Жарнама
Экономика

Елде болса, ерінге тиер еді

Жасыратыны жоқ, өткен ғасырдың басына дейін тек айдын төсінен «су маржанын» сүзіп жүрген Атырау жұрты ХХ ғасырдың орта шенінен бастап, «қара алтын» сатуды кәсіп қыла бастады. Үшінші мыңжылдыққа жуық шикі мұнай мұхит асып, өзге мемлекеттерге экспортталғанмен, одан шығатын өнімдерді өзіміз шетелден сатып алуға мәжбүрміз.

Жасыратын не бар, күнделікті тұрмысқа қажетті құралдар, қарапайым көйлек-көншегіміздің құрамындағы химиялық талшықтар елімізде өндірілетін мұнай мен газдан бөлінеді. Ал біз әлі сыртқа жалтақтап, көршілердің экономикасына тәуелдіміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге биылғы Жолдауында айрықша тоқталды. Өндіріспен қатар, өңдеу өнеркәсібін дамытуды да алдыңғы кезекке қойды. Ал, қойнауы құтқа толы Атырау өңірінде мұнай-газ химия саласын өркендетуге не кедергі? Іргедегі арнайы экономикалық аймақ құрамындағы өндіріс ошағынан шыққан тауардан неге жаңа өнім шығаруға құлшыныс жоқ?

img 2304 1
Screenshot

Полипропиленнің 15 маркасы бар

Әрине, мұнайды өңдеу біз үшін таңсық емес. Кеңес өкіметі тұсында облыста атағы жер жарған химия зауыты жұмыс істеп тұрды. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты өнімдерінің отандық нарықта айшықты орны бар. Өндірісті өңірге қаржы құйған инвесторлар оның жемісін де көріп үлгерді. Алып жобалар арқылы мұнайлы өлкені әлемдегі алпауыт компаниялар таныды. Бүгінде Атырау өндірістік өлкеге айналды.

Десек те, азық-түліктен бастап күнделікті тұтынатын тауарлар бізге сырттан тасымалданатын болғандықтан, шетелдің экономикасына тәуелдіміз. Ілеспе газ факелдерге жағылып, шикі мұнай ғана экспортталды. Сөйтіп, мұнай-газ химиясын дамыту кейінгі кезекке қалды. Алайда, сең қозғалып, соңғы жылдары бұл салаға да ден қойылған. Арнайы экономикалық аймақта алғашқы интеграцияланған газ-химия кешені бой көтерді.

Қазір өңірде тұтынушы сұранысына сай полипропиленнің бірнеше маркасы өндіріледі. Зауыт жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге қауқарлы. Биыл жарты жылда зауыт 219 372 тонна полипропилен өндірді. «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС қазақстандық өңдеушілер үшін негізгі шикізат жеткізуші ретінде орнын нықтап, елдегі полипропилен нарығына елеулі өзгеріс енгізді.

KPI зауытты басқару бөлімінің инженері Абылай Медеуовтың айтуынша, биыл бірінші жарты жылда компанияның ішкі нарықтағы үлесі 70 пайыздан асты. Былтыр бұл көрсеткіш 57 пайыз болған. KPI іске қосылған сәттен бастап Қазақстан полипропилен импортына тәуелділікті әжептәуір азайтып келеді.

– Болжам бойынша жылдың аяғына дейін импорт үлесі 5 пайызға дейін қысқарады. Бүгінде компания өз өнімдерін Еуропа, Түркия, Ресей және Қытайға экспорттап отыр. Әрі қарайғы өсім үшін инфрақұрылымды дамыту, кадр даярлау, жабдықтарды жаңғырту және шағын мен орта бизнесті қолдау салаларында мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы қажет. Сұраныстың артуына қайта өндірушілерді қолдауға арналған жаңа бағдарламаларының іске қосылуы, маркалар ассортиментінің кеңеюі және KPI тарапынан техникалық сүйемелдеу себеп. КРІ-да полипропиленнің 13 маркасы игерілді. Бүгінде өнім ассортиментінде полипропиленнің 15 маркасы бар. Оның екеуі омологацияда тұр, яғни өнім тұтынушылардың технологиялық және техникалық талаптарына сәйкестігі бойынша тексеруден өтіп жатыр. Бұл Қазақстан өнеркәсібінің әртүрлі саласында өңдеуші кәсіпорындарға орау және тоқыма бұйымдарынан бастап, инженерлік компоненттерге дейінгі кең ауқымды өнім шығаруға мүмкіндік береді, — дейді А.Медеуов.

Жыл басындағы бес айда ішкі нарықтағы полипропиленді өңдеу көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 28 пайызға артқан. Компания іске қосылған 2022 жылдың аяғынан бері өңдеуші кәсіпорындар саны тағы 50 шақты компанияға көбейіпті. Бұрын 80 өңдеуші компания болса, қазір 130-дан асыпты. Биыл KPI сатылымының шамамен төрттен бірі жаңадан ашылған компанияларға тиесілі. Компанияның басты міндетінің бірі – өңдеушілерге сапалы өніммен қатар, ертеңгі күнге деген сенімділік беру.

– Бүгінде КРІ 628 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мердігер компанияларда 1 мыңға жуық адам қызмет етеді. Компания өндіретін полипропиленді еліміз бен шетелдік кері өңдеушілер құрылыс, машина жасау, медицина, электр техникасы және орама материалдар, контейнерлер, талшықтар, құбырлар, кеңсе жабдықтары, бақша, кеңсе жиһаздары өндірісінде, тоқыма және тамақ өнеркәсібінде қолданып отыр, — деп тарқатты әңгімесін Абылай Медеуов.

KPI-да биыл өндірілген өнімнің 178 461 тоннасы экспортқа жөнелтілген. Негізінен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ету маңызды. Елдегі қайта өңдеушілерді қолдайтын «Форсаж» бағдарламасы шағын және орта бизнестің алдына қойылған кедергілерді азайтып, полимер өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Соның арқасында отандық өндірушілер компания өнімін арнайы бағамен сатып ала алады.

img 2306
Screenshot

Жылына – 1,25 млн. тонна

Атырау облысында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ең ірі жобалардың бірі – жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы басталды. «Силлено» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде жоба бойынша этилен өндірілетін пиролиз қондырғысында қада қағу жұмыстарының 60 пайызға жуығы орындалыпты, 15 038 қаданың 8 806-сы қағылған. Іргетас құю жұмыстары да басталып кетті.

Көптеген салада кеңінен қолданылатын шикізат – полиэтилен өндірісі елдің импортқа тәуелділігін азайтып, қосылған құны жоғары өнім өндіруді дамытуға мүмкіндік береді. Бұл Президент айқындаған мұнай-газ химиясы кластерін және шикізаттық емес экспортты дамыту жөніндегі стратегиялық басымдықтарға толық сәйкес келеді.

Бұл жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы да зор. Себебі, құрылыс кезеңінде нысанда 8000-нан астам адам жұмыс істейді деп күтілуде. Ал кәсіпорын іске қосылғаннан кейін шамамен 800 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Қазір құрылыс алаңында 600-ден астам адам еңбек етіп жатқан көрінеді. Бірегей жобаны жүзеге асыру барысында отандық кәсіпорындармен серіктестік орнату жергілікті қамтуды дамытуға елеулі үлес қосуда. Мәселен, пиролиз қондырғысының негізгі жабдықтарының бірі – екі бағана мен деаэраторды «Атыраумұнаймаш» зауыты шығарады. Бүгінде оның өндірістік алаңында бағаналарды әзірлеу жұмысы басталған. Айталық, полиэтилен өндірісінің негізгі кезеңіне қажетті пиролиз қондырғысының құрамына кіретін салмағы – 700 тонна, биіктігі 51 метр болатын суыту бағанасы, салмағы – 1470 тонна,  биіктігі – 101 метр болатын этиленді бөлу бағанасының құрылыс жұмыстары жартылай аяқталған.

«Атыраумұнаймаш» пиролиз қондырғысына арналған тағы бір маңызды элемент – су дайындау жүйесінде еріген газдарды жоюға арналған деаэратор жабдығын дайындайды. Бұл – отандық өндіріске қажетті құрал-жабдықты жергілікті кәсіпорындардың да өзімізден шығара бастағанының айқын дәлелі. Зауыт 2029 жылы пайдалануға берілмек.

Құрғақ газдан – пропан мен этан

Өңірде газ сепарациялау кешенінің инженерлік-жоспарлау жұмыстары басталды. Жоба «Силлено» полиэтилен зауытын қажетті шикізатпен – жылына шамамен 1,57 миллион тонна этанмен қамтамасыз етуге бағытталған. Кешен Теңіз кен орнында салынады.

Еліміз үшін бірегей жоба бұрын-соңды Қазақстанда болмаған. Жылына 9 миллиард текше метрден астам құрғақ газды өңдеп, одан құнды фракциялар – этан мен пропанды бөліп алу мақсатында кешен бұрын-соңды салынбаған. Енді пропан мен этан «Теңізшевройл» ЖШС жеткізетін тазартылған құрғақ газдан алынбақшы.

Импорттан қалай қорғанамыз?

Десек те, салада әлі шешімін күткен проблемалар бар екен. Кәсіби мұнайшы, облыстық мәслихаттың депутаты Жеңіс Әбілқарестің айтуынша, мұнай өндірісінде де толыққанды жетістікке жеттік деп айту қиын. Оның үстіне, газды өңдеу соңғы жылдары ғана қолға алынды. Ендігі мақсат – оның ауқымын арттыру.

– Әрине, бізде бұл салаға қажетті мамандар жоқ деп айта алмаймын. Дегенмен, заман бір орында тұрақтап қалмайды. Мысалы, Қытайдың зауыттарында өндірілмейтін нәрсе жоқ. Сондықтан, жаңа технологияларды өзімізге енгізіп, соны қолдана алатындай кадрлар даярлау қажет. Кәсіпкер ретінде мені екі мәселе мазалайды. Біріншіден, бізде озық технология тапшы. Екіншіден, қаржыландыру жайы әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Мемлекет басшысы мұны Жолдауда да айрықша атап өтті. Айталық, мұнай өндіру саласында екінші деңгейлі банктер операцияларды ғана жүзеге асырмаса, ешқандай капиталды шығындарды қаржыландырмайды. Бұл – негізгі проблема. Осыған байланысты, Президент нақты тапсырма жүктеді, — дейді ол.

Тәжірибелі мұнайшы Жолдауда айтылған геологиялық барлау жұмыстарына да ерекше тоқталды. Оны жүзеге асыру мақсатында жылдың соңына дейін жаңа заң жобасы әзірленбек.

– Біреу білсе, біреу білмес, кеңес дәуірінен кейін елде геологиялық барлау жұмыстары жүргізілді деп айту қиын. Себебі, осы күнге тапқан табысымыз бен өндірген кеңес кезінен қалған. Қазір соны пайдалана отырып, өнім шығардық. Бірақ ол бізге аз, ел аумағы әлі толық зерттелген жоқ. Солтүстікте мұндай жұмыстар мүлдем болмады. Мұнайшы ретінде елдің барлық аймағында мұнай бар деп есептеймін. Біздің мемлекеттің орнын Орталық Азия мен Еуропадағы логистикасынан байқауға болады. Қазақстан өзі өндіріп, өңдеген дүниесін екі жаққа да сата алады. Мұхиттарға тіке шығар жол болмаса да, құрлық арқылы тауарды жеткізуге болады. Ең бастысы, жаңа өнім түрлері керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, бізде ішкі өңдеу 12,4 пайызға жеткен. 80 пайыздың үстінде импортқа тәуелдіміз. Сондықтан, мүмкіндікті пайдалану қажет, — дейді Ж.Әбілқарес.

Ол кәсіпкер ретінде арнайы экономикалық аймаққа қызығушылығын білдірді. Қазір үлкен жобалардан шығатын өнімдердің көбі экспортталады. Себебі, одан өндірілетін өнімдердің басым бөлігі Қытай мен Еуропада шығады. Енді біздің де бұдан дәмеміз бар.

– Арнайы экономикалық аймақ әртүрлі преференциялар арқылы дамып келеді. Дегенмен, екі мәселені ұмытпауымыз керек. Оның біріншісі – «кімнің технологиясын әкелеміз?», екіншісі «тауарды кімге сатамыз?» деген сұрақ туындайды. Ал қаржыландыру жағы аса қиындық туғызбайды. Бірнеше өнім түрін шығаруға болады. Ең бастысы, тауарымыз импортты алмастыра алатындай сапалы болу керек. Тіпті, қазір АҚШ-та нарықты импорттан қорғау амалдары жасалып жатыр. Оны да ұмытпағанымыз жөн, — дейді кәсіпкер.

Арнайы жұмыс тобы құрылды

Энергетика министрлігінің бастамасымен мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларға отандық компанияларды кеңінен тарту мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, жұмыс тобының негізгі міндеттері – қазақстандық кәсіпорындардың үлесін арттыруға арналған нақты тетіктерді әзірлеу, инвесторлардың жергілікті мазмұнды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерінің орындалуын бақылау, бизнеске кедергі келтіріп отырған әкімшілік және техникалық тосқауылдарды жою.

«Іс жүзіндегі жұмыс басталып кетті. Мәселен, Tecnicas Reunidas компаниясының шақыруымен бірқатар қазақстандық мұнай-сервистік компаниялардың өкілдері Испанияға барып, өндірістік нысандармен танысты және ұлттық инжинирингтік базаны дамыту бойынша нақты қадамдарды талқылады», — делінген ведомство хабарламасында.

Министрліктегі мәжіліс барысында қатысушылар отандық үлесті арттыру қажеттігін және демпингтік баға қою жағдайларын болдырмау керектігін атап өткен. Шетелдік субмердігерлер тарапынан мұндай әрекеттер отандық бизнесті бәсекеге қабілетсіз жағдайға душар ететіні айтылған. Мұнай-газ химиясы және техникалық реттеу департаментінің директоры Темірлан Үркімбаевтың айтуынша, бастаманың басты мақсаты – жергілікті жеткізушілерден сатып алу көлемін ұлғайтумен шектеліп қалмай, қазақстандық EPC-компанияларды (инжиниринг, жабдықтау, құрылыс) қалыптастыруға жол ашу. Мұндай компаниялар болашақта күрделі инвестициялық жобаларды өз бетінше іске асыра алатындай әлеуетке ие болуы тиіс.

Р.S.

Бұған дейін Энергетика министрлігі 2024-2030 жылдарға арналған мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту жөніндегі Жол картасын бекітті. Қазір «Мұнай-газ химиясы туралы» салалық заң жобасын әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал 2030 жылға дейін елде жалпы құны 15 миллиард АҚШ долларына тең 6 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ал 2035 жылға қарай химия саласына тартылатын инвестиция көлемі 4,8 триллион теңгеге жетуі мүмкін.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button