«Ауғанстанға астық сатып, Пәкістанға жаңа жол саламыз»

ingredient bags full of flour 23 2149482561 Экономика

«Менің тапсырмам бойынша жақында министрліктің құрылымында сауда және интеграция саласындағы халықаралық екіжақты өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылатын жобалық кеңсе құрылады».

Арман Шаққалиев,                                                                                           

Сауда және интеграция министрі

«Саудада береке бар». Отандық өніміміз мұхит асып, шетелдердің жайма сөрелерінен табылып жатса, қандай жақсы?! Ол үшін, әрине, тауарымыз сұраныс пен сапаға сай болуы тиіс. Еліміздің сыртқы саудадағы тауар айналымы бірінші жартыжылдықта 67,2 млн. АҚШ долларын құраған.

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға жоғары. Шикізаттан басқа өнімнің сауда-саттығы 39,4 млрд. АҚШ долларына жеткен. Мемлекет басшысы Жолдауында осы салаға қатысты озық тәсілдердің жергілікті өнім өндірушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған байланысты нақты қандай шаралар қолға алынды? Өзге мемлекет нарқына ену үшін қандай қадамдар жасалады?

Әртараптандыру – маңызды міндет

Иә, еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді жия бастаған сәтте нарықтық экономика өмірге енді. Кезінде дүркіреген колхоз, совхоздар таратылып, фабрика, зауыттардың есігі құлыпталды. Сөрелерде импорттық тауарлар көбейді. Көпшілік киім-кешек немесе азық-түлік алу үшін сағаттап кезекке тұратын. Ал, жұртшылық қызметінен қысқарып, жұмыссыз қалған кезде ала дорбасын арқалап, сауда жасауға шықты. Осылайша, шағын коммерциялық дүкен-дүңгіршіктер ашылып, сол уақыттан бастап елде нарықтық экономикадағы сауданың негізі қаланған еді. Ал, бүгіндегі мақсат – экономикалық әріптестермен тауар айналымын арттыру болып отыр.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай, және Еуроодақ елдерімен сауданы арттыруға айрықша маңыз берілуде.

– Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, бірқатар іс-шараны әзірледік. Қазақстанның оңтүстік бағыттағы – Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс нарықтарына, Үнді мұхитының және Парсы елінің порттарына шығу үшін сауда-экономикалық бағыттарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Тауарларымызды Еуропалық Одақ, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына жеткізу қолға алынбақ. Сарапшылардың болжамынша, алдағы 10 жылда әлемдік сауда Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азияға көшпек. Әрине, біз қалыптасқан нарықта, оның ішінде Орта Азия, Әзербайжан, Иран елдеріне экспортты ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырамыз. Қазірдің өзінде Түркіменстан арқылы Ауғанстанға астық экспортын ұлғайту бойынша жұмыстар пысықталуда,- дейді министр.

Экспорттық келісім-шарттар – «бір терезе» арқылы

Елімізде 2027 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 46,5 млрд. долларға дейін жеткізу жоспарланған. Ведомоство басшысының баяндауынша, тәуелсіз мемлекетте сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 5 шекарааралық хаб құрылмақшы. Бұл бірыңғай сауда-көлік кеңістігін қалыптастыруға және халықаралық деңгейде байланыстар орнатуға, сондай-ақ, әріптес елдермен стратегиялық қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді. Осы арқылы бізде тауар айналымы орта есеппен 30%-ға өспек.

Өнімді экспорттаушыларға да түрлі бағытта қолдау көрсетіліп отыр. Жыл басынан бері 500 млн. АҚШ доллары болатын экспорттық келісім-шарттар жасалған. Осындай көмек түрлерін «бір терезе» қағидасы бойынша орталықтандыру үшін «Экспорттық-кредиттік агенттік туралы» заң қабылдануы да мүмкін. Бірыңғай оператор «KazakhExport» болады деп күтілуде. Бүгінде заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында екен.

Арман Шаққалиевтен тағы бір білгеніміз, сауданың заманауи форматтарының үлесін 70%-ға дейін арттыру бағытында мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдарын әзірлеу жұмыстары жүргізіледі. Ал, базарлар проблемаларын шешу үшін жол картасы іске асырылады. «Бұл шаралардың барлығы халыққа  ыңғайлы болу үшін заманауи талаптарға сәйкестендіріп, стихиялық сауданы жоюға, «жасырын» экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді» дейді А.Шаққалиев.

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашыла ма?

Көрші елдердегі геосаяси ахуал біздің нарыққа айтарлықтай әсер еткені белгілі. «Темірді қызған кезде соқ» дегендей, сарапшылар осы жағдай отандық тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға жол ашқанын айтып отыр.

–Бір жағынан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі ретінде Ресейге салынған шектеулердің зардабын көріп жатырмыз. Әсіресе, бұл тасымал жүйелерінің бұзылуынан және тауарлардың жаппай қымбаттауынан білінеді. Алайда, екінші жағынан бізге жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Ресейлік нарықтан шетелдік компаниялардың үдере көшуі, санкциялық шектеулер көрші мемлекеттің экономикасында орасан зор қанағаттандырылмаған сұранысты туғызды.  Қазақстанда тауар өндіріп, оны экспорттауға мүмкіндік артты. Осыған байланысты, бұрын Ресей нарығына бағытталған шетелдік компаниялардың біздің елге қоныс аудару үрдісі басталып кетті. Менің ойымша, осы қысылтаяң кезеңнен аман өтуіміз үшін біз жағдайды барынша өз пайдамызға шешуіміз керек. Мәселен, тұрмыстық химиядағы алпауыт P&G, тамақ өнеркәсібіндегі MARS, жиһаз жасаудың көшбасшысы IKEA сияқты брендтердің зауыттары бұрын Ресейде орналасып, біз олардан өнімдерін импорттап келген едік. Ендігі сәтте бұл өндірістерді елімізге орналастырсақ, керісінше біз ресейлік тұтынушыға экспорттай аламыз. Осы бағытта әсіресе біз сияқты шекаралас аймақтардың мүмкіндіктері көп болмақ. Атырау өңірі еліміздің қиыр батысында орналасуымен, Ресейдің ең халық тығыз шоғырланған аймағына жақын болуымен және шетелдік компаниялар үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптасуымен ерекшеленеді. Біздің облысқа мұнай-газ саласына  қызмет етуші компанияларды, IT саласының мекемелерін, химия және машина жасау саласы компанияларын тартуға болады,-дейді «Ультрастаб-Қазақстан» ЖШС директоры Азамат Асылбеков.

Десек те, сауда саласындағы кәсіпкерлер әлі де түйткілді мәселелердің аз еместігін айтады. Көпшілігі жер учаскесін алудың өзі қиямет-қайым екенін жиі қозғап жүр. Ал, «үй маңындағы дүкендер» иелері әлеуметтік маңызы бар тауарлар сатудан түсетін пайда мардымсыз  деген пікірде. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев атыраулық бизнес өкілдерімен кездесуі барысында бұл өнімдерге шекті үстеме баға қою біртіндеп алынатынын атап айтты. Яғни, келесі жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 9 түрі тізімнен шығарылады. 2025 жылы қалған 10-ы алынады.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз