Жарнама
Экономика

БАЛ ТАТЫҒАН БЕКІРЕ

«Caspian Royal Fish» ЖШС меншік иесі болып табылатын, тұйықталған сумен жабдықтау жүйесінде тауарлы бекіре тұқымдас балық өсіру және тағамдық бекіре уылдырығын алу бағытында жұмыс жасайтын жаңа кешеннің жобалық құны 1 164 млн. теңгені құрайды. Мұның 789 млн. теңгесі серіктестіктің меншікті қаражаты есебінен қарастырылса, қалған 375 млн. теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ (жылдық сыйақы мөлшерлемесі 8,5 пайыз) арқылы қаржыландырылып отыр. Соған байланысты жобаны қаржыландырушы республикалық құрылымның өкілдері Атырауға арнайы келіп, жаңадан іске қосылған кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Зауытқа әкелінген 15 мың бекіре шабағы мен 60 бас бағалы балық аналығының бассейндерге жіберілу рәсіміне қатысты. Осыған орай бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырды.

Кәсіпорын басшылығы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан қарызға алған қаражатының жылдық сыйақы мөлшерлемесін азайтып, қайтарымын жеңілдетуді көздеп мемлекеттік субсидиялау бағдарламасына қатысуды ұйғарған. Егер мемлекеттен берілетін субсиядияның көлемі 7 пайызды құрайтынын ескерсек, сонда серіктестік үшін тағайындалатын жылдық сыйақы мөлшерлемесі 1,5 пайыз көлемімен шектелмек. Мамандардың пікірінше, мұның өзі жобаны жүзеге асырушы бизнес субъектісі үшін өте тиімді тәсіл, оңтайлы жол көрінеді.

Әзірге елімізде теңдесі жоқ деп есептелінетін заманауи өндіріс ошағы фин технологиясына негізделген. Яғни, мұндағы қондырғы, құрал-жабдықтарды жеткізіп беруші — Финляндияның «Finnelma Engineering» компаниясы. Жобалық қуатына толықтай енгенде зауытта жылына бір тоннаға дейін бекіре уылдырығы мен 50 тонна шамасында балық еті өндіріледі. Өндірістік процестердің өзі бірімен-бірі тығыз байланысты жүйеде құрылған бірнеше буыннан тұрады. Кешен толығымен газдендіріліп, электр жүйесімен жабдықталған. Дайын өнімдердің тұтынылу немесе таралу аймағы Қазақстан Республикасының аумағы (негізінен еліміздің батыс өңірі) болып табылады. Кейіннен нарық заңдылықтары мен бәсекелестік талаптарына, сұранысқа сай зауыт өнімдерін шетке шығарып, қымбатқа сатудың, сөйтіп отандық өнімнің бәсі мен нарқын көтеріп қана қоймай, қазақстандық брэндті қалыптастырудың да қадамы жасалмақ. Бұған өндірісшілердің өздері де кәміл сеніммен қарайтындығы қуантады.

Бас балық өсіруші – өндіріс жетекшісі Ахат Ниматовтың түсіндіруінше, ат шаптырым аумақты қамтитын, қазіргі заманғы технологиялармен, ондаған жасанды тоғандармен жабдықталған алып кешендегі нақты жұмыс енді ғана басталған. Болашақта үлкен бекіре балығына айналар бүгінгі майда шабақтар (алдағы партиясымен қосқанда олардың саны 22 мың дананы құрамақ) мен бағалы су маржанының аналықтары бұнда жақында ғана Башқұртстан Республикасынан әкелінген. Балықтарға қажетті жем немесе азық түрлері Польша елінен жеткізілген. Бастапқы кезеңде кешенде 25 адамға дейін жұмысқа қабылдануы тиісті болса, қазірде соның тең жартысына жуығы еңбек етуде. Келешекте, қажеттілігіне қарай, жұмысшы-қызметкерлердің қатары көбейеді.

Және бір мәлім болғаны, балықтар әбден өсіп-жетіліп, тауар күйіне жеткенде бекіре уылдырығының бір келісі 4000 долларға, еті 3000 теңгеге бағаланады деп болжамдалуда. Әрине, ол үшін белгілі бір мезгіл, тіпті бірнеше жыл қажет. Табиғи жағдайдағыдай аса ұзақ болмағанымен, тұйықталған жүйенің өзінде бекіре тұқымдастар 8-12 жыл аралығында өмір сүре алады екен. Оның өзі де балық тұқымдарының түрі мен қай елден, қандай жерден жеткізілгендігіне байланысты болып келетіндігін де мамандардың аузынан естідік.

Ең бастысы, барлық өндірістік-технологиялық процестер тиісті талаптар мен ережелерге сай, мейлінше табиғи ортаға лайықталған жағдайда жүргізіліп, атқарылуы шарт. Тіршілікке бірінші кезекте қажетті оттегінен бастап, тоғандардағы суды сүзгіден өткізіп, тазалау және оны кері айналдырып бассейнге құю, лас суларды тазарту, жыл мезгілдеріне қарай (әсіресе, аналықтар мен жаңадан тоғанға жіберілген шабақтар үшін) қалыпты температураның сақталуы қамтамасыз етіледі, сөйтіп бір жылда бірнеше рет уылдырық шашуына мүмкіндік туғызылады.

Барлық процестер соңғы үлгідегі автоматтандырылған басқару-бақылау жүйесімен жарақтандырылған. Соның арқасында тәуліктің кез келген сәтінде мұндағы жағдайды көзбен көріп, қолмен ұстағандай бақылап отыруға толық мүмкіндік бар.

Осындай сан алуан шаруаның бәрі осындағы жұмысшы-мамандардың, қала берді, олардың басқаруындағы жетілдірілген технологиялық тетіктердің күшімен атқарылады. Қаржыландырушы тарап болғандықтан, бөлінген қаражаттың кезең-кезеңімен, мақсатты әрі мерзімді игерілуіне «ҚазАгроҚаржы» АҚ басшылығы да көңіл бөліп, ұдайы назарда ұстап отырады. Айтпағын осылай сабақтаған акционерлік қоғамның Атырау облысы бойынша филиалының директоры Айдар Прашевтің мәлімдеуінше, құрылғанына биыл 15 жыл толғалы отырған еліміздің бас аграрлық банк мекемесінің қаржыландыруымен республика көлемінде бұдан басқа да бірнеше инвестициялық жобаның тұсауы кесілген, оның үстіне жоспарда тұрғандары да жетерлік.

Мәселен, ағымдағы жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қатысуымен «Луговой жылқы зауыты» ЖШС (Жамбыл облысы) жобасы қаржыландырылса, бұдан бөлек тағы да үш жоба мақұлданған. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысындағы және біздің өңіріміздегі балық шаруашылығы саласын өрістетуге бағытталған тың жобаларды атауға болар еді. Осы жерде айта кету керек, жалпы алғанда акционерлік қоғам «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-мен, өзге де қаржыландыру институттарымен бірлесіп, еліміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелендіруге, лизингтік негізде техника алуына, сондай-ақ технологиялық тұрғыдан жарақтандырылуына кеңінен қолдау көрсетіп, тұтастай агроөнеркәсіп саласының кешенді дамуына елеулі үлесін қосып келеді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button