Жарнама
Экономика

БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ БЕРІЛГЕН МОЛ МҮМКІНДІК

— Халиолла Ибрагимұлы, күні кеше ғана Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері мүше болып кірген Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Сіздіңше, бұл ықпалдастықтан ұтарымыз қандай?
— Халқымызда «үй таңдама, көрші таңда» деген мағынасы терең сөз бар. Міне, осы тұрғыдан алғанда, көрші елдермен тату-тәтті өмір сүру, алыс-беріс, барыс-келіс түзу болуы қажеттігі – ықылым заманнан бері талас тудырмайтын, тарих дәлелдеген ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын осыдан жиырма жыл бұрын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде жариялаған кемеңгерлігіне еш күмән келтіре алмайсың. Көптеген елдер дүниежүзілік дағдарыстың зардаптарын әлі де тартып жатқан қазіргідей кезеңде мұндай одақ құрудан ұтылмасымыз анық.
Өткенге көз жіберіп қараңызшы, бұрынғы кеңестік республикалар өз алдына шығып, тәуелсіздігін алған 90-шы жылдары экономикалық тұралаудың салқынын қалайша терең сезінгенімізді ұмыту мүмкін емес. Осы жағынан да экономикалық ынтымақтастық аса қажет. Тағы бір атап айтарым – мұндай одақ құрудың мән-маңызы зор болғанымен, ол әлем тарихы үшін тосырқай қарайтындай тың жаңалық болып табылмайды. Өйткені, Еуропа елдері осындай одақ құрып, ынтымақтасудың арқасында қандай жетістіктерге жеткенін бүгінде барша жұрт біледі. Бізге сол Еуропалық одақтың оң тәжірибесінен үлгі, жіберген қателіктерінен сабақ алу керектігі жөнінде Елбасымыз айтқан пікір кімнің де болсын көкейіндегі ойды дөп басты.
— Жаңа өзіңіз айтқандай, сіз жетекшілік етіп отырған компанияның сонау қиыншылығы мол 90-шы жылдардың ортасында құрылғанын білеміз, ал бүгінде компания – мұнай-газ саласындағы сервистік қызметте ірі «ойыншылардың» бірі. Соған орай, компанияның негізгі қалыптасу кезеңдері туралы айтсаңыз…
— Бұл туралы өз басым ықыласпен айтар едім. Әуелі 1997 жылға шегініс жасайық: Бұл жыл екі атаулы оқиғамен тығыз байланысты. Қазақстанның астанасы қазіргі Астана қаласына көшірілді және сол жылы біздің «Нефтестройсервис» компаниясы құрылды. Қазақстан Президенті жыл сайынғы өзінің Жолдауында елдің стратегиялық даму үрдісін үнемі талдап айтады. Бүгінде «Қазақстан-2030» бағдарламасы өз міндетін орындап, енді «Қазақстан-2050 стратегиясы» – ұлттық толық жаңару бағдарламасы жүзеге асырылуда. Шыны керек, жаңа айтқанымдай, 90-шы жылдардың орта кезінде Қазақстанның өнеркәсібі үлкен қиындықты басынан кешірді. Егер Батыс Қазақстан аймағын алып қарасақ, тұрақтылық пен кейбір тұста даму үрдісі тек мұнай-газ индустриясында ғана байқалды. Дәл осы кезде біздің компания өз дамуының негізгі сатыларынан өткен еді. Алғашқы тапсырысты біздің компания ол кезде Теңізде жақсы беделге ие «Ведепсер» компаниясының субмердігері ретінде алды. Түскен табыстың барлығы жұмысшылардың жалақысы мен кәсіпорынның материалдық базасын жақсартуға жұмсалды. Құрал-жабдықтар сатып алынды, шеберханалар жөнделді, жұмысшылар үшін жатақхана салынды.
Кезекті жақсы серпін алған кез 1999-2000 жылдары болды, сол кезде «Трайн 5» құрылысына және «12 бағдарлама» бойынша ТШО зауытын қайта жаңарту ісіне қатыстық. Мұнда біз қомақты жұмыс көлемін алуымызбен қатар, одан да маңызды мәселе – біздің мамандарымыз «Бехтел — Енка» компаниясының шетелдік мамандарының басқаруымен өздерінің шеберлігін шыңдады. 2001 жылдан бастап, енді әжептәуір өндірістік қуатымыз бен бір мақсатқа жұмылған ұжымымызбен жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігін сақтау және жұмысшылардың біліктілігін көтеруге бағытталған арнайы стратегиялық бағдарлама қабылдадық. Осы мақсатқа жету үшін компанияда оқу орталығы ұйымдастырылды. Біз жергілікті компаниялар арасында көшбасшылық орын алу үшін жоғары сапалы қызмет көрсету қажет екенін түсіндік. Аз уақыт ішінде жоғары нәтижеге жету арқылы келісім-шарттарды сапалы орындадық. Сондай-ақ, осы жылдары біз «Жергілікті компаниялар арасында ТШО-ның ең үздік мердігері атанамыз» деген ұранмен жұмыс істедік. Біз ол мақсатқа да жеттік, сөйтіп, 2004 жылы ТШО-мен тікелей келісім-шартқа қол қойылды. Содан бері біздің компания Теңізде жұмыс жасап жатқан зауыттың күрделі құрылыс бөлімінің жобаларын жүзеге асырып, күрделі жөндеу, қондырғыларға техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жыл сайын жасап келеді.
— Мұндай мұнайсервис холдингін құрудың құпиясы неде?
— ТШО-ның 2004-2007 жылдардағы шикі газды айдау және екінші буынды зауыт бойынша жобаларына қатыса отырып, компания дамудың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Ал, ол тұтынушының жобалары бойынша негізгі міндеттерді жүзеге асыру үшін өз ресурстарын азғантай мерзім ішінде жұмылдыра білуге мүмкіндік берді. Бұрын компания жекелеген қызмет түрлері бойынша белгілі бір көлемдегі жұмыстарды атқарған болса, ТШО-ның соңғы уақыттағы жобаларын орындаған кезде компания әр түрлі сипаттағы кешенді қызмет көрсету жұмыстары арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бұл тәжірибе сонымен тәмамдалған, ТШО-ның жобаларын жүзеге асыруды аяқтаған соң, біз еліміздің басқа аймақтарында да көкжиегімізді кеңейтуді ойладық. Сөйтіп, Маңғыстау облысында, Атырау мен Ақсай қалаларында жұмыс жасауға жол ашылды.
«Қазмұнайгаз» ҰҚ» АҚ мен оның Аджип және «Жайықмұнайгаз» сынды серіктестерінің жұмысын орындай отырып, біз қолдағы ресурсымызды сақтап қана қалған жоқпыз, оның әлеуетін өсіре білдік. Қазіргі уақытта ТШО-ның ауқымды жобасын жүзеге асыру басталуда, онда да біз үлкен әріппен жазылатын мердігер компания ретінде өз орнымызды аламыз деген сенімдеміз.
— Мұнай сервисі бизнесін инвестициялауды көздеген кәсіпкерлерге қандай кеңес бере алар едіңіз?
— Егер өткенге көз салсақ, онда Теңіздегі зауытты пайдалануға бергеннен кейінгі барлық маңызды жобалардың көп мөлшердегі жергілікті жұмыс күшінің қатысуымен жүзеге асырылғаны – ауыз толтырып айтуға тұрарлық оқиға. Бұл нені білдіреді? Әрине, жергілікті мамандардың жаңа технологиялар мен жұмыс әдістерін игеруге құштарлығы, заманауи жабдықтарды меңгеруге талпынысы аңғарылады. Сондықтан да, кез келген компанияның негізгі табысы онда жұмыс істейтін қызметкерлердің біліктілігіне байланысты. Біз өз қызметкерлерімізбен екі жақты тиімді шартпен еңбек етуге тырыстық және әрдайым солай бола береді.
— Сіздердің Қазақстан аумағынан тыс жерлерде бизнесті кеңейту жоспарларыңыз бар ма?
— Жоқ, қазіргі уақытта басқа елдердің нарығына шығу жоспарымызда жоқ. Өз еліміздің ішінде бізді қызықтырып отырған жобалар өте көп. Бұл, әрине, оңай мәселе емес, бірақ мен бұл сұраққа Ли Якокконың сөзімен жауап бергім келеді. Ол былай деген: «Қандай болса да білім ал, бірақ құдай ақына содан кейін бірдеңе жаса! Өзінен-өзі бір нәрсе бола қалады деп күтіп отырма. Әрине, бұл оңай емес, алайда, сен тыным таппай еңбек етсең, еркін қоғамда барша тілегіңе жетуге болатынына қайран қаласың. Және де, Жаратушыға саған жіберген игіліктері үшін ризашылық білдір».
— Сіздің компания шетелдік қызмет көрсету кәсіпорындарымен бірлескен бірнеше кәсіпорындардың басын біріктіріп отыр. Газет оқырмандарына алғашқы біріккен кәсіпорынның тарихы мен жеткен нәтижелері жөнінде білу қызғылықты болар еді.
— Иә, біз шетелдік әріптестермен бірлескен бірнеше кәсіпорын құрдық, бірақ оның нәтижесі туралы айтуға әзірге ертерек, өйткені жұмыс қорытындылары – алдағы уақыттың межесінде. Нақты бір айтарым – бұдан еш ұтылмаймыз.
— Сіздің ойыңызша мемлекеттік реттеу саласында алға қарай жақсарту мен өзгертулерді қажет ететін қандай өзекті мәселелер бар?
— Бұл бағыттағы елде көргіміз келетін мәселенің бірі – Қазақстанда еңбек етуші шетелдік операторлардың ашық тендер өткізуі. Мұның мәні өте ерекше.
— Елбасы халыққа арнаған Жолдауында ірі мұнай-газ компаниялары айналасында инжинирингтік орталықтар мен мұнай сервисі кластерін құру туралы атап айтқан болатын. Қалай ойлайсыз, мұны жүзеге асыруға бола ма?
— Шынтуайтқа келгенде, өмір сүруге қабілетті орталықтар мен кластерлерді тек ұлттық компаниялар құрылымында құруға болады. Шетелдік серіктестердің соған ұқсас, бірлесе жұмыс жасап жатқан құрылымдары бар. Солардың аз бөлігі ғана жергілікті мердігерлердің еншісіне тиесілі болып отыр. Ендеше, бұл бағыттағы жұмысты ізденіспен жалғастыра түсу қажет. Еуразиялық экономикалық одақ та бұған кең жол ашуы тиіс. Оның өзі бәсекелестікті өрістетуге берілген мол мүмкіндік дер едім.
— Әңгімеңізге рахмет!

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button