Жарнама
Экономика

ЕСКІ КЕНІШТЕРДІҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ

1.  Уаз – интеллектуалды кен орны

Осы орайда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының Бас директоры Құрманғазы Есқазиевтің айтуынша,осындайәдіс нәтижесінде кен орындарындағы барлық өндірістік процесті орталықтан басқаруға мүмкіндік туды. Яғни, кеніштердегі қай ұңғыманың қанша өнім беріп тұрғаны, қайсысында нендей ақау байқалғаны кеңседе отырған мамандардың көз алдынан өтеді. Қажет болса, өндіріс басындағы оператордың араласуынсыз-ақ өнім өндіруді орталықтан тоқтатып, себебін тиісті орындарға жедел хабарлауға мүмкіндік бар. Әрине, кеніштегі жұмысшының да рөлі жеңілдемейді. Ол да арнайы жабдықпен жарақтандырылады. Осы орайда, қарапайым операторлардың тың тәсілді қабылдауы қалай? Жаңа аспаптармен жұмыс жасай ала ма? Тұсаукесер барысында «Самұрық-Қазына» Әл-ауқат қоры» АҚ-ның Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев осындай сауал жолдаған.

Сөйтсек, Қайнар мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Серік Әбдиевтің айтуынша, жұмысшылар жағымды жаңалықты жылы қабылдапты. Арнайы курстан өткен соң тың тәсілді меңгеріп те алған. Қазір бәрі де қолдарындағы құралдың тілін жақсы біледі.

Оның алдымен Уаз кен орнында орнатылуының да өзіндік себебі бар. Бұл – алдымен, өзгелермен салыстырғанда қатарға кешірек, яғни, 2012 жылы қосылған жас кеніш. Демек, қайтарымы дамол. Сонымен қатар, мұндағы ұңғымалардың 27 пайызы өнім береді, сулануы да басқаларымен бағамдағанда азырақ. Оның үстіне, ұңғымалар бір-біріне жақын, тығыз орналасқан. Яғни, оларды қадағалау жеңілдеу. Сондай-ақ, өндірістік қоры шағын, небәрі 35 ұңғыма. Оның дені механикаландырылған. Жерүсті және пайдаланудағы жабдықтардың техникалық жағдайы да қанағаттанарлық. Әрі, кеніште әр жылы жаңартылып тұратын геологиялық-гидродинамикалық модель құрылған. Ақырында, мұнда өндірілетін өнім бойынша бөлек есеп жүргізілді. Міне, осындай артықшылықтары нәтижесінде республика бойынша «Интеллектуалды кен орны» жобасы осында бірінші рет жүзеге асырылды.

Ал, одан қандай оң нәтиже күтуге болады? Біріншіден, Уаз кенішінде қосымша өнім өндіру үш пайызға артады. Екіншіден, жерасты жабдықтарын тиімді пайдалану нәтижесінде жөнделетін ұңғымалардың санын азайтуға қол жеткізіледі. Үшіншіден, кідіріске ұшыраған ұңғымаларды дер кезінде тіркеу арқылы қалпына келтіру шараларын 15-20 пайыз шапшаңдатады. Төртіншіден, электр қуатын 30-40 пайызға үнемдеуге мүмкіндік туады. Бесіншіден, жұмысты жүйелі жүргізу жаңа жабдықтарды сатып алуға жұмсалатын бюджет қаражатын 20-25 пайызға қысқартады.

Жалпы, «интеллектуалды кен орны» дегеніміз не? Ол – жұмыс жасап тұрған кенішті оңтайлы пайдалану үшін орталықтағы басқару пультіне ұңғымадан тіке ақпарат беретін инновациялық технология. Республикада оны бұған дейін ТШО компаниясы қолданып келген. Алайда, «ембілік» мұнайшылардың олардан айырмашылығы – жаңа әдіспен тек бір кеніш қана емес, бірнеше кен орнының қамтылуы. Осы орайда «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы қорындағы кеніштер негізінен ескі болғандықтан, тың тәсілдің тиімділігі қандай болар екен? Қанша дегенмен, біраз қаражат жұмсалды. Енді қайтарым да қажет қой. Сөйтсек, мұндай қондырғылар барлық кеніштерге қондырылмайды екен. Салыстырмалы түрде көбірек өнім беретін он шақты кен орны ғана таңдалып алынады. Әйтсе де, бұл отандық мұнайшылар арасында қолға алынған алғашқы жоба болғандықтан, келешекте жалғасын табары да кәміл.

ЖЕМІСТІ ЖОБА

Өндірістік процесті орталықтан басқаруға бағытталған жаңа жобаның Уаз кенішінен бастау алғанын қуана құптадық. Еш жатырқағанымыз жоқ, керісінше, тезірек меңгеруге ұмтылдық.

Аталмыш кен орнында ұңғымалар бір-біріне жақын орналасқан. Әрі, бұл кеніш – өзгелерімен салыстырғанда жас. Демек, өндірісті ұтымды ұйымдастырып, геологиялық-технологиялық шараларды дер кезінде жүзеге асырса, әлі де мол қайтарым береді. Енді интеллектуалды ұңғымалар көмегімен бұрынғыдан да толымды табыстарға қол жеткіземіз.

Серік ӘБДИЕВ,

Қайнар мұнай-газ өндіру

басқармасының бастығы.

 

ҚОРШАҒАН ОРТА ҚАЛЫПТЫ

Тың технология экологиялық талаптарды бұрынғыдан да қатаң сақтауға жағдай туғызды. Қоршаған ортаның тазалығы одан әрі жақсара түсті.

Уаз кен орнында зиянды қалдықтарды ауаға шамадан тыс шығару, төңіректі залалды заттармен ластау байқалмайды. Кеніште ілеспе газ жағылмайды, оны өзіміздегі май қыздыру пештеріне пайдаланамыз. Бұрын өндірілген өнім көлікпен тасымалданса, енді құбырмен жөнелтіледі.  Жалпы, бізде экологиялық жұмыстар бойынша тұрақты мониторинг жүргізіледі, қоршаған ортаның қалыптылығы сақталады.

Гүлшат САМАЛЫҚОВА,

                                             қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы.

 

ЖЕДЕЛДІЛІК ЖЕТІСТІГІ

Қазір кен орнындағы 32 ұңғымаға интеллектуалды басқару стансалары орнатылды.

 Соған сәйкес кеніштегі ұңғымалардың жұмысын қадағалап, диагностика жасау үшін қондырылған «Квантор-5» бағдарламасы технологтар мен геологтарға өндірістік процесті қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. Мұнайдың алынуынан бастап, оның тазалануы, пеште қыздырылуы, ақырында Солтүстік Жолдыбай бағытына құбырмен айдалуына дейін көз алдымыздан өтеді. Бұл, сайып келгенде, өнім өндірудегі жеделдікті қамтамасыз етеді.

Асқар ОРАЗАЛИН,   өндірістік-техникалық бөлім маманы.

БӘРІ ДЕ ТЕХНИКА ТІЛІНЕ БАҒЫНАДЫ

Уаз кен орнында мұнай негізінен Юра қабатынан алынады. Бұл шамамен 600 метр тереңдікте. Аса көп болмағанымен, оның да өзіндік сыры бар.

Интеллектуалды жоба бойынша мұнай өндіру көлемін реттеуге мол мүмкіндік туғызылды. Орталық басқару тетігінен өнімді көбейтуге немесе азайтуға команда беріледі. Егер оның құрамында су тиісті деңгейден асып кетсе, ол да автоматты түрде басқа желіге қосылады. Тіпті, оператордың қолдап жұмыс жасауына еш қажеттілік жоқ. Мұнай өндіру процесі қалыпты жүре береді. Бәрі де техника тіліне бағындырылған.

Енді бұрынғыдай оператор май қыздыру пешін де қолмен жақпайды. Ол да автоматты түрде жүзеге асырылады. Демек, адамның да, өндірістің де қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Ең бастысы – осы жұмыстардың бәрін басқару орталығында отырып, монитордан көріп отырғанымыз. Міне, тың технология бізге сонысымен қымбат. Отандық мұнайшылар арасында оған бірінші болып біздің қол жеткізуіміз – көрсетіліп отырған үлкен сенім. Демек, сол межеден шығуымыз керек. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшылығы қазіргі дүниежүзілік дағдарыс кезінде ішкі мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, мамандардың соны технологияларды меңгеруіне мүмкіндік беруі – байырғы кеніштерден де мол өнім алуға бағытталған батыл қадам.

Ерболат ҚАСЫҚБАЕВ,

                                                              геолог.

 2.     Әр маманнан – мол қайтарым Атырауға сапары барысында «Самұрық-Қазына» Әл ауқат қоры» және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамдары Басқарма төрағалары Өмірзақ Шөкеев пен Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның Бас директоры Құрманғазы Есқазиев журналистер үшін баспасөз конференциясын өткізді. Аймақтық БАҚ өкілдері оларға өзекті сауалдар жолдау мүмкіндігіне ие болды.

 

— Алдымен сапар мақсатын білсек.

Ө.ШӨКЕЕВ: Елбасымыз дүниежүзілік дағдарыстың алдын алу мақсатында қажетті шараларды дер кезінде алды. Соның нәтижесінде қазір нақты межелер белгіленіп, сол бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Міне, бір жыл жарымдай уақыт болды, елімізде трансформациялау бағдарламасы қолға алынды. Ол 2014 жылғы қазанда Мемлекет басшысының қатысуымен нақтыланған. Соған сәйкес көптеген дайындық жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, трансформациялаудың мағынасы – турасын айтқанда, өндірісті бүгінгі талаптарға сай тиімді ұйымдастыру. Аз шығынмен көп пайда әкелетін инновациялық жобалардыжүзеге асыру.Бұлбағытта«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорында да кейбір шаралар белгіленді. Әсіресе, оңтайландыру бағытына көбірек назар аударылуда.

Расын айтқанда, дүниежүзілік бағамда «қара алтын» құнының күрт түсіп кетуі көмірсутегі шикізатын өндіруші мемлекеттерге біраз қиындық әкелді. Бұрын әр баррелі 100 доллар тұратын мұнай қазір отыздан саудалануда. Одан да арзандап кетуі ықтимал. Бірақ, алдын алу шаралары нәтижесінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры да, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы да өткен жылды табысты аяқтады. Сөйтіп, 520 млрд. теңге операциялық шығындарды үнемдеуге қол жеткізілді. Барлығы 300 млрд. теңге шамасында таза табысқа ие болдық. Қазіргі аумалы-төкпелі уақытта бұл аз табыс емес.

Соның ішінде, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы үлкен шаруа тындырғанын айтқым келеді. Отандық мұнайшылардың шетелдік банкілер алдындағы борышы жеті миллиард долларға азайды. Әл-ауқат қоры бойынша алты мың кеңсе қызметкері қысқаруы қажет. Әрине, бұл жерде зейнет жасындағы адамдарды құрметті демалысқа жіберу, ішкі ұйымдастыру шараларын жүзеге асыру, т.б. әдістер қолданылмақшы.

Ал, бүгінгі сапар мақсаты – қолға алынған трансформация өндірісте қалай жүргізіліп жатқандығын байқау. «Ембімұнайгаз» АҚ басшылары іске асырған жұмыстарын баяндады. Жоғары деңгейдегі тың технология қатарға қосылған екен. Ең бастысы – ембілік мұнайшылардың басшыларының да, қатардағы қызметкерлерінің де жаңалықты жатсынбай қабылдауы. Кен орындарын орталықтан басқару арқылы өнім өндіру көлемін арттырып, барлық өндірістік процесті қадағалап отыруға болады. Енді бұл тың технология басқа кеніштерге де орнатылады.

— Қазір Тайсойған полигонының көп бөлігі елімізге қайтарылды. Демек, мұнда бұрғылау жұмыстарын өрістетуге мүмкіндік бар. Жалпы, Ембінің көне кеніштері одан әрі зерттеле ме?

Қ.ЕСҚАЗИЕВ:  Алдымызда жан-жақты зерттелуі тиіс бес блок бар. Прорва жақта Көкмай деген алаңды қазамыз. Қазір мұнда бұрғылау жұмыстарын жүргізуге құжаттар дайындалуда. Жайық, Сарайшық, Забурын, Кенбай кеніштерінде барлау шараларын жүзеге асырамыз.

Жалпы, аймақтағы бұрғылау жұмыстары үш сатыда жүргізілді. Алдымен, тұзүсті құрылымдары зерттелді. Үш мың метрлік тереңдікпен шектелдік. Содан кейін тұзасты қабатына бұрғы бойлаттық. Сөйтіп, 5000 метрлік тереңдікті қаза бастадық. Сайып келгенде, 1979 жылы Теңіз кеніші солай өмірге келді. Жаңажол, Қарашығанақ тәрізді кен орындары табылды. Енді үшінші кезеңге аяқ бастық. Демек, 5000-9000 метр аралығы зерттелмек. Осы тереңдікте мол мұнай барлығы белгілі болып отыр. Еліміздің көмірсутегі шикізаты қоры осылай толығады.

Жалпы, геологиялық барлау екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі, өнім беріп тұрған кеніштерді одан әрі зерттеу болса, екіншісі – жаңа кен орындарын табу. Мәселен, Қаратон-Сарықамыс блогы бойынша Теңіз төңірегін қазу жоспарланған. Өзен кен орнының маңы да назарда. Прорва тұсында үлкен шаралар жүзеге асырылады. Өнім беріп тұрған Алтыкөл мен Ақінгенде қосымша зерттеу жүргізіліп, бірнеше миллион тонна қор таптық. Қазір мұндағы ұңғымалар сынақтан өтуде. Қысқасы, байырғы кеніштердің мүмкіндігін сарқа пайдаланбақпыз.

Әрине, жаңа алаңдарға ерекше назар аударылады. Өйткені, мұнай қоры сарқылып келеді. Мәселен, Ембінің өнімі 10-15 жылдан соң таусылады. Сонда не істейміз? Бәрін жабамыз ба? Сондықтан, геологиялық іздестіру шаралары қарқынды жүргізіледі. Басшылық мұны жақсы түсініп отыр. Бізге жүктелетін басты талап – жұмсалған қаржының тиімді қайтарымы.

— Еуразия жобасын жүзеге асыру қандай деңгейде?

С.МЫҢБАЕВ:Бұл – өте күрделі жоба. Оның бастапқы тереңдігі 15 мың метр делінген-ді. Мұндай тереңдік Қазақстанда бұрын-соңды қазылған жоқ. Ол өте көп қаражатты қажет етеді. Отандық мұнайшылардың оған шамасы келмейді. Сондықтан, жұмсалатын қаржыны бөлісетін инвестор керек. Мұны о баста-ақ ойластырғанбыз. Түбі әлемдік трансұлттық компаниялардың жәрдеміне жүгінетімізді білгенбіз. Әрі сенімді, әрі тиімді технологияны тартуға тура келеді. Қазір дүние жүзіндегі ахуал белгілі. Сондықтан, бұл жобаны қолға алуды сәл кейінге қалдырып тұрмыз. Одан бас тартпаймыз, қызығушылық бар. Бірақ, уақытпен де санасу керек. Қазір жобаға қатысуға ықтимал компаниялар онымен жан-жақты танысуда.

— Әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуі жалғасуда. Осы орайда отандық мұнайшылар сапында қысқартулар жүре ме?

С.МЫҢБАЕВ:Әрине, қазір әр теңге санаулы, оны бәріміз де түсінеміз. Отандық мұнайшылар аздан да, көптен де үнемдеуді былтыр бастап кетті. Операциялық шығындарды 12 пайызға кеміттік. «Қара алтын» құнының әр баррелінің 30 доллардан түсіп кететінін болжағанбыз. Биыл да үнемді еңбек етеміз. Мұнай бағасы арзандағанымен, өткен жылы оны өндіру көлемі артты. Одан түскен табыс қызметкерлерді сақтап қалуға мүмкіндік берді. Рас, әзірге қосымша адам алмаймыз, оған уақытша мораторий жарияланды. Үлкен кісілерді зейнеткерлікке жіберіп жатырмыз, іште ұйымдастыру шаралары жүруде. Ешкімнің де әл-ауқатының нашарлауына жол берілмейді.

— Атырау мұнай өңдеу зауытын жекешелендіруге қатардағы акционер қатыса ала ма?

С.МЫҢБАЕВ: Зауыттықалай жекешелендіру жөнінде нақты шешім әлі алынған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, бұл кәсіпорын – республикадағы салалас өндіріс ошақтарының ішіндегі ең көнесі. Оны толық жарақтандыру жеңілге түскен жоқ. Қазір хош иісті көмірсутегі шикізатын алу жобалары мәреге жетті. Биыл шикі мұнайды тереңдетіп өңдеу аяқталмақ. Әрине, соның бәрінің нәтижесінде мұнай-химия кешеніне керекті материалдар даярланады, өзімізді сапалы жанармаймен қамтамасыз етуге қол жеткізіледі. Бірақ, қайталап айтамын, өте қомақты қаражат жұмсалды. Қазір кәсіпорынның үш миллиард доллар қарызы бар. Сол өтелуі тиіс. Өндіріс одан әрі жұмысын жалғастыру үшін қыруар қаржы қажет. Келетін инвестор соның бәріне дайын болуы шарт. Мұны жекешелендіру шарасына қатысуға тілек білдірген жеке акция ұстаушылар көтере ала ма? Дегенмен, қайткенде де, кәсіпорынның негізгі үлесі отандық компанияда қалғаны абзал. Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігі үшін де керек.

— Бензин бағасы жөнінде қандай болжам айтуға болады?

С.МЫҢБАЕВ:Бензин бағасын болжау мүмкін емес. Оны мен де айта алмаймын. Жалпы, жанармайға қатысты баға құрылымын жан-жақты қарау қажет. Алдымен, шекара ашық. Мұндай жағдайда бір бағаны ұстап тұру мүмкін емес. Мәселен, Ресейде көлік құны арзандағанда қазақстандықтар жаппай сатып алды ғой. Ешкім тыйым салған жоқ. Қазір де бір мемлекеттің жанармайын екінші елдің көліктері еркін тұтына алады. Сонда арзан бензинімізді сырттан келгендер текке пайдаланып кетпей ме?

Одан әрі, теңгенің рубль мен долларға қатысты бағамы ескеріледі. Оның үстіне, біз бензиннің бір бөлігін Ресейден алып отырмыз. Дегенмен, мен жанармай бағасы қазіргі деңгейде сақталар деп үміттенемін.

— Дағдарысты жағдай кезінде жұмыс жасау керектігі жөнінде көбірек айтылып жатыр. Соны кеңірек түсіндіріп бермейсіздер ме?

Қ.ЕСҚАЗИЕВ:Айтып көрейін. Біз бұрын мұнайдың әр баррелінің бағасы 100 доллар болғанда өмір сүрдік. Бәрі жететін еді, қаржымыз мол болатын. Сыйақы берілді, дивиденттер төленді. Қазір жағдай күрт өзгерді. «қара алтын» құны құлдырады. Енді адамдар жаңа ахуалда тың мүмкіндіктер іздеуде. Жаппай ізденуге кірісті. Өндірісті тиімді пайдалануды ойластыра бастады. Соңғы уақытта «Ембімұнайгаз» мекемесі қызметкерлерінің қаншалықты өзгергенін байқадық. Олардың ішкі мүмкіндіктері ашылды. Бұған дейін ойларында жүрген идеяларын іске асыратын мезгіл жеткендігін түсінді. Міне, кейде дағдарыстың да адамның бойындағы күш-жігерді жанитын пайдасы бар. Елбасы айтқанындай, бізге ешкім сырттан келіп, көмек қолын созбайды. Барлық қиындықты да өз күшімізбен ғана еңсеруіміз керек.

Ө.ШӨКЕЕВ:  Мен де осы пікірді қолдаймын. Жақында Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде сөйлеген сөзінде қазіргі дағдарыстың ұзаққа созылу қаупі барлығын айтқан. Демек, оған дайын болуымыз керек. Ішкі мүмкіндіктерімізді сыртқа шығаруымыз қажет. Шынын айтқанда, ембілік мұнайшылар тың технологияны тез үйреніп кетеді деп ойлаған жоқ едім. Қанша дегенмен, көне кеніштер, қайтарымның аздығы да бар. Бірақ, байырғы мұнайшылардың бүгінгі ұрпақтары заман талабына сай қызметін жандандырды. Елуден асып, алпысты алқымдаған өндіріс жетекшілерінің өздері жас жігіттер тәрізді қазіргі заманғы технологияны меңгеріп алған. Шетелдік мамандардан да еш кем емес. Демек, сырттан келгендерге текке қызығатын түгі жоқ. Олар да біз секілді адамдар.

Жалпы, трансформация дегеніміз не? Ол – әр компанияда әркімнің ортақ табысқа өзіндік үлес қосуына жағдай туғызу. Кімнің кім екені сонда ғана белгілі болады. Әр инженер өз орнында отырып, өндіріске инновациялық жоба ұсынса, пайда түсірсе, жақсы емес пе? Міне, біздің бүгінгі сапарымыздың түйіні де осы.

 

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы 2015 жылы 12,4 млн. тонна «қара алтын» өндірді.

Компания мұнай өндіру көлемі жөнінен республикада алғашқы үштікке кіреді.

Ембі және Өзен мұнайшылары тұтынушыға

8 млн. 305 мың тонна өнім жөнелтті. Оның 4 млн. 647 мың тоннасы экспортқа шығарылды.  

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button