Жарнама
Экономика

БАШҚҰРТСТАН БЕКІРЕСІ – АТЫРАУДА

Жабық күйдегі бассейнмен қамтамасыз етілген кешенге 15 мың шабақ пен 60 аналық балық әкелінді. Бекіре тұқымдас балықтарды өсіретін қожалықта 45 ересек сүйрік және Башқұртстаннан келген 15 сібірлік бекіре балықтары жүзіп жүр. «Сібірлік бекірелердің таңдап алынғаны тегін емес. Өйткені, олардың ұзақ қатты аяздар мен қысқа жаз мерзіміне бойлары үйренген. Сондай-ақ, жасанды жүзу орындарына анағұрлым жақсы бейімделген. Кармановский балық шаруашылығының таңдалу себебі де олардың балық өсіру орындарын шабақпен қамтамасыз етіп отырғанында болып отыр» дейді зауыттың бас балықшысы Ахат Ниматов. 

Зауыт басшылығының айтуынша, қара уылдырық пен балық етін сатылымға шығаруда ең әуелі Қазақстан аумағын қамту жоспарланып отыр. Бірақ, уақыты келгенде еуропалық нарыққа да шығуы әбден мүмкін. Атырауда қолданысқа енген технологиялық әдіс басқа елдерде бұрыннан бар. Сондықтан, еуропалық нарықта бәсекеге қабілетті бола білу қажет. Бекіре тұқымдас балықтар табиғатта сирек кездеседі. Сондықтан, бағалы балық өнімдерінің бәрі де заңды жолмен игерілуін халықаралық органдар жіті қадағалап отыр. Алдағы уақытта барлық аналық балықтар электронды таңбалануы тиіс екен. Жойылу қаупінің аз-ақ алдында тұрған жануарлар мен өсімдік түрлерінің сатылымы жөніндегі халықаралық конвенция (The Convention on International Trade in Endangered Species of Wild Fauna and Flora) ережесіне сай балық өсіретін Голландия зауыттары жылына үш мәрте тексерістен өтетін көрінеді.

Балық өсіру кешені финдік технологиямен жарақтанған. Қажетті заманауи құрылғылардың бәрі де JCS «Finnelma Engineering» компаниясынан алынады екен. Қазіргі заманғы құрылғылар балықтарды адамның көмегінсіз-ақ бақылауда ұстап тұра алады. Ақылды техника судағы оттегі құрамы мен оның мөлшерін, су температурасын анықтап, тіпті өздігінен балыққа жем де береді. Күндізгі уақытта бұл құрылғыларды бір оператор бақыласа да жетіп жатыр. Түнде қадағалауды қажет етпейді.  «Егер қандай да бір ақау орын алған жағдайда компьютер сол бойда техниканы бақылаушы қызметкер мен зауыт басқармасына смс-хабарлама жібереді», — дейді мамандар.

Зауытта бағалы уылдырық көлемін жылына 1000 келіге, ал балық етін 100 тоннаға дейін жеткізу көзделуде. Шоқыр мен бекіре балықтарының аналықтары жасанды жолмен уылдырық шашатын болған соң  табиғи мерзіміне жетпей дайын болады. Қазірден-ақ «сауын» әдісімен дайындалатын уылдырықтың алғашқы 30 келілік өнімі алынуда. Зауыт жоспарында тауарлы шаруашылықтан басқа алдағы уақытта жергілікті су қоймаларын шабақтармен толтыру жұмыстары да көзделіп отыр.     

— Мұндай шаруаның Ресейде қалай іске асырылатынын зер салып қараған едік. Ондағы өзендерде кешегі кеңес дәуірінде салынған су электр станциялары балықтың жүзетін табиғи жолдарын жауып тастады. Сондықтан, балық өсіру шаруашылықтарын құру жұмыстары ертерек басталып кетті. Кеңес үкіметінен соң да балық саны мен сапасы кемімей, шаруашылықтар кәсіпкерлердің қолына көшкен. Нәтижесінде соңғы жылдары Ресей Федерациясының өзен-сулары шабақтармен толысып келеді. Біз ресейлік қалалардың сауда орындарында жасанды жолмен өсірілген балықтарды емес, кәдімгі үлкен және кіші өзен суларынан ауланған шоқырларды өз көзімізбен көрдік. Сол себепті бір кездері теңіз маржанына лық толған су қоймаларын қайта балықтандыру ісі бүгінде өте маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек, — дейді Ахат Ниматов.        

Қалай болғанда да жақсылықтан күдер үзбеген халықпыз ғой, әлі талай бекірелер біздің ару Жайықта да жүзеді деп сенейік. Аз дегеннің өзінде алғашқы қадам жасалды. Ендеше, қызыл балықтың үш түрін өсіруге ден қойған кешен табысы молая берсін деп тілейік.   

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button