Бір тиынды екі ету…
Біз егемендік алғалы бері шетелге шикізат сату арқылы экономикамызды дамытып келеміз. Отыз жыл бойы «қара алтынды» экспорттаумен шектелдік. Есесіне, күнделікті тұрмысқа қажеттінің бәрін сырттан тасымалдадық. Техниканы айтпағанның өзінде киім-кешек, азық-түліктің де «импортталғанын» алуға әбден етіміз үйреніп кеткен. Ал, сол үстіміздегі көйлек пен қолымыздағы қаламсаптың өз мұнайымыздан бөлінетін полимерден жасалатынын білеміз бе? Сондықтан, өңдеуші саланы өркендетуге баса назар аударып, индустриялық-инновациялық бағдарламаларды дамытуға ден қою керек.
Өңделген өнім өтімді
Жақында Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов қоғамдық кеңес отырысында игерудің тиімсіздігіне байланысты мемлекеттік қорға кері қайтарылатын кен орындарының мәселелерін атап өткен еді. Сондай-ақ, ол ірі мұнай-газ жобаларында (Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ) қазақстандық қамтуды дамыту туралы ақпарат ұсынды. Бұл жиында Энергетика министрлігінің 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті туралы есебі тыңдалған болатын.
Десек те, елімізде өңдеу саласының бойына «қан жүгіріп» келе жатқан сыңайлы. Айталық, «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов «China National Chemical Engineering Co., Ltd.» компаниясының аға вице-президенті У Сянгунмен кездесіп, мұнай-химия секторында жаңа бірлескен жобаларды іске асыру кезінде өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Бүгінде аталған компания өңіріміздегі «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС – қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін кешенді технологиялық режимге шығару жұмыстарымен айналысуда. Әлемдегі ең ірі химия-инженерлік компания машина жасау, мұнай және көмір химиясы, мұнай өңдеу және басқа да өнеркәсіп салаларында жетекші орынға ие. Қазіргі уақытта компанияның Қазақстаннан өзге, Ресейде, Индонезияда, Малайзияда, БАӘ-де, Сауд Арабиясында, Пәкістанда, Түркияда, Мысырда және басқа да 60-тан астам ел мен аймақта 130-дан астам бөлімшесі бар.
«Силлено»-ның алғашқы адымы
Атырауда мұнай-газ химия кешенін салу 1993 жылы инвесторлармен келісім-шартқа қол қою кезінде айтылған еді. Десек те, оның нақты нәтижесі отыз жылдан кейін көрініп отыр. Біздің өңірде полипропиленмен қатар тағы да екі іргелі жоба бар: ол – бутадиен мен полиэтилен.
Жуырда Елорда төрінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов «СИБУР» ЖШҚ басқарма төрағасы – бас директоры Михаил Карисаловпен кездесу өткізді. Тараптар өңіріміздегі «Силлено» жобасының іске асырылу барысын, яғни, қуаты 1,25 млн. тонна полиэтилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысын талқылады. Осылайша, «ҚазМұнайГаз» халықаралық серіктестерімен бірлесіп елімізде мұнай-газ-химиясы кластерін белсенді түрде дамытуда. Полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы – аталған саланың дамуына жетелейтін нақты қадамдардың бірі. Кәсіпорын Қарабатандағы арнайы экономикалық аймақтың аумағында (Теңіз кен орнына жақын жерде) салынатын болады. Құрылыс кезеңінде барлығы 8 мыңға жуық, ал, зауыт іске қосылғанда 800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Сондай-ақ, Астанада Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 7-ші отырысында «Силлено» жобасына қатысты қатысушылар арасындағы хаттамаға қол қойылды. Олар полиэтилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін салу үшін түпкілікті инвестициялық бюджетті келісу ниетін растады. Хаттамада жобалау, жабдықтар мен материалдарды сатып алу, сондай-ақ, құрылыс саласында қазақстандық үлесті арттыру жайы қамтылған. Полиэтилен өндіру жобасы ел экономикасына мультипликативті әсер беріп, ІЖӨ көрсеткішінің 1,2% өсуіне мүмкіндік береді және полиэтиленнен жасалған бұйымдар өндіру саласында шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Мұнай-газ химиясына салынған әрбір доллар ел экономикасында 2-3 долларға өсім береді.
Полиэтилен күнделікті өмірде және өнеркәсіпте кеңінен пайдаланылатын бұйымдарды шығаруға, оның ішінде құбырлар, құрылыс және орауға арналған материалдар, автобөлшектер, медициналық жабдықтар және басқа да тауарларды өндіруге қолданылады.
Атап айтары, «СИБУР Холдинг» ЖАҚ – мұнай-газ химиясы саласында әлемде қарқынды дамып келе жатқан компаниялардың бірі. Полимерлер мен каучуктар өндірісі бойынша Ресейдегі көш-басшы компания. Былтыр СИБУР полиэтилен жобасына ресми түрде қосылды.
Инвестиция – ел игілігі үшін
Мұнайлы өлкеде алпауыт елдердің мүйізі қарағайдай компаниялары қызығатын инвестициялық климат қалыптасқан. Осы жерде өнімін өндіріп, қанжығасы майланған серіктестіктер аз емес. Әсіресе, бірлескен кәсіпорындар мол пайдаға кенеліп, қазыналы аймақта қызметін табысты жүргізуде. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның China Venture Capital (CVC) қауіпті қалдықтарды өңдеу және залалсыздандыру саласында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанын атап айтуға болады.
Қос тарап мұнай кен орындарын пайдалану кезінде пайда болатын қауіпті қалдықтарды (мұнай шламдарын) пиролиз әдісімен өңдеу және залалсыздандыру мүмкіндіктерін зерттеуде ынтымақтастық орнатуға келіскен.
China Venture Capital Company, Limited компаниясыныңнегізі 1985 жылы қаңтарда қаланған. Ол – CITIC Group құрамына кіретін CITIC Capital Holdings Limited ұйымыныңеншілес холдинг компаниясы. Оның қызметі негізгі төртбағыт бойынша жүреді: қорларды басқару, жаңартылатынэнергия көздері және экология, жоғары технологиялар менинновациялар және жеткізу тізбегі қызметтері.
«Қиын» мұнайға озық технологиялар қажет
Жуырда ұлттық компания өндірісі қиынға түсетін қорларды игеру мәселесін талқылады. Өйткені, біздің жерімізден шығатын «қара алтынның» басым бөлігі ауыр мұнай болғандықтан, бұл проблема әлі де өзектілігін жоймай отыр. Бүгінде кен орындарынан алынатын қалдық қорлар шамамен 450 млн. тоннаны құрайды. Өндірісі қиынға түсетін қорлардың басым бөлігі тұтқырлығы жоғары мұнай өткізгіштігі төмен және карбонатты коллекторлары бар кен орындарына шоғырланған. Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» әрбір өндіруші кәсіпорнының технологиялық сын-қатерлері бойынша 2028 жылға дейінгі нақты күнтізбелік жоспар ұсынып отыр. Карталарда дайындық жұмыстары, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтарды және кен орындарына тиімді технологияларды енгізу жайы қамтылады.
Басқарма төрағасы мұндай мұнай қорларын игеру, рентабельділігі төмен кен орындарынан мұнай өндіру қарқынын арттыру, жөндеуаралық кезеңді ұлғайту, сондай-ақ, жаңа технологияларды енгізу үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу сияқты түйінді мәселелерді атап өтті.
– Жаңа технологиялар мұнай өндірудің ұлғаюына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өндірісі қиынға түсетін мұнай қорларының зор әлеуетін ескере отырып, жетілген кен орындарындағы өндірісті арттыру және МӨК ұлғайту үшін сыналған және ұсынылған технологияларды өнеркәсіптік енгізу тәжірибесін барынша ауқымдандыру қажет,-дейді А.Хасенов.
Р.S: Иә, Мемлекет басшысының өзі ресми түрде іске қосқан «КРІ» зауыты алғашқы полипропиленді нарыққа шығарып, сата бастаған болатын. Осылайша, өңдеу өнеркәсібі бір сатыға көтерілген еді. Ендігі мақсат – өзіміздің полимерден дайын өнім шығаратын шағын және орта бизнесті тарту. Әрине, ол үшін барлығы «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол» шығарып, жұмылуы тиіс.
Айбөпе САБЫРОВА