
Ауылдың әлеуетін арттыратын экономикалық бастама
Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының алғашқы кезеңі басталды. Бұл шара елдің аграрлық саласындағы еңбеккерлер қандай жағдайда, қандай техникамен және қандай нәтижемен жұмыс істеп жатқанын анықтауға бағытталған. Жинақталатын ақпарат ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті мемлекеттік қолдау шараларын жоспарлауға, субсидиялау бағдарламаларын іске асыруға, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және тұтастай алғанда, агросектордың алдағы кезеңге арналған даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің мәліметінше, бұл науқан өңірдегі 200-ге жуық ауыл шаруашылығы құрылымын және шамамен 4 мың фермерлік әрі шаруа қожалығын қамтиды. Санақтың онлайн кезеңі 1–31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында өтеді. Ал офлайн кезеңі қыркүйек айының 20-сынан басталады. Бұл кезде санақшылар елді мекендерге барып, қажетті мәліметтерді жеке жинайды.
Департамент басшысы Нұржан Құмарғалиевтің айтуынша, бұл – өңірдегі ауыл шаруашылығының нақты жағдайын анықтауға, әлеуеті мен осал тұстарын бағамдауға, даму жолдарын белгілеуге мүмкіндік беретін маңызды шара.
– Әсіресе, күрделі климаттық жағдайымен ерекшеленетін, мал және балық шаруашылығына, сондай-ақ маусымдық егіншілікке бағытталған Атырау облысы үшін бұл санақ жаңа аграрлық саясатты қалыптастырудың бастауы болмақ, – деді Нұржан Құмарғалиев.
Мамандардың айтуынша, Ұлттық санаққа қатысу – ел азаматтарының ерікті таңдауы. Бірақ бұл – мемлекеттік деңгейдегі маңызды науқан. Сондықтан оған әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сауалнамаға ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба), СМС-код немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы қатысуға болады. Оның ішінде, фермерлер мен ұйымдар үшін ЭЦҚ, ал жеке қосалқы шаруашылық иелері үшін СМС-код ең қолжетімді тәсіл саналады.
Сауалнамада төмендегі аспектілер қамтылады:
- жер пайдалану,
- мал шаруашылығы,
- өнімдерді өткізу,
- жұмыспен қамту,
- техника мен еңбек жағдайы.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші заңды және жеке тұлғаларға бір ай ішінде 1414 қысқа нөмірінен шақыру жазылған СМС-хабарлама жіберіледі. Оған жауап беру үшін көрсетілген сілтемеге өтіп, сауалнаманы толтыру жеткілікті. Барлық мәліметтердің құпиялығы қамтамасыз етіледі – олар ешқандай мемлекеттік кіріс органдарына немесе өзге құрылымдарға берілмейді. Санаққа жауапты қызметкерлер азаматтарға телефон шалып, жеке деректер мен кодтарды сұрамайды.
– Ұлттық санаққа қатысты барлық сұрақтар бойынша 1446 бірыңғай байланыс нөміріне хабарласуға болады. Қоңырау шалу – республиканың кез келген нүктесінен тегін. Ал тұрақты интернет байланысы жоқ ауылдық жерлерде жергілікті әкімдіктер мен статистика бөлімдерінің жанынан 2684 өзін-өзі қамту пункті ашылды. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы мен SANAQ мырза атты чат-бот іске қосылған, – деп толықтырды департамент басшысы.
Сайтта санаққа қатысты толық нұсқаулықтар мен пайдалы кеңестер орналастырылған. Айта кету керек, бұл жолғы санақ – БҰҰ-ның 10-шы Бүкілдүниежүзілік ауыл шаруашылығы бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Осыған байланысты тамыз айында республика бойынша 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымын және 2 мыңға жуық жеке үй шаруашылығын қамту жоспарланған. Атырау облысы да бұл науқанға белсенді түрде атсалысады.
Қорыта айтқанда, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – ауылды қолдауға бағытталған нақты әрі маңызды қадам.
Дәулетқали АРУЕВ