ТЕХНОПАРКТІҢ ҚАЙДА ОРНАЛАСҚАНЫ ЖӨН?

Арнайы экономикалық аймақ. Осынау ұғым қолданысқа енгеннен бері өнім өндірушілердің екінші тынысы ашылғандай болды. Өйткені, оның құрамына кіргендерге мемлекет тарапынан біраз жеңілдіктер ұсынылады. Соның аясында облыста «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы жасақталмақшы. Жоба орта және шағын кәсіп иелеріне өзіміздің шикізаттан шаруашылық-тұрмыстық өнім жасауға мүмкіндік береді. Алайда, технопарктің қаладан бой көтеруін облыс басшылығы да, эколог-мамандар да қолдамайтын көрінеді. Жақында жоба әзірлеуші «Инжиниринг» ЖШС өткізген қоғамдық тыңдауда Атырау облыстық табиғат ресурстарын пайдалану және реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ Бисембиев осылай деп мәлімдеді.

«Арнайы экономикалық аймақтың» Атырау облысындағы уәкілетті өкілі Арман Қайырденовтің айтуынша, оның тиімділігі туралы жұртшылық әлі жетік түсіне бермейді. Жалпы арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорындарға қай-қай жағынан да жеңілдіктер беріледі екен. Кедендік және салықтық преференциялардың өзі кәсіпкерлерге айтарлықтай көмек болмақ. Жалпы, елімізде онға тарта «Арнайы экономикалық аймақ» бар, әрқайсысының ауқымы мен міндеті айқын. Ол сингапурлік «Джуронг» компаниясының ұсынысымен жасақталған.
Мұндай аймақтың тағы бір ерекшелігі, ондағы кәсіпорындарға ҚР заңына сай инфрақұрылым тегін тартылады. Мұнайлы өлкеде арнайы экономикалық аймақ Қарабатан аумағында Атырау-Ақтөбе тасжолы бойында орналасқан. Ауданы 3475,9 гектар болатын аумақтың 285 гектарын Атырау мұнай өңдеу зауыты және тағы да басқа маңызды нысандар алып жатыр. Коммуникациялар желісі 1831,5 гектарды құрайды.
«Баршамызға белгілі, мұнай-химия өндірісіне коммуникация ауадай қажет. Негізі, арнайы экономикалық аймақтың 31 қатысушысы бар», – деген А.Қайырденов солардың ішінде ең ірісі полипропилен өндіретін «КРІ» ЖШС екендігін айтты. Бұдан басқа, полиэтилен шығаратын «KLPE» ЖШС, полимерлік өнім өндіретін «Полимер Продакшн», синтетикалық каучук әзірлейтін «Бутадиен» ЖШС-тері де бар. Олар шекті өнім шығармағанымен, тұрмыстық-шаруашылыққа шикізат көзі бола алады.
Зауыттар құрылысы басталғаннан-ақ жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылып, халық еңбекпен қамтылады. Мәселен, «Полимер Продакшн» ЖШС келесі жылы іске қосылады. Оған базалық шикізат полиэтилен мен полипропиленнен алынады. Алайда, өзіміздің жергілікті зауыттар әлі ашылмағандықтан шикізатты шетелден әкелмекші екен. Айта кетерлігі, Арнайы экономикалық аймаққа енуге ынта білдіргендердің техникалық негіздемесі мен қаржылық жағдайы талапқа сай болуы тиіс. Ендеше, кәсіпорындардан өндірілетін өнімді шағын және орта бизнес иелерінің кәдесіне жарату жолдары қандай?
Бұл ретте Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, «Ұлттық индустриалды мұнай-химиялық технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылмақшы. Атырау қаласынан жалпы ауданы 285 гектар болатын жобаға тапсырыс беруші – ҚР Мұнай және газ министрлігі. Жасақтаушы компания «ОХК Инжиниринг» ЖШС-нің жоба инженері Сабина Әбдіғаливаның сөзіне қарағанда, технопарк толықтай іске қосылғанда шағын және орта кәсіпкерлікке жергілікті тұрғындар арасында екі мыңға тарта жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Яғни, бизнес паркі арнайы экономикалық аймақтағы зауыттардан шыққан шикізаттан тұрба, пакет, бөтелке, бахила секілді тұрмысқа қажетті өнім дайындалатын болады.
Мамандардың пікірінше, жоба іске асырылса, мұнайлы өлкенің шағын және орта бизнесінің дамуы, шикізатты кешенді пайдалану, импорттың орнын басатын өнім жасап шығару, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуы күтіледі. Сондай-ақ облыс орталығында мамандандырылған кадрлар даярлауға арналған тренинг орталығын салу жоспарланып отырған көрінеді. Тарқата айтсақ, арнайы экономикалық аймақтағы Қарабатан зауытының шикізатының негізінде полимерлі өнімді соңғы өңдеуден тұратын шағын және орта бизнес кәсіпорындарына арналған өнеркәсіптік және бизнес паркін құру қарастырылған.
Әрине, мұндай бастама облыс экономикасына оң әсерін тигізбек. Алайда, онсыз да қалада шоғырланған зауыттардан будақтай шыққан түтіннің зардабын көрген жұртшылық бизнес-паркті қолдай қояр ма екен? Жобаның эколог-инженері Анна Сабирбаева қоршаған ортаға тигізетін әсерін алдын ала бағалау жұмыстарын жүргізген сәттен хабарлама жасаған еді.
– Жоспарланатын қызметтің аумағындағы экологиялық зерттеулер нәтижелері бойынша, ауа бассейнінің ластануына АМӨЗ бен жылу электр стансасының жақын орналасуы септігін тигізетіні анықталды. Осыған байланысты жоба зиянды қалдықтардың көздері болып табылмайтын нысандарды (полимерлі өндірістер, бизнес орталықтары және т.б.) орналастыруды қарастырады, – дей келе, ауа кеңістігін қорғау шаралары жөнінде кеңінен түсінік берді.
Алайда, қоғамдық тыңдауға қатысқан қоғамдық ұйымдардың мүшелері мұнымен толық келіспейтіндіктерін жеткізді. Енді бірі «бизнес паркінің қалада емес, шикізат көзі дайындалатын Қарабатан аумағынан ашылғаны жөн» деген пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, бағалау жұмыстары тек бір күндік зерттеу жұмыстарымен жүргізілетінін сынға алды. Консультациялық кеңестен соң жоба туралы экология саласының жілігін шағып, майын ішкен белгілі маман Муфтах Диаров жазбаша ұсынысын жолдапты. Онда да технопарктің қаладан орын тебуі көңілге қонымсыз екендігін, мұнай-химия жобалары «Болашақ» зауытының маңында болғанын қалайтындығын жеткізген.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз