«ДАМУ» МЕН «ҚҰС ЖОЛЫНЫҢ» КӨМЕГІ
Кәсіпкерлікті қолдау орталығы — өз бизнесі бар немесе өз ісін ашуды жоспарлап жүрген барлық жергілікті тұрғындарға «бір терезе» форматында тегін оқуға және бизнесті жүргізумен байланысты ақпараттар алуға жағдай жасау бағытында жұмыс істейді. Мұнда арнайы дайындықтан өткен мамандар — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының Қызылқоға ауданы бойынша кеңесшілері Гүлназия Жансейітқызы Қасымбекова мен Нұргүл Жолдыбекқызы Жекенова қызмет көрсетеді.
Осы уақыт аралығында орталыққа 25 жеке кәсіпкер келіп, кеңестер алды. Сонымен қатар, жеке кәсіппен айналысуға ниеттеніп жүрген 98 тұрғын өз кәсіптерін бастауға орталық кеңсеге жүгінді. Орталықта аудан тұрғындарына 730-ға жуық кеңес берілді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының ұйымдастыруымен Атырау қаласында 18 бен 29 жас аралығындағы жастарды «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасымен оқытып, бизнестің қыр-сырымен таныстырып, білімдерін тереңдетті. Соның нәтижесінде Миялы селолық округінің екі тұрғыны арнайы сертификаттарға ие болып, бизнес-жоспарларын жасады. Қазіргі таңда жас мамандар Әсет Өрдеков пен Бекбосын Мұрат тігін цехын ашуды қолға алды. Жұмысқа қажетті тұрғынжай салынды. Кәсіптерін ашуға ниет білдіріп отырған жастар енді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының қолдауымен несие алуға жұмыстануда.
Қазіргі таңда «Бизнес-Кеңесші – 2» оқыту курсына жазылу жүріп жатыр. Бұл оқуға жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлер қатынаса алады. Оқу курсы Атырау қаласында қазан, қараша айларында тегін өткізіледі.
–Орталықта ауданымызға қажетті жобалар бойынша мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 3 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз грант алуға түсінік беріледі, — дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының Қызылқоға ауданы бойынша кеңесшісі Гүлназия Қасымбекова бізбен әңгімесінде.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ы мен «Құс жолы» қайырымдылық қорының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі адамдарға – бастамашы кәсіпкерлерге арналған «Жұлдыздарға қара» жобасы бойынша жеңімпаз атанып, мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Бұл жобаның 1-кезеңінің қорытындысымен Миялы селолық округінің тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі жеке кәсіпкер Нұртас Есенбаев жеңімпаз атанды. Бүгінде Нұртас Есенбаевтың аяқ киім жөндеу шеберханасы іске қосылып, аяқ киім тігетін машина және қажетті құрал-жабдықтар алынып берілді.
Қазіргі таңда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ы мен «Құс жолы» қайырымдылық қорының қолдауымен «Жұлдыздарға қара» жобасының 2-кезеңі басталды. Бұл бағытта кеңінен түсінік жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде ауданда 143 сауда нысаны, 2 базар, 35 қоғамдық тамақтандыру, 43 халыққа қызмет көрсету және 11 өндіріс орны бар. Аудан көлемінде сауда құрылымдарын салатын кәсіпкерлерге сауда және қызмет көрсету орындарын ашу үшін 33 адамға 2,446 гектар жер учаскесі белгіленіп берілген.
Ауданда шағын кәсіпкерлік нысандарының өндірген өнімі, жұмыс және қызмет көлемдері 620,0 млн. теңгені құрап, (2013 жылдың алты айында 580,0млн. теңге болған еді) салыстырмалы мерзімнен 6,9 пайызға өсіп отыр.
«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының «Кәсіпкерлік әлеуетін арттыру» төртінші бағыты шеңберінде 34 кәсіпкер «Бизнес-Кеңесші» курсынан өтіп, сертификаттарға ие болды.
Мағрупа ҚАЗИХАН,
Қызылқоға ауданы.