Жарнама
Экономика

Баррельге байланған байлық

Мамандардың айтуынша, дүние жүзіндегі үлкенді-кішілі мемлекеттердің жартысынан көбінің экономикасы мұнайға тәуелді екен. Бірі оны өндіреді, екіншісі өңдейді, үшіншісі тұтынады. Қайткенде де, сыртқы саясаты «қара алтынға» келіп тіреледі. Осы санатта Қазақстан да бар.

oil barrels with a graph chart behind them and a spreadsheet as floor (3d render)

50-52 доллар: көп пе, әлде аз ба?

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының мамандары биылғы әлемдік нарықта мұнай бағасы осы шамада болатынын болжайды. Бұл ахуал ел экономикасына қаншалықты әсер етеді? Рас, үстіміздегі жылға арналған республикалық бюджетті жоспарлау ке-зінде сақтық шаралары алынды. Оның түрлі жағдайдың қалыптасуына қарай нақтыланып тұратыны да ескерілді. Өткен жылы дүниежүзілік додада көмірсутегі нарығы біраз күрделі кезеңді бастан кешті. Жаһандық экономиканың тұрақсыздығы теңгенің құнсыздануына, азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарлардың қымбаттауына       соқтырды.

Турасын айтқанда, әлемдік қаржы нарығы қазір де түзеліп кете қойған жоқ. Бұдан да ықтимал болар қиын күнге сақтаған қорымызға қол салып, бағаны күштеп тежеп тұруға болмайтыны айдан анық. Сол себепті жақында АИ-80 бензині мен ет өнімдері де еркін саудаға жіберілді. Рас, жасырын бәсекелестік пен заңсыз табыс табуды қадағалау тетігі бар. Алайда, бәрібір, уыстан шыққан нәрсені қайта ұстау мүмкін емес.

Мәселенің мәнісі мұнайға тірелгенде ОПЕК халықаралық ұйымы ауызға алынады. Азияның мұнай экспорттаушы ірі мемлекеттерін біріктіретін ол бұрын әлемдегі көмірсутегі шикізатының бағасын реттеп отыратын. Тым жоғары көтерілуіне де, орынсыз құлдырауына да жол бермейтін. Былтырғы қараша мен желтоқсанда «қара алтын» қоры мол бірнеше ел басшылары  бас қосып, биылғы жоспарды құрған. Әрине, еш жаңалық ойлап тапқан жоқ. Бұрынғыша мұнай  экспортын біраз қысқартуға ғана келіскен. Сөйтіп, тәулігіне 1,8 млн. баррель шамасында сақтауға пәтуаласқан. Соның нәтижесінде мұнай бағасы 5-8 пайызға өсіп, биыл біраз дәмелен-дірген еді.

Әйтсе де, араға әлемді аузына қаратқан АҚШ араласты. Мұнда соңғы жылдары тақтатас мұнайы қатты қарқынмен өндіріле бастады. Баршаға мәлім, Америка күні кешеге дейін сыртқа «қара алтын»  экспорттаған жоқ. Өзіндегі қорды ертеңге сақтап, өзгенің байлығын пайдаланды. Тек дүние жүзі доллардан бас тартып, одан экономикалық тә-уелсіздігін таныта бастағанда ғана әлемдік мұнай нарығына килікті. Өзінде сақтаулы тұрған ұңғымалардың тығынын ашып, өнім көлемін күрт көтерді. Міне, әлем экономикасына интервенция деген осы. Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы тәрізді Азия серкелері ескертіп көріп еді, құлағына да ілмеді. Мұхиттың арғы жағындағы арланға бұлар да азуын көрсетіп, мұнай экспортын көтерсе, «қара алтын» құны қара бақырмен теңесетін түрі бар.

Сайып келгенде, ОПЕК өнімін қысқартқанымен, оның орнын АҚШ тақтатас мұнайымен толтырып отыр. Демек, ешқандай дерлік өзгеріс жоқ. Оның үстіне, Америка өнім өндіру көлемін одан әрі өсіруге бет алған. Қордағы басқа ұңғымаларын қозғамай, қазіргі қолдағысымен-ақ   дүниежүзілік тепе-теңдікті ұстап отыр. Қайтерсің, алыптың аты – алып.

Айтпақшы, мұнай экспортын азайтуға ОПЕК ұйымына мүше емес елдердің де бірқатары қосылған-ды. Әлемдік нарықта «қара алтын» құнының көтерілуі оларға да қажет. Бірақ, бұлардың дүниежүзілік дүрмекке әсері шамалы. Мәселен, Қазақстанда біраз қор болғанымен, оны әлі де нақты игеру керек. Сондықтан, сыртқы саудадағы үлесіміз де әзірге мардымсыз. Рас, Теңіз кенішінде жүзеге асырылмақшы Кеңейту және Сағалық қысымды басқару жобалары мәреге жеткен соң мұнда мұнай өндірісі тәулігіне 850 мың баррельді құрамақшы. Оған Қашағанның қуатын қосқанда біраз ілгерілеу болар. Оның үстіне, қазақстандық геологтардың көп жылғы ерен еңбегінің нәтижесінде республикада игерілуі тиіс ондаған тұзасты құрылымдары бар. Елбасының тапсырмасы да таяу жылдары әлемдегі мұнайды ең көп өндіретін мемлекеттердің алғашқы бестігіне ену емес пе?

Ал, енді мұнайдың әр барреліне 50-52 доллар аз ба, әлде жеткілікті ме? Есімізге түсірсек, ел егемендігінің бастапқы жылдары жеті-ақ дол-ларға қарап қалғанбыз. Соған қарағанда, әрине, шүкіршілік. Оның үстіне, Ұлттық және алтын қорларымыз бар. Әйтсе де, ол кез бен бүгінгі ахуалды салыстыруға мүлдем болмайды. Ширек ғасырда тұтас мыңжылдыққа жүк болатын өзгерістер орын алды.

Сұраныс ұсынысты туғыза ма?

«Мемлекеттің мәңгілік досы да, қасы да болмайды. Мемлекеттің мәңгілік мүддесі болады» деген екен У.Черчилль. Бұл – бүгінгі саясаттың сойылы. Ара-тұра Иранға қыңыр қарайтын АҚШ пен оның одақтастары санкция жариялап, экономикалық байланысын бұзғанда, Ресей  мұнай экс-порттауды арттырды. Ал, Украинадағы оқиғаларға байланысты Америка орыстарға қыңыр қарағанда, Иранға ерік берілді. Енді сыртқы нарықта Ресей мұнайының орнын осы ел басты.

«Самұрық-Қазына» сарапшылары ішкі жалпы өнім өткен жылы 2,4-3,1 пайызды құрағанын айтады. Ал, биыл 2,8-3,4 пайызға өсетінін болжайды. Әрине, онша көп те емес. Бірақ, мұндай пайымдау неге сүйеніп жасалған? Тағы да мәселе мұнайға тіреледі. Мамандар оның өніміне деген сұраныс одан әрі артуы ықтималдығын жоққа шығармайды. Бұл ретте, алдымен, бензин және дизель отынына қажеттілік аталады. Өткен жылы сатылған автокөлік саны осындай түйін жасауға мүмкіндік береді. Яғни, жанармайды қаншалықты көп дайындау керек болса, шикі мұнай да соншалықты мол өңделеді. Мамандар оған деген сұраныстың тәулігіне орта есеппен 1 трлн. 15 млн. баррельге жететінін айтады.

Әйтсе де, көмірсутегі шикізатына тапсырыстың төмендеуіне әлемде оған баламалы энергия көзін қолдану аясы кеңіп келе жатқаны да әсер етуі ықтимал. Бүгінде ғалымдар күн мен жел энергиясын көбірек пайдалануды ұсынуда. Астанада өтіп жатқан ЕХРО-2017 көрмесінің тақырыбы да сол.

Былтырғы қарашаның соңында Азияның мұнай экспорттаушы елдері биылдан бастап алты айға «қара алтын» өндіру көлемін тәулігіне 32,5 млн. баррельге дейін азайтуға шешім қабылдаған. ОПЕК ұйымына мүше емес 11 мемлекет те өндіріс көлемін тәулігіне 558 мың баррельге төмендетуге келіскен. Қазір шартты уақыт бітті, қорытындысын сарапшылар айтар. Әйтсе де, ол күткендегідей нәтиже бермеген тәрізді. Мұнай бағасы тұрақтанған жоқ. Оның үстіне, «қара алтын» өндіру Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағында кемігенімен, Бразилия мен Канадада арт-қалы тұр.

Міне, баррельге байланған байлықтың бүгінгі бейнесі осындай.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button