Экономика

ЕМБІ МҰНАЙЫМЕН ЕСЕЙГЕН…

 

Бірінші қазық

Жоғары техникалық білім алған ол 1972 жылы қызмет бабымен жас маман ретінде Қазақстанға бағытталады. Сөйтіп, өзімен бірге он жас маман сол кездегі «Южное управление» деп аталған қазіргі «ҚазТрансОйл» мекемесінің жұмыс аймағына табан тірейді.

— Ол кездегі тәртіп бойынша жоғары оқу орнын тәмамдаған түлекке үш жыл жұмыс жасау міндеттелді. Мен де сол үрдіспен жолдама алып, Оңтүстік магистральды құбырлар басқармасына қарасты Құлсары мұнай айдау стансасына келдім. Мен сонда небары 18 жаста едім. Дене тұрқым кішкентай, бойым аласа болатұғын. Ең алғаш жұмысқа қабылдаған – станса басшысы марқұм Орынғали Мекебаев. Ол заманда қонақ үй деген атымен жоқ. Ал, бұл жерде ешкімді танымаймын, Татарстаннан да бір жерлесім болмады. Енді қайтпек керек? Қайда түнеп, қалай күн көрмекпін? Бірақ, жергілікті тұрғындар қолы ашық, жүрегі жомарт, жаны ізгі халық екендіктерін көрсетіп, төрлерінен ойып орын берді. Басқармадағы аға маман Сәтжан Айтжанов деген кісі үлкен азаматтық жасап, мені жеті баласымен бірге өз үйіне жатқызды. Сөйтіп, оны кейін «көке»деп атадым, ал жұбайы Ақкенже апа анамдай боп кетті. Мен негізінен техник-электромеханик мамандығы бойынша білім алған едім. Бірақ, жұмысқа слесарь болып орналасып, 1985 жылға дейін уақытпен санаспай еңбек еттім, — дейді Рашида Абдуллақызы. 

Мамандыққа адалдық

1973 жылы Рашиданың әкесі кенеттен ауырып, дүние салады. Сол жылы қызмет барысында жүріп, болашақ жары Бисенбай Жақсылықовты жолықтырады. Ол да мұнайшы, яғни, бұрғылаушы болатын. Көп ұзамай екі жас көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. Ата-ана атанып, үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіреді.

Ал, 1985 жылы жұмысшылардың еңбегін қорғау инженері болып жаңа қызметке тағайындалады. Өндіріс барысын қауіпсіздік техникасымен қамтамасыз етіп, 1988 жылға дейін осы салаға бар күшін сарқа жұмсайды. Бұл кезде Құлсары мұнай айдау стансасы мұнай құбырлары басқармасы болып қайта құрылады. Содан, жаңа құрылымда кадр бөлімін басқаратын білікті маманға сұраныс түседі. Өндірісте сыннан сүрінбей өтіп, мол тәжірибе жинаған маман кім? Әрине, ол – ерен еңбегімен, темірдей тәртібімен, ерекше төзімділігімен көзге түскен Рашида еді. Сөйтіп, ол биылғы ақпан айына дейін үздіксіз кадр бөліміне жетекшілік етеді. Ал, жұмысқа алғаш рет қабылданғанына тура қырық екі жыл, алты ай, үш күн толғанда құрметті еңбек демалысына шығады. 

Алғашқы мұнайшылар

Сол кезде Рашидаға мейірімін төгіп, жылы қабақ танытқан басқарма басшылары – марқұм Орынғали Мекебаев, Қадырбай Ерғалиев, Мақсат Наров, Сәрсенбай Ахметтер бүгінде арамызда жоқ. Бірақ, ен даладағы ізгілік іздері сайрап жатыр. Бүгінде еңбек демалысына шыққан Асылбек Бешимов, Александр Байтковтар бір кездегі білікті басшылар, алақаны ашық ағалар еді ғой.

Ал, Рашидамен қырық екі жыл бойы қызметтес болған Несібелі Ізбасарованың орны тіптен бөлек. Ол машинист, диспетчер болып табан аудармастан еңбек етті. Ақ адал еңбегімен абырой жиып, алғысқа бөленді.

— Бұрын жас мамандарды жұмысқа жібергенде арнайы жұмыс орны мен жалақысын тап-тұйнақтай қып дайындап қоятын. Ал, қазір тәжірибесіз ешкімді де қызметке алмайды. Бүгінгінің жастарына обал-ақ. Менің бір түсінбейтін нәрсем, еш жерде жұмыс таба алмай, тауы шағылған жастар тәжірибені қайдан жинамақ?

Мен де алғашында түк білмедім. Өйткені, анадан ешкім білімді, білікті болып тумайды. Есесіне, еңбек ұжымына қабылданған алғашқы сәтте бәрін үйреніп алуға тура келді. Әріптес аға-апаларымыз дұрыс бағыт-бағдар беріп, бағалы ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырды. Ешқайсысы еңбегін қызғанбады, жұмыс бәрімізге де жететін. Осының өзі аяғыма нық тұрып кетуіме едәуір септігін тигізді, — дейді байырғы мұнайшы. 

Жұмыс жеңілдеді…

Ардагердің айтуына қарағанда, қазіргі мұнайшылардың бейнеті бұрынғы кезбен салыстыруға мүлде келмейді. Олай деуге себеп те жоқ емес. Яғни, бүгін бет-аузы қара майға боялып, мұнайды жалаң қолмен өндіріп жатқан ешкім жоқ. Қара алтынды өңдеу технологиясы да тұтастай автоматтандырылған жүйеге көшті. Жұмыстың «ең қиын-ау» деген тұстары таза автоматикаға құрылған.

Бұл жөнінде Рашида Жақсылықова: «Бұрын жұмыстың біраз бөлігі қол күшімен жасалатын. Ал, мен арпа ішіндегі бір бидай едім. Айтайын дегенім, кіл азаматтардың ортасында жалғыз азаматша болдым. Коммунист екенімді мақтан тұтып, антқа адалдық таныттым. Жанұя жайы мен жеке шаруамды сылтауратып, жұмысымды кейінге ысырмадым. Керісінше, өндіріс ісіндегі жауапкершіліктің ауыр жүгін мойныммен көтеріп, жоспарды артығымен орындауға тырыстым. Қит етсе жұмыстан сұранып, жеке басымдағы мәселелерді қызметіме араластырып көрген емеспін. Қандай жағдай болмасын, мұнайшылар әулетінің берік ұстанымдары бойынша әрекет еттім», — дейді. 

Керуен ғұмыр

Рашида орыс тілінде өте сауатты болғанын айтады. Сол себепті де, өндіріс барысындағы барлық іс қағаздарымен тікелей өзі айналысты. Сайлау науқаны секілді барлық саяси маңызды қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. Осындай ерен еңбегіне сай жергілікті және республикалық басшылық тарапынан иеленген Құрмет грамотасы, Алғыс хаттары мен мерекелік медальдары бар. 

Уақыт шіркінді кім тоқтата алған дейсің! Сол кездегі қыздың қара шашына қазір ақ түсті, бірақ, абыройына дақ түспеді. Белі бүгілді, бірақ, ертеңге деген сенімі сөгілмеді. Бүгінде тұяғын басқан тай, үмітін үкілеген ұрпақ бар. Рашиданың тұңғыш перзенті Жайнагүл медучилищеде білім алып, қазір жеке салада қызмет етуде. Екінші қызы Жаннат Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде маркетинг мамандығын меңгеріп шыққан. Ұлы Абай мұнай-газ кен орындарын жабдықтау саласында еңбек етеді. Бір қызығы, ардагер мұнайшының күйеу балалары да – мұнай өндіру саласын кәсіп еткен жандар. Демек, түгел бір шаңырақ мұнайшылар әулетін жалғап келе жатыр.

Иә, керуен ғұмыр алға жылжып, өшпес естеліктер артта қалады. Байырғы мұнайшыларды қазір жас буын алмастырды. Бұрынғы қол күшімен атқарылатын жұмыстарды заманауи құрал-жабдықтар біраз жеңілдетуде. «… Жүз жылда қазан жаңа» деген осы шығар, сірә!..

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ,

Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button