БАҒА ЕРКІНДІГІНЕН ҚАУІПТЕНБЕЙІК

Қазақстанда теңге еркін айырбас бағамына көшірілді. Бұл – жаңа ақша-несие саясаты – еліміздегі экономикалық өсім мен баға тұрақтылығы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету үшін жасалған қадам.

Бүгінгі күнгі ел экономикасында болып жатқан теңге бағамының еркіндікке жіберілуі аймақтағы тұрақтандыру қорының жұмысына айтарлықтай әсер етпейді. Бұл – Елбасымыздың дұрыс шешімі. Оны біз толық қолдаймыз. Өйткені, ол елді өрге бастыруға бағытталып отыр.

Осыған орай – валюталық дәліз алынып, теңгенің айырбас бағамы еркіндікке жіберілді. Бірақ, «қамданған қапы қалмайды» дегендей, біздің өңір  азық-түлік  қорын жасақтау жөніндегі жұмысты облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің баса көңіл бөлуімен осыдан үш жыл бұрын бастаған болатын. Арнаулы қоймалар салынып, халық мүддесі үшін төменгі бағамен жәрмеңкелер ұйымдастырылып, тұтынушылардың қажеттілігі қамтамасыз етіліп келеді.

Мәселен, биылғы жылы аймақтық тұрақтандыру қорына 3900 тонна көкөніс өнімдері сатып алынды. Олардың 200 тоннасы – картоп, 300 тоннасы – сәбіз, 50 тоннасы – қызылша, 250 тоннасы – капуста және 1300 тоннасы – пияз. Үстіміздегі жылдың наурыз-сәуірінде жергілікті шаруалармен жасалған форвардтық келісім-шарт негізінде бұл өнімдердің бағалары алдын-ала белгіленген.

Бұған қоса, жыл басында қазақстандық өндірушілерден сатып алынған  қант, май, күріш, сиыр еті, құс еті, макарон өнімдері сияқты 710 тонна азық-түлік тауарлары да бар. Бұл тауарлар ішкі нарықта әлеуметтік маңызды тағамдардың бағасы күрт өсіп кеткен жағдайда пайдаланылады.

Соңғы үш жылда облыс әкімдігінің қаржылық қолдауы арқасында өңірімізде «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен 10 миллиард теңгенің жаңа жобалары іске асты. Олардың ішінде өнікті еңбек етіп, көпшілік көңілінен шығып жүрген «Бірінші мамыр» сүт кешенін, «Сарайшық» ешкі фермасын, «Алмалы құс» құс фабрикасын, шұбат пен қымыз өндіретін «Алға» қожалығын, сонымен қатар, іске қосылғалы отырған «Атырау Агрофеликс» көкөніс консервілеу өндірісін және «Атырау-Бөдене» фермасын ерекше атап өтуге болады.

 Абат ТАСИМОВ,

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы

ҰК басқарма төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз