Ауыл бизнесіне – арзан несие!

1497494146 article b 1500 Экономика

Қазір шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасының екінші тынысын ашты десе болады. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері көп адам сан кәсіпті нәсіп көзіне айналдырды. Әйтсе де, қоғам құбылмай тұрмайды, өмірден өзгерістер туындайды. Сұраныс пен тапсырыс талабына сәйкес, әлемдік нарық та құбылады.

Осы орайда «Атырау» газетінің редакциясы ұйымдастырған интернет-конференция аясында оқырмандар сауалына «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Атырау филиалының директоры Гүлзада ШАЛАҒҰЛОВА жауап берді. 

1497494146_article_b_1500_

Электронды поштаға түскен сұрақтар

Бағымымызда елу сиыр бар. Бірақ, олар асыл тұқымды емес. Мал санын көбейту үшін бізге несие беріле ме?

– «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Игілік» несие өнімі арқылы мал шаруашылығын дамытуға 4 млн. теңгеге дейін 78 ай мерзімге 6 пайызбен несие алуға мүмкіндігіңіз бар. Бұл несие өнімі бойынша 25 сиырға бір асыл тұқымды бұқа болуы қажет. Яғни, сіздегі 50 аналық сиырға асыл тұқымды екі бұқа өзіңіздің жеке меншігіңізде болуы тиіс. Немесе оны бірлесіп пайдалануға, қолдан ұрықтандыруға болады.  Несие алуға өтініш берген жағдайда оны несие қаражаты есебінен де алуға болады.

– Несие алудың алты пайыздан басқа жеңілдіктері бар ма?

– Қазір биыл берілетін қаржы көлемі бекітіліп, кәсіпкерлердің ісін кеңейтуді, жаңадан бизнес ашуды мақсат еткен ауыл тұрғындарын қаржыландыру басталды. Қор жылдық 6 пайызбен (жылдық тиімді сыйақы үстемесі 6,7 пайыздан аспайды) берілетін «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен бөлінген жылдық 7 пайызбен (жылдық тиімді сыйақы үстемесі 7,3 пайыздан аспайды)  «Ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті несиелендіру» бағдарламасы бойынша қаржыландыру жүргізілуде.

Бүгінде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамытудың салалық «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыруда. Мақсат – етті бағыттағы ірі қара мен ұсақ мүйізді мал санын көбейту, негізгі құралдарды сатып алу, айналым қаражатын толтыру. Сыйақы үстемесі етті бағыттағы сиырды көбейтуге жылдық 4-4,4 пайыздан, ал, ұсақ мүйізді малға 6-6,7 пайыздан аспайды.

– Атырау өңіріне арналған ауыл шаруашылығы бағытындағы бизнес-бағдарламалар бар ма?

 – Несиелендіру жұмыстары облыстың барлық ауылдары мен қала аумағындағы ауылдық округтерді қамтиды. Ауылшаруашылық бағытында қордың «Игілік» несие өнімі арқылы ірі қара, ұсақ мүйізді, жылқы, басқа да мал мен құстың басын көбейту, бал араларын ұстау мақсатында несие алуға болады. Бұл үшін жеке кәсіпкер, шаруа қожалығы, фермерлік нысан ретінде тіркелуіңіз қажет. Несие алу үшін сіз мекен-жайыңыз бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына барып, тіркеуден өтесіз. Орталықтың жолдамасымен филиалға келіп, қаржы алуға өтінім бересіз. Сондай-ақ, ет бағытындағы сиыр өсіруге «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алуыңызға болады.

– Несиенің ең көп және аз мөлшері қандай? Ол кімдерге қалай беріледі?

– Біз шағын және орта бизнесті, жеке кәсіпкерлік нысандарын қаржыландырамыз. Ең бастысы, шаруашылық иесінің өз бизнес-жоспары болуы керек. Несиелерді жеке тұлғалар, шаруа қожалықтары, фермерлік шаруашылықтар, заңды тұлғалар ала алады. Жұмысын енді бастап жатқан азаматтар болса, олардың кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарынан өткені туралы сертификаты болуы міндетті. Сонымен қатар, әрбір жобаға байланысты талаптар қойылады.

– Қаржылай қолдауға ие болудың жолдары қандай? Неден бастап, қандай құжаттар тапсыру керек?

– Бүгінгі күні «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы», «Ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті несиелендіру», «Кәсіпкер», «Сыбаға» бағдарламалары аясында қаржыландыру жүргізілуде. Әр бағдарлама бойынша бекітілген несиелеу шарттары мен талаптары бар.

– Ауыл кәсіпкерлеріне қандай кеңестер бересіз?

– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан аудан кәсіпкерлерін, ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында төменгі пайызбен берілетін көптеген несиелер бар. Мемлекет қолдауын тиімді пайдалана отырып, өз кәсіптерін жаңадан бастап, әрі қарай  дөңгелетіп әкетуге болатынын көптеген ауыл кәсіпкерлері дәлелдеп жүр. Тек ынта керек.

«Whatsapp» желісі арқылы қойылған сауалдар

Орынбасар МАҒАЗОВ, Иcатай ауданы:

– «Бастау-бизнес» сертификаты, жері, қорасы бар адамға қандай жеңілдік бар? Сиыр өсіргіміз келеді, тек кепілге қоятын үй жоқ.

– Қордың ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес, несиелендіру мерзімділік, төлемділік, қайтарымдылық және кепілмен қамтамасыз ету негіздерінде жүргізіледі. Осыған орай, кепілсіз несие беру мүмкіндігі қарастырылмаған.

Жұмағыз КӘРІМОВА, Индер ауданының тұрғыны:

– Мен үшінші топ мүгедегімін. Былтыр жұбайым өмірден өтті. Индер ауданының Есбол ауылында тұрамын. Қазір жұмыссызбын. Шағын кәсіп ашқым келеді. Оған қандай қаржылай қолдау көрсетіледі? 

– Қор шағын және орта бизнесті, жеке кәсіпкерлік нысандарын қаржыландырады. Сізде нақтылы бизнес-жоспар болуы тиіс. Несие қаражатын әртүрлі бизнестің түріне және ауыл шаруашылығын дамыту мақсатына қарай аласыз. Жұмысыңызды енді бастасаңыз, аудандағы жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарынан өтесіз. Сол арқылы несие алуға өтініш білдіруіңізге болады.

Гүлжан ШАХМАНОВА, Аққыстау ауылының тұрғыны:

– «Бастау-бизнес» жобасы арқылы бір ай бизнестің қыр-сырын оқыдым. Несие алу үшін қажетті құжаттарымды тапсырдым. Кепілдікке қоятын дүние-мүлкім де бар. Маған алты пайыз жеңілдікпен несие беріле ме?

– Сіз толықтай құжат тапсырғаннан кейін ішкі талаптарға сәйкес, 14 жұмыс күні ішінде құжаттарыңыз тексеріледі. Барлық талаптарға сай келіп, бизнес-жоспарыңыз нақтыланса, филиалдың несие комитетінде қаралады. Осылайша, несие қаражатын алуға мүмкіндігіңіз бар.

Гүлбар ЖҰМАЖАНҚЫЗЫ, Атырау қаласы:

– Ауыл бизнесіне берілетін қаржылай көмек жайында толық ақпарат бересіз бе? Қандай бағдарламалар бар, шарттары, талаптары, жеңілдіктері қандай?

– «Игілік» несие өнімі мал, құс, бал араларын сатып алуға және қарыздың 20 пайызынан аспайтын сомада жем алуға беріледі. Талабы жоғарыда айтылды. «Кәсіпкер» бағдарламасымен ауылшаруашылық және басқа да бизнес түрлерін кеңейту үшін 6 млн. теңгеге дейін жылдық 6 пайызбен (жылдық тиімді сыйақы үстемесі 6,7 пайыздан аспайды) 60 айға, айналым қорын толықтыруға 36 айға дейін несие берілуде.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржыландыру көзі меншік қаражатынан және нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы қаралады. Ірі қараны көбейтуге 70 млн. теңгеге дейін (мерзімі 180 айдан аспайды) және ұсақ мүйізді малға 30 млн. теңгеге дейін (120 айдан аспайды) несие рәсімделеді. Сыйақы үстемесі айналымдық капиталды толықтыруға субсидиялау шартымен  жылдық 9 пайызды құрайды. Жылдық тиімді сыйақы үстемесі 9,7 пайыздан аспайды.

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы несиенің нысаналы мақсаты бірдей. Көлемі – 12 млн. теңгеге дейін. Жаңартылмайтын желісінің мерзімі – 84 ай. Кепіл – қарыз сомасының 25 пайыздық мөлшерінен кем емес. Ол – қолдағы жылжитын немесе жылжымайтын мүлік, қалған бөлігі – несие қаржысы есебінен сатып алынатын техника, құрал-жабдықтар.

«Ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті несиелендіру» бағдарламасы – ауылшаруашылық және басқа да бизнес түрлері үшін 8000 айлық есептік көрсеткішке дейін жылдық 7 пайызбен (тиімді сыйақы үстемесі 7,3 пайыздан аспайды)  – 48 ай, айналым қорын толықтыруға 36 ай мерзімге дейін берілуде.

Жазып алған: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз