«Даму» қоры кәсіпкерлерден өтінім қабылдайды

nacproekt Экономика

«Даму»қоры Ұлттық жоба бойынша ШОБ өтінімдерін қабылдауды бастады.

 «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметі атынан ҰЭМ әзірлеген «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны» (бұдан әрі – Ұлттық жоба)  жүзеге асыруды бастады.

 «Даму» Қоры Ұлттық жоба аясындағы несие пайызының бір бөлігін субсидиялау бойынша өтінім қабылдауды барлық өңірлік филиалдарында бастады. 

 Ұлттық жоба бұрын қолданыста болған «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын біріктірді. Мемлекеттік қолдау бірінші кезекте микро және шағын бизнесті қолдауға бағытталатын болады. Үкімет сондай-ақ экономиканың басым секторларын және моно-шағын қалаларда шағын және орта бизнесті дамытуды қолдау туралы шешім қабылдады.

Ұлттық жобаның бірінші блогында әлеуметтік жағдайы әлсіз өңірлердегі кәсіпкерлерді қолдаудың өңірлік бағдарламасы аясында немесе төтенше жағдай кезі/төтенше жағдай енгізу кезеңінде немесе өзге де жағдайларда несие/микронесиелерді салалық шектеусіз, жергілікті бюджет қаражатынан субсидиялау мүмкіндігі берілген. 

Осылайша, «Даму» Қоры жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста болады және өңірдің әлеуеті мен мүмкіндіктеріне тікелей назар аударады. Осы жаңалықтың арқасында ШОБ қолдау үшін қосымша құрал пайда болды.

Ұлттық жоба субсидиялау құралы бойынша да, кепілдік құралы бойынша да микро-шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталады. Бағдарламаға енді ірі бизнес субъектілері қатыспайды. Сондай-ақ жұмыс орындарын көбейту бөлігіндегі тиімділік критерийлері бойынша бағдарламаға қатысушыларға міндеттеме белгіленді.

Республикалық маңызы бар қалаларда /облыс орталықтарында жүзеге асырылатын жобалар үшін төмендегідей толықтырулар қабылданды: 

– субсидиялау құралы бойынша несие/лизингтің максимал сомасы 3 млрд теңгеге дейін деп белгіленді;

– Субсидия мен кепілдік тек өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету сияқты сияқты экономиканың басымдық берілген секторларындағы (63 ЭҚЖЖ) жобаларға ғана беріледі.

Банктер мен лизинг компаниялардың несиелерін субсидиялау шарттары өзгеріссіз қалады. Ол бойынша ҚР Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінен жылдығы + 5%-дан аспайтын несиелерді «Даму» Қоры 6%-ға дейін субсидиялайды.

    Бағдарламадағы өзгерістердің үшінші блогы моноқалалардағы жобаларға қатысты. Субсидиялау және кепілдік беру бойынша моно және шағын қалаларда, ауылдық елді мекендерде енді мынадай шарттар жүреді: 

– кәсіпкердің өзі төлейтін несиенің сыйақы мөлшерлемесін 5%-ға дейін субсидиялау;

– ШОБ жобалары салалық шектеусіз субсидияланып, кепілдік беріледі;

– субсидиялау құралы аясындағы несиенің/лизингтің максимал сомасы – 1 ,5 млрд теңге;

– кепілдік беру құралы аясында несиенің максимал сомасы– 360 млн теңге;

–  сауда саласында айналым қаражатын толықтыруға арналған 100 млн теңгеге дейінгі несиелер субсидияланып, кепілдік беріледі.

Қайта қаржыландырылатын несие/лизингтерді субсидиялау үшін бастапқы қарыз берудің өту мерзімі 2 жылға дейін деп белгіленді. Сондай-ақ, субсидиялауда 180 млн теңгеден асатын несиеге кәсіпкердің өз үлесін қосу жайлы талабы алынып тасталды.

Бағдарламадағы тағы бір жаңалық: лизинг компаниялары енді кепілдік беру құралы аясында кредитор ретінде әрекет ете алады.

     Қор нарығы арқылы кепілдік беру құралы да енгізілді. Ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (АФФР) және KASE Қазақстан қор биржасымен бірлесіп әзірленді. Осылайша ұзақ  мерзімге берілетін ақшаға қол жеткізуді қажет ететін орта бизнес өкілдеріне ерекше назар аударылады. Олар үшін кепілдік беру құралы аясында KASE/ АХҚО алаңдарында жеке және институционал инвесторлардың қаражаты есебінен орта бизнес субъектілерін қаржыландырудың баламалы арнасы қарастырылған. Сенімді қарыз облигацияларына кепілдік 5 млрд теңгеге дейін «Даму» Қорының елу пайыздық кепілдігін ұсына отырып беріледі.

Бағдарламаға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар кәсіпкерлік секторды молынан қамтуға, сондай-ақ оның тиімділігін арттыруға сеп болуы тиіс.

Егжей-тегжейлі ақпарат алу үшін кәсіпкерлер өз жобасын жүзеге асыратын жердегі «Даму» Қорының өңірлік филиалына жүгіне алады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз