ҚЫМБАТШЫЛЫҚтан қайтсек құтыламыз?

gegege Жаңалықтар

ҚАЗІР ЕЛ ТАРИХЫНДА ТАҒЫ БІР ДАҒДАРЫСТЫҢ ТОЛҚЫНЫ ЖҮРІП ЖАТЫР. ТЕҢГЕНІҢ ҚҰЛДЫРАУЫ ҚАЙ САЛАНЫ БОЛМАСЫН ТОҚЫРАУҒА ҰШЫРАТЫП, ХАЛЫҚ ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫҢ ҚАМЫТЫН КИЕ БАСТАДЫ. ӨЗГЕ ДҮНИЕНІ БЫЛАЙ ҚОЙҒАНДА, ТАМАҚ ҚҰНЫНЫҢ ӨСУІ БІРАЗ ОТБАСЫНЫҢ БЮДЖЕТІНЕ ОҢАЙ СОҚПАУДА. ОСЫ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІН ТАБУ ҮШІН ҮКІМЕТ ТАРАПЫНАН ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ЖАСАЛЫП ЖАТЫР? ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІММЕН ТОЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ НЕ КЕДЕРГІ? ШАРУАГЕРДІ ШАРШАТҚАН КІМ? НОРМАТИВ НЕ ДЕЙДІ?

ОСЫ СҰРАҚТАРДЫҢ АЯСЫНДА РЕДАКЦИЯДА ҚҰЗЫРЛЫ МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ ЖӘНЕ ШАРУАГЕРЛЕРМЕН «ҚЫМБАТШЫЛЫҚТАН ҚАЙТСЕК ҚҰТЫЛАМЫЗ?» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ БАС ҚОСЫП, ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰРТТЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП АЛДЫҚ.

Назарбек ҚОСШИЕВ, «Аtyray» газетінің бас редакторы:

– Баға саясаты мәселесі барлығымызға ортақ. Дегенмен тауарлардың көпшілігі елге сырттан келеді. Соған байланысты шетелден жеткізілетін өнімге, бағаға тәуелділіктен құтылудың бірден-бір жолы – өзіміздің агро өнімдердің сапасы мен санын арттыру. Осы бағытта жыл сайын қазынадан ауыл шаруашылығына миллиардтаған қаржы бөлінеді. Бірақ, жергілікті жұрт соның нәтижесін көрмей жатыр. Осының себебі неде?

Бағдат РҮСТЕМОВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Атырау облысында соңғы жылдары Ішкі жалпы өнім, яғни ауылшаруашылық өнімдері бойынша көрсеткіш 3,2 пайызға жоғарылады. Былтырғыға қарағанда мал басының өсімі бар. Атап айтқанда, ірі қара мал 5,7%-ға, түйе басы 4,3%-ға, жылқы 9,6%-ға көбейді. Ал, егін шаруашылығында өнім көлемі 1,5%-ға артты. Мысалы егіс көлемі 2021 жылы 9469 гектарды құраса, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5,7% пайызға жоғары. Биыл да егіннің көлемін ұлғайтып, күзде көкөніс, бақша дақылдары, картоп жəне малазықтық дақылдар көлемінде өсім болады деп отырмыз. Кез-келген жетістік жолында кедергілердің болатыны анық. Сол сияқты облыс шаруагерлерінің мəселелері мен сол бағыттағы жұмыстарымызды айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, өңірдегі өткір мəселенің бірі – су тапшылығы. Осы кедергіні жою мақсатында былтыр облыста жалпы аумағы 3167 гектарға жаңбырлатып жəне тамшылатып суару құрылғылары орнатылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Тағы бір басты мəселе – жанар-жағармайдың уақытылы жеткізілуі. Бұл мəселе бойынша облысымызға қажетті 600 тонна жанаржағармайды жеткізушілермен келісім жасалды. Сəуір айынан бастап жеңілдетілген жанар-жағармай егін жұмыстарына берілмек. Бұдан бөлек тыңайтқыш бағасы биыл жоғары, мəселе күрделі болып тұр. Мұны шешу үшін біз ел Үкіметіне, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа тиісті ұсыныстар мен хат жолдадық. Ауыл шаруашылығы министрлігімен де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Əзірге құзырлы мекемелердің жауабын күтіп отырмыз. Жергілікті шаруашылықтардың егін жұмыстарында жұмысшы күштерінің жетіспеушілігі де жыл сайын өзектілігін жойған емес. Бұған дейін Өзбекстан елінен 600 орынға квота бөлінсе, биыл 394 квота қаралмақ. Себебі пандемияға байланысты шетелдік жұмыс күшін азайту тапсырмасы күн тəртібінде тұр. Бүгінде жергілікті жұмыссыз халықты жəне студенттерді жұмысқа тартуды қолға алудамыз. Көктемгі егін жұмыстарына баруға ниет білдірген 315 студент бар. Облыстық білім беру басқармасы жəне колледж басшылығымен бірлесіп, үшжақты келісім-шартқа отыратын болып шештік. Егін салу, күтіп-баптау, жинау жұмыстары əр деңгейде қарастырылып, біраз мəселе шешімін тапты. Осы жұмыстардың барлығы халықты жергілікті табиғи таза əрі қолжетімді өніммен қамту үшін жүргізіліп жатыр.

– Соңғы 5 жылда Атырау облысы бойынша субсидия алған шаруашылықтарға мониторинг жүргізілді ме?

– Жалпы Атырау облысында шаруашылықтар субсидияның 50- ден астам түрін алып отыр. Əр субсидиялаудың қағидалары, талаптары, жеке-жеке шарттары бар. Қазіргі таңда үшжылдық көлемдегі субсидиялау жұмыстары тексеріліп, мониторинг жасалуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қателігі болар, осыған дейінгі алынған субсидияларға тиісті уəкілетті органдар тарапынан субсидия бойынша қарсы міндеттемелер болмаған. Биыл осы мəселе көтеріліп, енді міндеттемелер қойылу қарастырылып жатыр. Мəселен, субсидия алдың ба, шаруашылықтың 1 жылда малы 5%-ға өсуі керек. Тұқым бойынша алды ма, егіс көлемі 10%-ға ұлғаюы тиіс. Бұған дейінгі тəртіп бойынша тек мал басы 3 жылға дейін сақталуы тиіс болған. Өсім, өнім туралы ештеңе айтылмаған. Осы орайда айта кетейін, Президент тапсырмасына байланысты алдағы уақытта субсидиялаудың 3-4 түрі ғана қалып, қалғанын несиелеуге ауыстыру жоспарда бар. 

(Жалғасы бар…)  

Салтанат САНСЫЗБАЙҚЫЗЫ

Коллажды жасаған: Дәурен Мұхамбеталиев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз