КЕДЕРГІСІЗ БИЗНЕС – КЕМЕЛДЕНУГЕ КЕҢ ӨРІС

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кәсіпкерлерді қолдау туралы Мәлімдемесі бизнестік ортада өзіндік орны бар отандастарымызды ғана емес, қазақстандық қоғамда өмір сүріп отырған барлық азаматтарды да бейжай қалдырмағаны анық. Елбасының мұндай батыл да, байыпты қадамға баруы, заңсыз, жоспардан тыс тексерулерге мораторий жариялап, тосқауыл қоюы, сөз жоқ, кәсіпкерліктің кедергісіз дамуына даңғыл жол ашады. Сонымен бірге, бизнес өкілдерінің мемлекет пен қоғам алдындағы азаматтық позициясынан айнымай, әлеуметтік жауапкершілігін жоғары сезінуіне кепілдік берері даусыз. Мұны атыраулық кәсіпкерлердің редакциямызға жолдаған пікірлерінен де айқын аңғардық.

 

маңызы зор мораторий

Уақыт керуені ілгері жылжыған сайын ел экономикасының өркендеуіндегі кәсіпкерліктің де үлесі молайып, қомақтыланып келеді. Мұндай үрдіске Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдау көрсетуінің өзіндік септігі тиіп отырғандығы сөзсіз. Бүгіндері өз кәсібін шағын және орта кәсіпкерліктен бастаған отандық бизнесмендердің арасында ірі жобаларды іске асыруға қауқарлы топтар да қалыптасып үлгерді.

Олардың санатында экономиканың сан саласының, соның ішінде Атырау сынды қазыналы өңірде мұнай-газ өнеркәсібінің де қарқынды, әрі қарыштап дамуына серпін беретіндей ірі халықаралық жобалардың жүзеге асырылуына атсалысып жүргендері де табылады. Алғашында, шетелдік кәсіпорын-компаниялардың қатысуымен қолға алынған жобаларды мердігер ретінде бірлесіп атқарудың біраз қиындықтар келтіргені де шындық.

Міне, дәл осындай сындарлы тұста, жауапты сәтте Президент шетелдік инвесторлардың қаражатын игеру үшін жобаға тартылатын отандық кәсіпкерлердің үлес салмағын арттыра түсу жөнінде міндет жүктеді. Өз кезегінде олар да өздеріне берілген мүмкіндік пен көрсетілген сенімді ақтауға тырысты. Өндіріске заманауи жаңа технологиялардың дендеп енгізілуіне маңыз берілді.

Қарап отырсаңыз, қазірде өзге әріптестері тәрізді атыраулық кәсіпкерлер де қолына алған шаруаларын жолға қойып, алуан түрлі өнім өндіріп шығаруға жетілді. Бұрын-соңды өңіміз түгілі, түсімізге де кіріп көрмеген пластикалық есік-терезелерді, медицинада қолданылатын біржолғы шприцтер мен күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларын шығару жақсы жолға қойылды. Бұдан бөлек, біздің кәсіпкерлеріміз қарапайым ғана қамыстан қабырғалық материал ретінде қолданылатын тақтайша жасап, басқа да құрылыс материалдарын дайындап, құрылыс индустриясына икемділіктері барын байқатты. Сөйтіп, бизнес құрылымдарының санымен бірге олар шұғылданатын шаруаның да түрі көбейді.

Жасыратын несі бар, қанша жерден отандық бизнестің өрісін кеңейтуге талпынсақ та оның жолына тосқауыл, кедергі келтірер жайлар аз кездеспейді. Мемлекеттік қадағалаушы, бақылаушы органдардың тарапынан жөнді-жосықсыз, орынды-орынсыз тексерулердің кәсіпкерліктің ілгері басқан қадамына тұсау болып, біраз діңкелетіп келгені де ақиқат. Осыны ескерген Елбасы енді міне, белгілі бір мерзімге қандай да бір  тергеу-тексеру амалдарын жүргізуге тыйым салатын мораторий жариялап отыр.

Мұндағы басты мақсат – шағын және орта, қала берді ірі бизнес субъектілерінің жоспарлы-жоспарсыз тексерілуіне жол бермеу.  Кәсіпкерлердің бастаған істерін ақырына дейін жеткізуіне қолайлы орта мен  жағдай туғызу арқылы нәсібін табуына мүмкіндіктер жасап, мемлекет пен қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезінуіне кепілдік беру ерекше күш-жігер береді.

Нина ТЕМІРБАЕВА,

Атырау облысы бойынша кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер Одағының атқарушы директоры.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз