БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ ТІРЛІК БАР

«Біздің баға жетпес байлығымыз – бірлігіміз. Татулық – тұрақтылықтың ең басты тұғыры. Ал, тұрақтылық – ұдайы дамудың бірден-бір кепілі» деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жүгінсек, қоғамдық келісімнің бақуатты тұрмысқа бастайтын баламасыз жол екенін, оның маңыздылығын жан-жүрегімізбен түйсінеміз. Осы сөздің мәнін терең түсініп, зердемен пайымдау дәл қазіргі күні өте қажет екені де даусыз.

… Тәуелсіздігімізді жаhанға жар сала әйгілеп, егемен ел екенімізді жариялағанымызға бірнеше жыл ғана болған, әлі кеңестік империядан мұраға қалған күйреген экономиканы жолға қоюмен арпалысып жатқан 1995 жылдың көктемінде, Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында Елбасымыз өзінің берік ұстанымын мәлімдеген болатын.

– Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Міне, содан бері сынаптай сырғып тарихи оқиғаларға толы 20 жыл өтті. Осы кезеңде еліміз талай қиын сыннан өтті, талай белестерді бірлік арқылы бағындырды. Міне, қазіргідей ұлттық валютамыздың еркін айналымға жіберілуі де, осыған орай жаңа экономикалық саясаттың жүзеге асырыла бастауы да – нақты өмір шындығы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұған мәжбүрлі түрде барып отырғанымызды баса айтты. Өйткені, қазір әлемді шарпыған қаржылық дағдарыс бізді де айналып өтпейтіні белгілі. Сондықтан да, Үкімет ел экономикасының одан арғы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін теңге бағамын еркін айналымға жіберу жөніндегі нақты қадамға барып отыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, академик Сағындық Сатыбалдиннің пікіріне жүгінсек, бұл – біріншіден, бүкіл дүние жүзінің мемлекеттері түскен жол. Уақыттың, өмір сүрудің  қазіргі ахуалы осыны талап етіп отыр. «Біздің негізгі экспорттық тауарларымыз – көмірсутектері мен металдардың бағасы әлемдік тауар биржаларында айтарлықтай арзандап кетті. Атап айтқанда, металдар бағасы 45 пайызға түссе, 2014 жылға дейін 110 доллардан асқан мұнай баррелі бұл күндері 48 долларға сатылып жатыр. Ал, әлемдік сарапшылар шикізат бағасының әлі де түсетінін айтуда. Сондықтан да, валюта биржасында теңгенің бағасы түссе, бұл экономиканың ырғақты дамуын сақтап қалудың бірден-бір  жолы деп ұғынған жөн…» дейді академик. Бұл жерде айта кету керек, қазір Қытайдың ұлттық валютасы екі есеге салмақсызданса, Беларуcь валютасы үш есеге құнсызданды. Әзірбайжанда бұл көрсеткіш 30 пайызды құрап тұр.

Теңгеміз еркін айналымға жіберілгеннен бергі бір аптаның ішіндегі батыстық сарапшылардың Қазақстан туралы пікір-болжамдарын саралап көрген едік. Олардың қайсы пікірі де «Қазақстан теңгенің қандай бағамында да қиындыққа душар болмайды» дегенге тіреледі. Біздіңше, бұлай болуының бірнеше себептері бар. Біріншіден, енді Қазақстан экономикасы іркіліске ұшырамауы тиіс. Екіншіден, Елбасының тікелей бақылауымен халықтың күнделікті тұрмыста қысылып қалмауына баса көңіл бөлініп отыр. Яғни, Үкімет сауда нүктелеріндегі тауар бағасын өсіруге, тарифтерді көбейтуге үзілді-кесілді тыйым салды. Сондай-ақ, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы импорт бәсін арзандататыны тағы бар.

Халқымызда мынадай бір тамаша тәмсіл бар: «Бақ, қайда барасың?» десе, «Ынтымаққа барамын» дейді екен. Күні кеше Президентіміздің өзі арнайы қатыса отырып өткізген телекөпірде тұсауын кескен екінші бесжылдықтың бастапқы жетістіктері де – осындай ынтымақ-бірлігіміздің бақ-берекеге бастағандығының жемісі. Еске сала кететін бір ақиқат: 2009 жылы теңге қолдан құнсыздандырылды. Сол кезде де Елбасының тікелей тапсырмасымен Үкімет халықтың бюджеттік кірістерін екі есеге өсіру жұмыстарын жүзеге асырып жатқан болатын. Соның арқасында кірістері екі есе өскен халық доллардың сол қымбаттауын сезінбеген еді. Яғни, биылша бағалар мен тарифтер тұрақты қалпында, қымбаттамай тұрса, келер жылы халықтың кірістерін өсіру шаралары да қолға алынары сөзсіз. Қазірдің өзінде мұның негізгі бағыттары белгіленіп жатқаны мәлім. Сондықтан да, еш алаңдамай, бәрін де түсіністікпен қабылдап, бірлігімізді одан әрі нығайта түсудің мәні ерекше.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз