Көзәйнек жөндейтін шебер

3c079b03 502a 4148 9d5d 41d479ab1c00 Экономика

Қазақта «Еңбек етсең емерсің» деген сөз бар. Бұл – тер төгіп тірлік қылса, тұрмысың да тәуір болады дегенді меңзейді. Өз кәсібімен нәпақасын тауып, күнелтіп келе жатқан көзілдірік жөндеумен айналысатын Валерий Повольновты қала жұртшылығының біразы таниды. 

Ол кісі туралы көзілдірігін жөндетпек болып, Атыраудан шебер іздеген танысымнан білдім. Танитындар көзілдірік шеберін іздеген танысыма Валера ағайға баруға кеңес беріп, өз ісінің хас шебері екенін айтыпты.

Жасынан жат көрмеген кәсіп

Шебермен «Дина» базарындағы шағын шеберханасында жолықтық. Алпысты алқымдаған шебердің үстелінде жөндеуді қажет ететін, сөреде сатылымға қойылған күннен қорғайтын сан түрлі көзілдіріктер тізіліпті. Үстел үстіндегі механикалық диоптриметр, электр қозғалтқышы, газ плитасы, басқа да қажетті құрал-жабдықтар ретімен орналасқан. Ебін тауып шебердің өзімен, жұмыс барысымен танысуға мүмкіндік алдық. Украинаның Николаев қаласында дүниеге келген ол орыс ұлтының өкілі екен. Көзілдірік жөндеу ісімен он төрт жасынан бері шұғылданып келе жатқан оның бұл кәсіпті серік еткеніне жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Кейіпкеріміздің жары мұсылман дінінің өкілі екен. Екі қыз тәрбиелеп өсірген, бүгінде отбасын құрған олар Ресейде тұрады. Қыздары Ресейге шақырғанмен, Атырауға әбден сіңісіп кеткен Валера ағайдың бұл жақтан кеткісі жоқ. Ол да «мен бұл елге керекпін ғой» деп жымиып қояды.

– Өзім де Орск мұнай техникумында, Шымкент химия-технологиялық институты мен Новосибирск механикаландырылған институтында білім алдым. Көзілдірік жөндеуді өз бетіммен үйреніп, кәсіпке айналдырдым. Осыдан жиырма жылдай бұрын әкімдік қызметкерлері ниет білдірген жастар болса үйретуімді сұрап, ұсыныс білдірген еді. Бірақ, ол шаруа үйлескен жоқ. Өйткені, бұл іспен айналысу үшін көп қаражат қажет. Көзілдірік жөндеуге қажетті құралдардың бағасы қымбат. Оның үстіне жастардан қызығушылық, ынта байқалмайды. Қазіргі жастар тез пайда тауып, лезде ақшалы бола қалғысы келеді ғой. Бір жағынан Атырауда көзілдірік жасайтын зауыт жоқ. Менің қасыма көмекшінің қажеттілігі де болмады. Жергілікті жерде арнайы зауыт болса үйретуге болар еді. Сосын әкімдіктегілер де бұл тақырыпқа оралған жоқ, – дейді шебер.

Валерий Повольнов Атырауда өзі секілді көзілдірік жөндеп, кәсіп қылған адам туралы естімепті. Ендеше, жергілікті жастардың осы қат кәсіпке неліктен қызығушылық танытпайтыны ойлантады. Бұл бүгінгі таңда Валера ағайдың көмегіне жиі жүгініп жүрген жергілікті клиенттерінің де пікірі.

Байқауымызша, орталық базарда Валера ағайдың «дәурені» жүріп тұр екен. Базар маңындағы жалғыз шеберхана болғандықтан, жұрт та көп келеді. Саудаласпай-ақ, ақысын төлеуге бейіл. Себебі, клиенттер шебердің қызметіне дән риза.

Кәсіпке керек – ынталы жүрек

Шеберханада болған жарты сағат уақытта клиенттердің қарасы көп. Осындайда қолының ебі бар жастардың «бұл кәсіпті меңгеріп алса пайданың астында қалары сөзсіз-ау» деген ой келеді. Бүгінде осы бағытты игеремін деп ниеттенгендер болса, мемлекет тарапынан жеңілдіктерді де пайдалануға мүмкіндік болар еді. Ең бастысы ынта-жігер керек-ақ.

adfe5242 cc1e 4301 a0c5 df2937c4ace4

Рас, адам өз кәсібінің шебері болса ғана бәсекелестерінен оқ бойы озық, бәсі де жоғары болады. Қазір «қалай байимын?», «қайтсем жетістікке жетемін?» деп тәлімгер жағалап жүрген жұрт көп. Бұл сұрақтардың жауабына осы шебердің ісі үлгі болса керек.

Валера ағайдың қызметіне жиі жүгінетін қала тұрғыны Құралай Үргенішбайқызы ұзақ жыл көзәйнек киіп жүріп, оның жиектемесін жуу керектігін де білмеген. Оны жуып тұрмағандықтан, жиектемелері түлеп түсіп жататынын да Валера ағай түсіндіріп жіберіпті.

– Атырауда сөмке, қолшатыр жөндейтін шеберлер жоқ, сондықтан бір жері істен шықса лақтыра саламыз. Күзет қызметінде кілең тепсе темір үзетін жастарды көріп ішің ашиды. Жастарға күзетші болып қызмет ету лайықты ма?! Сұранысқа ие осындай кәсіпті меңгеріп, халыққа қызмет етудің орнына кейбір жігіттердің мардымсыз жалақыға алақан жайып жүргендігі қынжылтады, – дейді Құралай.

Елімізде он саусағынан өнері тамған кәсіп иесі Валера ағай секілді қарапайым еңбек адамының мәртебесі артып, олардың адал еңбегі насихатталуы тиіс. Ол секілді еңбекпен нанын тауып, өмірден өз орнын табуға талаптанған адам үшін екі қолға бір күрек табылары сөзсіз. Осыдан кейін облыстағы жұмыссыз ретінде тіркелген мыңдаған азаматтың ынтасы ашылып, кәсіп көзін ашуға қызығушылықтары артса құба-құп.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттер автордікі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз