Басшы ауызашар берді

 «Ануарбек-Транс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Тарғын Есениязов «Жұлдыз» ықшамауданының тұрғындары үшін ауызашар ұйымдастырды. Мұнда Қажымұқан Мұңайтпасұлының атын еншілеген мешіт бар. Оның алғашқы кірпішін 2008 жылы сол кездегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бұрынғы бас мүфти Әбсаттар қажының өзі қалаған болатын. Жиналған 150-ге жуық адам мешіт жанындағы асханаға кіріп, дәмнен ауыз тиді. Мешіт имамы Нұрым Есмұхан дұға-тілек жасады. Ал, осындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Замрат Шамаров бата берді. Қасиетті айда жайылған ақ дастарханға алғыс білдіріп, өз ұсыныстарымен бөліскендер де болды. Айта кетейік, жоғарыда аталған серіктестік он жылдан астам уақыт бойы жолаушылар тасымалымен айналысып келеді. Тарғын Есениязов бұған дейін де талай қайырымдылық істердің ұйытқысы болыпты. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын береді, балаларға базарлық үлестіреді. Ал, өткен жылы «Рамазан айы мүбәрак болсын!» деген жазуы бар автобустар тұрғындарды тегін тасымалдаған.

Амандық Абдол

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз