821128

САРАПТАМА: Атырауда көктемгі егіс қалай жүріп жатыр?

Жаңалықтар СарапTime Экономика

Аtr.kz/17 сәуір, 2020 жыл. «Аймақтар егіс н а у қ а н ы н а дайын» деп хабарлады Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров. Ал, Атырауда көктемгі егіс қалай жүріп жатыр?

Дағдылы үрдіс жалғасын тапты

Еліміздің көп жерінде төтенше жағдайға байланысты карантин жарияланса да диқандар дағдылы дақыл егу үрдісінен жаңылған жоқ. Өйткені, жерге тұқым себу қажет. Биыл елімізде ауылшаруашылық дақылдары егілетін алқаптың жалпы көлемі 22,5 млн. гектарды құрайды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 238 мың гектарға көп екен.

Сонымен қатар, елде тұқым дайындау жүйелі түрде жүргізіліп, қазіргі таңда алқаптарға 2 жарым млн. тонна тұқым егілген. Осы орайда, облыстардың бюджетінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,3 млрд. теңге қарастырылған. Төтенше жағдай кезінде жанын шүберекке түйіп жұмыс бастаған шаруа қауымына қай-қай жағынан да қолдау көрсетілуде.

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі егін егу жұмыстарына баса маңыз берген еді. Осы мақсатта «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на республикалық бюджеттен 70 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлініп, оның несие мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайды. Президенттің бұл мәлімдемесі диқандарға зор демеу болып, олардың алдағы күнге деген сенімін күшейтті.

Бұған қоса, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қосымша тағы 100 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, қ ұ н ы н 1 6 5 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Демек, 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен берілетін болады. Мұның барлығы, әрине, шаруаларды тұқыммен, тыңайтқышпен, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңір диқандары – сақадай сай

Ал, Атыраудағы ауылдардың бірбірімен қарым-қатынас жасауына шектеу қойылған тұста шаруалардың ахуалы қандай? Жер жыртатын техника мен жұмысшылар жеткілікті ме? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Тілек Әміровтың айтуынша, биыл шаруашылықтар қажетті тұқымдармен қамтамасыз етілген. Осы салаға қатысты алдынала жоспарланған агротехникалық жұмыстар жүзеге асуда. Облыс диқаншылары карантин жағдайына қарамастан қара жерге дақыл егуді толық көлемде дер кезінде қолға алды.

Биылғы егістіктің көлемі 9 222 гектарды құрайтын болады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 8933 гектар болған еді. Осылайша, жергілікті шаруалар биылғы көктемде 2668 гектар жерге – көкөніс, 1182 гектарға – бақша өнімдерін, 2040 гектар алқапқа – картоп, 3332 гектар жерге мал азығы дақылдарын егуді көздеп отыр. Бүгінге дейін жоспарланған 8300 гектар жер жыртылды. Оның 6500 гектары күз айында сүрдігер жырту әдісімен атқарылса, қалған 1800 гектары жуырда жүзеге асырылды.

Сондай-ақ, егіс алқаптарының 465 гектарына тұқым себілді. Оның ішінде, 210 гектарға – көкөніс, 40 гектарға – картоп, 215 гектар алқапқа мал азығы дақылдары егілді. Дала жұмыстарына 783 ауыл шаруашылық техникалары жұмылдырылуда.

Егінге бет бұрғандар Аймақтағы егістіктерге тамшылатып суару технологиясын қолдану әдісі жүзеге асуда. Биыл осындай әдіспен 3000 гектар жерді суландыру көзделуде. Былтыр 2805 гектар егіс алқабы тамшылап ағатын сумен нәрленген еді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізетін 15 суару-суландыру жүйесі жұмыс істеп тұр.

– Біздің өңірде егілетін дақылдар тек қана суармалы алқаптарда өсіріледі. Алқапта көкөністер, бақша өнімдері, картоп, мал азығы дақылдары егіледі. Егін алқаптары Махамбет, Индер, Құрманғазы аудандары мен Атырау қаласы маңындағы ауылдық округтерде ғана бар. Олар Жайық өзені бойындағы төрт аумақта шоғырланған. Кейінгі жылдары Жылыой ауданында да егіншілікке бет бұрғандар көбейіп келеді, – деді бөлім басшысы Тілек Әміров.

Тыңайтқыш көлемі – 1200 тонна

Егіске қажетті минералды тыңайтқыштарға байланысты «КазАзот» және «Казфосфат» кәсіпорындарымен келісім-шарт жасалып, 1200 тонна минералдық тыңайтқыш сатып алу жоспарлануда. Қазір 290 тонна тыңайтқыш әкелінсе, химиялық өнімдердің 200 тоннасы темір жол арқылы вагондармен жеткізіледі. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 1,029 млн. теңге қаражат бөлініп, зиянкестерге қарсы 2090 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілетін болады. Химиялық өңдеу мамыр айының үшінші он күндігіне жоспарланып, оны өткізуді конкурстық бәсекеде «ҚазақСервис» ЖК ұтып алды.

Сондай-ақ, егін шаруашылығындағы төрт бюджеттік субсидиялау бағдарламаларына жергілікті қордан 259,9 млн. теңге қаржы бөлінетін болды. Оның 201,8 млн. теңгесі – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу қызметі шығындары құнын субсидиялауға, 50,1 млн. теңгесі – тыңайтқыштармен қамтуға, 2,0 млн. теңгесі – гербицидтердің құнына, 6,0 млн. теңгесі тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға жұмсалады.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған