БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК – БАСТЫ МІНДЕТ

Өткен сенбіде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жұмыс сапарымен Атырауға келді. Әуежайда мәртебелі мейманды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев және басқа да ресми тұлғалар қарсылады. Республикалық ведомоство басшысы облыстық және қалалық басқарма, бөлім басшыларымен бірге Атырау қаласында жаңадан салынған әлеуметтік нысандарда болып, ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстармен, соңғы жылдары жүзеге асырылған инновациялық іргелі жобалармен танысты. Аймақтың агроөнеркәсіп кешеніндегі өркенді өзгерістер мен жағымды жаңалықтарды көзімен көріп, оң бағасын берді.

 «Сарайшық» – жаңа коммуналдық  базар

Министрдің алдымен маңдай тірегені Атырау қаласының «Нұрсая» мөлтекауданынан бой көтерген «Сарайшық» деп аталатын жаңа коммуналдық базар болды. Құрылысы жақында ғана аяқталып, таяу күндері тұсауы кесілгелі отырған бұл нысанның аумағы 2 гектарды қамтыса, жалпы ауданы 2520 шаршы метрді құрайды. Азық-түлік, балық, ет, көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері павильондарынан тұратын орталықта 288 сауда орны, яғни осынша адамның жұмыс жасауына мүмкіндік бар. 

Инновациялық жобалар – игіліктің бастауы

Келесі кезекте Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков кейінгі үш жылда өңірімізде қолға алынып, дені іске қосылған, қалғаны енді ғана игілікке берілгелі отырған агроиндустрия саласындағы инновациялық жобалардың жайына назар аударып, нақты жұмыстарды көзімен көрді.

Бірінші ат басын бұрғаны – іске қосылу сатысында тұрған Атыраудағы жүн өңдеу кешені. Оған «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС иелік етеді. Жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүні өңделетін фабрика заманауи технологиялармен жарақтандырылған. Мұндағы мал жүнін жуып-тазалап, кептіру, бастапқы өңдеу, жүннен жіп иіріп, одан тоқыма бұйымдарын өндіруге арналған қондырғы, құрал-жабдықтар Италия елінен әкелінген. Фабриканың екінші кезегі іске қосылғанда мұнда жылы жамылғылар да шығарылады. Біртіндеп, жейде және басқа да жеңіл киімдер өндірісі жолға қойылады.

Жылына 75 мың дана құтыдағы көкөніс өнімдері мен 370 тонна салат дайындап шығаруға қауқарлы өндіріс орнының жұмысын бастағанына да үш айдан асқан. Құны 825 млн.теңгеге бағаланған бұл жобаның бастамашысы – «АтырауАгроФеликс» ЖШС. Қажетті көкөніс дақылдары серіктестіктің қарамағындағы шаруа қожалығының егістік алқабында өсіріліп, осындағы қоймаларда сақталады. Бүгіндері цехта 20-дан астам адам еңбек етеді.

«Caspian Royal Fish» ЖШС-нің бекіре балығын өсіру фермасы да осы саладағы инновациялық жобалардың бірінен саналады. 2014 жылдың қыркүйек айында іске қосылған цех толық қуатында жұмыс істеген уақытында мұнда жылына жалпы салмағы 100 тоннаға дейін бағалы су маржаны өсіріліп, 1 тонна көлемінде қара уылдырық алынады деп күтілуде. 

Атыраулық «Асыл-Агро» ЖШС – құтыдағы ет өнімдерін шығарумен шұғылданатын санаулы шаруашылықтардың бірі. Биылғы қыркүйек айында іске қосылған шағын өндіріс орнының жылдық қуаттылығы жылына 57 мың бас мүйізді қара малының етін өңдеуден өткізіп, құтыға салып шығару және жалпы салмағы 5 мың тоннаға дейін шұжық өнімдерін дайындау.

Бірінші кезеңі былтырғы желтоқсан, екіншісі биылғы қыркүйек айларында қатарға қосылған «Алмалы құс» ЖШС кешенінде жобалық қуатына сәйкес 240 мың  бас тауық өсірілуі тиіс. Құны  840 млн. теңгені құрайтын жаңа өндіріс ошағы толық қуатында жұмыс істесе, жылына 60 млн.дана шамасында жұмыртқа шығару мүмкіндігі бар. Жергілікті өнім қала базарлары мен халықтық маркеттерде қолжетімді бәспен сатылуда.

Қала аумағында орналасқан «Атырау-Бөдене» ЖШС-нің бройлерлік фабрикасында жылына 8 млн.дана шамасында бөдене жұмыртқасын және 2,4 тонна құс етін өндіру жобаланған. Мұндағы жұмыс процестерін де шетелдік озық технологиялардың және мамандардың көмегімен атқару көзделген.

Махамбет ауданындағы «Первомайский» ЖШС-нің тауарлы сүт фермасының алғашқы кезеңі 2013 жылдың желтоқсан, соңғысы 2015 жылдың шілде айларында іске қосылған. Жоба бойынша 1000 бас аналық мүйізді қара малы  бағылатын шаруашылықта жылына 9,5 мың тонна сүт өндіріліп, жүздеген тонна дайын өнімдер шығарылуы тиіс. Осында сауын сиырларға балауса күйінде шөп әзірлеп беретін гидропоника қондырғысы жұмыс жасайды. Аналық малдардың бағым-күтімі, жасанды ұрықтандыру жолымен алынған төлдердің (тек ағымдағы жыл басынан бері 240-тай бұзау өргізілген) аман-есен өсірілуі назарда ұсталынған.

Ешкі сүті мен өнімдерін өндіруге маманданған «Сарайшық» ЖШС-інде бүгіндері 700 басқа жуық түлік бағылуда. Жылына 81 тонна сүт, 4 тонна ет, 21,6 тонна йогурт, 15,3 тонна ірімшік, т.б. жоғары сұранысқа ие дайын тауарлар өндірісіне қол жеткізу – шағын кәсіпорынның көздеген межесі. Бұл күндері «Сарайшық» белгісі соғылған отандық өнім түрлері қала базарлары мен ірі сауда орындарының сөрелерінен өз орнын тапқан.

Шаруашылықтарды аралап, нақты ахуалға қаныққан министр іс басында жүрген басшы-мамандармен тілдесіп, пікірлесті, жоспарларымен бөлісті. Өңірдегі өркенді өзгерістерді оң бағалап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. 

Мерекелік  көрмеде –жергілікті  өнімдер

Сол күні атап өтілген ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құрметіне жергілікті өнімдер көрмесі ұйымдастырылды. М.Өтемісұлы атындағы облыстық қазақ драма театрының фойесіне жайғастырылған көрмедегі тауарларды да министр аймақ басшыларымен бірге тамашалады.

Байқағанымыздай, мерекелік көрмеге «АтырауАгроФеликс», «Карат», «Інжу-Маржан» ЖШС-тері, «Амангелді», «Асыл-Агро», «Жұмағалиев Ө» (Атырау қаласы), «Атырау-Сауда (Жылыой ауданы), «Алға-1» (Индер), «Алмалы құс», «Первомайский», «Сарайшық» (Махамбет) шаруашылықтарының  тауарлары қойылған. Олардың күшімен өндірілген құтыдағы көкөніс, ет, балық, құс, жылыжай өнімдері келушілердің назарына ұсынылып, көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Аңғарғанымыздай, көрмеге қатысушы кәсіпкерлік субъектілерінің арасында «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық конкурсына қатысып, түрлі номинациялар бойынша үздік танылған, басқа да байқау-сайыстарда алдыңғы қатардан көрініп жүргендері де бар екен. Сонымен қатар, осы күні облыс орталығындағы С.Мұқашев атындағы алаңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 

Марапат мерей өсірді

Махамбет атындағы қазақ драма театрында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің қатысуымен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесіне арналып салтанатты жиын өтті. Аймақтағы ауыл шаруашылығының дамуын баяндайтын деректі бейнекөрсетілімді де жұртшылық жылы қабылдады. Шараға қатысушыларды алғашқы болып облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтады.

– Соңғы үш жылда облыста ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған инновациялық жобаларды (барлығы – 11) қолдауға қазынадан 22 млрд.теңгеден астам қаржы қаралған. Тек ағымдағы жылдың басынан бері бөлінген қаражат көлемі 5 млрд.теңгені құрап, оның 1 млрд.теңгесін шаруашылық құрылымдарына субсидия түрінде беру ойластырылған. Атакәсіп – мал шаруашылығын өркендетумен бірге, егіншілікті дамытуға да ден қойылды,-деді Бақтықожа Салахатдинұлы. – Соның нәтижесінде биыл картоп, көкөніс-бақша дақылдары егістігінің көлемі көбейтілді, мол өнім жиналды. Алма бақтарының аумағы 350 гектарға, жылыжайлардың жалпы ауданы 12,5 гектарға жеткізілді. Жұмыртқа мен ет бағытындағы құс шаруашылықтары да тиімділігін көрсетіп келеді. Өңделіп, құтыланған мал етін, көкөніс өнімдерін шығаратын цехтар, жүн өңдеу-тоқыма фабрикасы сияқты жаңа тұрпаттағы өндіріс орындары іске қосылды. Ауыл шаруашылығындағы жеке сектордың да үлес салмағы артты.

Бұдан кейін облыс әкімі еңбекте үздік нәтижелерге қол жеткізген кәсіби мереке иелерінің бір тобына өзінің атынан жазылған Алғыс хатын тапсырды.

Келесі құттықтау сөз кезегі Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке жолданды.

– Бұл – экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік жағынан да маңыздылығы жоғары сала. Республика тұрғындарының тең жартысына жуығы ауылда тұрады. Еліміздегі экономикалық белсенді халықтың негізгі бөлігін де солар құрайды,-деді Асылжан Сарыбайұлы.-Елбасы мен Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, қала берді «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығында да ауқымды жұмыстар қолға алынып, инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Тұтастай алғанда, агросекторды өндірушіден өңдеуші   салаға айналдыруға бағыт ұсталынуда. Негізгі талап, басты міндет – бәсекеге қабілетті, сұранысқа сай сапалы да қауіпсіз отандық өнім шығаруды қамтамасыз ету. Осы жолдағы еңбектеріңіз жемісті болып, табыстарыңыз еселене берсін. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Одан соң министр Социалистік Еңбек Ері, жылыойлық Кісенбай Асабаевқа, Құрманғазы ауданындағы «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы Жеңіс Әбілхайыровқа (суретте), Махамбет ауданындағы «Атырауагроөнімдері» ШҚ басшысы, «Сарайшық» БК» ЖШС-нің атқарушы директоры Владимир Розметовке, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті агроэкономикалық ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаевқа және «Оңтүстік-Батыс мал шаруашылығы және егіншілік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Атырау филиалы өсімдік шаруашылығы секторының меңгерушісі Болат Мұхамбетовке «ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін табыстады. Бұдан кейін кәсіби мереке иелерінің бір тобын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

Ауыл еңбеккерлерін мерекелерімен құттықтаған облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов та оларға өз атынан жазылған Алғыс хаттарын табыс етті. Мінберге облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов көтеріліп, құттықтауын жолдағаннан кейін мерекелік сахна төріне Социалистік Еңбек Ері Сақан Дәулетқалиевті құрметпен шақырды. Ол облыстық ардагерлер кеңесі тағайындаған өз атындағы «Озат шопан» жүлдесін Қызылқоға ауданындағы «Құрман» шаруа қожалығының аға шопаны Думанбек Жаңабаевқа тапсырды. Кәсіби мереке иелерінің атынан салтанатты жиынға қатысушыларды «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Владимир Розметов құттықтады. Соңы мерекелік концертке ұласты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз