Жарнама
Экономика

Ауыл шаруашылығын дамыту өңір экономикасына серпін береді

Махамбет ауданының агроөнеркәсіп саласы – жергілікті экономиканың өзегі. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі дамыту – өңір әлеуетін арттырудың маңызды тетігі. Осы орайда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан барлық қолдауды тиімді пайдаланып, шаруашылық құрып, нақты нәтижелерге жұмыс жасау маңызды. Бұл туралы Махамбет ауылындағы «Өнерпаз» мәдениет үйінде аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың төрағалығымен өткен шаруа қожалық иелерімен кездесуде жан-жақты айтылды.

Кездесудің басты мақсаты – ауыл шаруашылығына қатысты мемлекеттік қолдаулар мен субсидиялар жүйесін түсіндіру, саланың бүгінгі түйткілдерін ашық талқылау және нақты шешу жолдарын айқындау.

Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас мамандары, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау филиалының өкілдері мен Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары арнайы келіп, шаруалармен пікір алмасты.

Басқосуда аудан әкімі өңірде мал бағу мен шөп дайындау – күн тәртібіндегі басты мәселе екенін атап айтты.

–Бүгінде бір ауылдан бір мал бағушы шықпай отыр. Ал нақты есепке салсақ, бұл – табысты кәсіп. Мәселен, 200 сиыр бағып, әрқайсысына 2-3 мың теңгеден ақы алса, айына 600 мың теңге табыс табуға болады. Мал бағам, еңбек етем деген адамға мүмкіндік бар, тек дұрыс ұйымдастыру қажет, – деді Қайрат Есқабылұлы.

Сондай-ақ, шөп шабу науқанын уақытылы ұйымдастыру, арнайы бригадалар құру, техникамен қамтамасыз ету және мал азығын дайындауда жүйелі әрекет ету қажеттігі де атап өтілді.

–Мал азығы – шаруашылықтың тірегі. Бұл бағытта жүйелі жұмыс керек, – деді аудан басшысы.

Кездесуде ауыл шаруашылығына арналған несие, субсидия, инфрақұрылым мәселелері де қозғалды. Облыстық деңгейдегі мамандар нақты бағдарламалар мен қолжетімді жобалар туралы түсіндіріп, шаруалардың сұрақтарына жауап берді.

Агроөнеркәсіптік кешенге жүйелі қолдау – тек бір саланың дамуы ғана емес, тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтерудің сенімді жолы. Махамбеттегі бұл кездесу – ауыл еңбеккерлерінің ұсынысын тыңдап, әрбір адамның нақты іске бастамашы болуына мүмкіндік ашса игі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Сурет: gov.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button