Балық шаруашылығына – «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА»

Балық шаруашылығы «жасыл экономика» шеңберінде дамитын болады. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттардың сұрағына жауап берген Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.

«Қазақстандағы балық өндірісі қазір қиыншылық көріп отырғаны рас. Көп жылдан бері проблемалар қордаланып та қалған. Елбасының шешімімен су және балық шаруашылығы, орман комитеттері біздің министрлікке көшті. Мамыр айында біз «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын қабылдадық. Осы тұжырымдаманың бір бағыты балық шаруашылығына арналады», – дейді министр Н.Қаппаров.
Оның айтуынша, «жасыл экономика» өндірісі бойынша бірқатар шешімдер қабылданып жатыр. «Оның ішінде су бағдарламасы, тұрмыстық қалдықтарды игеру бағдарламалары қабылданатын болады. Ал келесі жылы су және орман шаруашылығына қатысты бағдарламалар қабылдау жоспарланған. Бұған қаражат та бөлінген. Балық өндірісі де осы бағдарламалар аясында қамтылады және осы саланы дамыту жаңа деңгейде жандана түседі», – деді Н.Қаппаров.
Тоқтала кететін жайт, талқылау барысында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов еліміздің экономикасында өзіндік орны болуға тиіс балық шаруашылығы құлдырап бара жатқанын айтқан болатын. «Кеңес дәуірінде үш республикада ғана балық министрлігі болса, соның бірі – Қазақстан еді. Соңғы кездері, өкінішке орай, аталмыш салаға мемлекет тарапынан дұрыс қолдаудың болмауы салдарынан балық шаруашылығы толықтай тоқырады. Бір министрліктен екіншісіне ауыстырып жүріп біз осы саладағы кадрларды да, басқа да мүмкіндіктерді де уыстан шығарып алдық», – деді С.Еңсегенов. Оның айтуынша, балық шаруашылығына арнайы бағдарлама дайындау туралы депутаттардың ұсынысын Үкімет бюджет жобасында қолдамаған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз