарма басшысының сөзінше, облыстағы бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін кәсіпорындардың қатарын көбейту міндеті тұр. 2025 жылға дейін осындай тағы 8 кәсіпорын ашу жоспарланған. Мұндай заманауи шаруашылықтарды дамыту үшін өңірде соған қолайлы және оңтайлы инвестициялық ахуалды  қалыптастырудың маңыздылығы ерекше.

Біріншіден, осы салаға қажетті мамандарды даярлап, жұмысқа тарту, біліктілігін көтеріп, қызығушылығын  арттыруға бағыт ұстау қажет. Өзге де жас мамандарды бұл салаға тұрақтандыру мен жұмылдыру, сөйтіп олардың тәжірибесі мен әлеуетін балық өндірісін өркендетуге пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру керек. Үкімет пен салалық министрлік, жергілікті атқарушы билік орындары қолдау-көмегін үнемі көрсетіп отыруы тиіс. Сонда ғана Президент тапсырмаларының мүлтіксіз орындалуына мүмкіндіктің те молая түсері даусыз.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз