Жарнама
Экономика

Болашаққа салынған инвестиция

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – әрбір қазақстандық балаға қаржылық қолдау көрсетіп, олардың болашаққа сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді. Оның басты мақсаты – әр жеткіншекке Ұлттық қордың инвестициялық табысынан қаражат жинақтап, үлкен өмірге қадам басқанда тұрғын үй алуына немесе білімін жалғастыруына жағдай жасау. Былтыр іске қосылған бастама бүгінде қалай жүзеге асырылуда? Жинақталған қаражатты қалай және қашан пайдалануға болады?

Осы және өзге де сауалдардың жауабын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВТАН сұраған едік.

– Қозыбақ Әбуұлы, әңгімемізді елдің назарын ерекше аударған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасынан бастасақ деп едік. Бұл бастама жайлы халық қаншалықты хабардар?

– Расыменен, бұл – еліміздегі ең маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі. Мемлекет әрбір баланың болашағын ойлап, оларға қаржылық қолдау көрсетуді қолға алды. Осы бағдарламаның арқасында еліміздегі 18 жасқа дейінгі әрбір балаға Ұлттық қордан белгілі бір мөлшерде қаражат бөлініп, арнайы жинақтау шотына аударылады. Бұл – олардың болашақта білім алуына немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуына арналған үлкен мүмкіндік. Халық бұл туралы естігенімен, оның жұмысын толығырақ біле бермейді. Сондықтан түсіндіру жұмыстары әлі де қажет.

– Биыл бағдарлама аясында қанша балаға қаражат бөлінді?

– 2024 жылғы деректерге сүйенсек, бағдарламаға 6 миллион 921 мыңнан астам бала қатысып, әрқайсысының жинақтау шотына 129 АҚШ доллар 38 цент аударылды. Бұл – мемлекеттің жасап отырған үлкен қолдауы.

Атырау облысы бойынша бағдарламаға 279 284 бала қатысады. Оның ішінде 11 494 қатысушы биыл 18 жасқа толады. Есепті жыл үшін барлық балаға бірдей сома есептелді, оның мөлшері бір балаға 129 АҚШ доллар 38 центке тең. 

Өткен жылдың нәтижесін айтсам, бұл бағдарламаға 2023 жылдың қорытындысы бойынша қаражатты есептеу кезінде жинақтарды алушылар тізіміне енгізілмеген балалардың саны да ескерілді.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысушылардың санын анықтап, балаларға қаражат есептеу кезінде барлық факторлар ескеріледі. Сонымен бірге, 2006 жылы туған балаларды қоспағанда, 2024 жылы Ұлттық қордан алғашқы қаражат есептелген жеткіншектерге биыл 3,04 АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық кіріс есептелді.  Соның нәтижесінде бағдарламаға екі жыл қатарынан қатысқан баланың жинақтары 232 доллар 94 цент болды.

Бағдарламаға қатысушылардың саны жыл сайын өзгеріп отырады. Өйткені оған Қазақстан азаматтығын жаңадан алған балалар да, өкінішке қарай, өмірден өткендерінің де есептері кіреді. Олардың жинақтары заңнамаға сәйкес мұраға қалдырылады.

– Демек, жинақталған қаражатты бала қалаған кез-келген уақытта пайдаланады деген сөз бе…

– Жоқ, бұл – ұзақ мерзімді инвестиция. Қаржы 18 жасқа толғанға дейін қолжетімсіз, бірақ содан кейін бала оны тұрғын үй алуға немесе оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Егер белгілі бір себептермен қаражат пайдаланылмаса, ол ерікті зейнетақы шотына аударылады.

Нысаналы жинақтар АҚШ долларымен аударылады және «БЖЗҚ»-дағы нысаналы жинақтау шотында 10 жыл бойы сақталады. Егер осы мерзім ішінде иесі қаражатты пайдаланбаса, онда бұл қаржы «БЖЗҚ»-да оның атына автоматты түрде ашылатын ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотына аударылады. АҚШ долларында ғана емес, Ұлттық банктің аударым жасалған күнгі ресми бағамына сай теңгемен аударылады. Жинақты ерікті зейнетақы шотынан алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Осы тұста айтып кетейін, 2006 жылы туған және 2024 жылы 18 жасқа толған балалардың бағдарламаға қатысу уақыты аяқталды. Өткен жылы Атырау облысында мұндай балалардың саны 11 117 болды. Олар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін «БЖЗҚ» -да 2024 жылы автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына (НЖШ) түскен өздерінің жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында пайдалану құқығына ие болды.

Биылғы қаңтардағы жағдай бойынша «БЖЗҚ» АҚ шамамен 325153,19 АҚШ долларына 3 240 өтініш орындады. Нақтырақ айтсақ, 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатарындағы өтініш берушілердің банктік шоттарына есептеу үшін уәкілетті операторларға аударды.

– Балаға тиесілі жинақты ата-анасы қадағалай ала ма?

– Әрине, ата-аналар мен заңды өкілдер kids.enpf.kz сайты арқылы баланың ЖСН-ін енгізіп, оның жинақталған қаражаты туралы толық ақпарат ала алады. Сонымен қатар, «eGov mobile» қосымшасы және «БЖЗҚ» жүйесі арқылы да тексеруге болады. Бұл – өте ыңғайлы, әрі ашық жүйе.

– Бағдарламаның болашағына қатысты пікіріңізді білсек…

–Қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін мұндай жобалар жүйелі түрде жұмыс істеуі керек. Ұлттық қордың инвестициялық табысы өскен сайын балалардың шотына аударылатын қаражат мөлшері де арта береді. Бұл – еліміздің болашағына салынған инвестиция. Меніңше, өскелең ұрпақ өз болашағына сенімді болуы үшін дәл осындай жүйелі қолдаулар маңызды роль атқарады.

–Маңызды ақпаратпен бөліскеніңіз үшін көп рақмет!

– Әрбір ата-ана осы бағдарламаның мәнін түсініп, балаларының болашағын қазірден бастап жоспарлағаны дұрыс. Бұл – біздің ұрпағымыздың жарқын келешегіне жасалған маңызды қадам!

Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button