Атыраулық делегация Шанхайда Қазақстанның мұнай-химия әлеуетін таныстырды
Бүгін Қазақстанның мұнай-газ кеңесінің «PetroCouncil» делегациясы Қытай тарапының шақыртуымен Қытайдың Шанхай қаласында өткен ірі мұнай-химия көрмесіне қатысты. Делегация құрамында Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, «PetroCouncil» төрағасы Асылбек Жакиев, мұнай сервисі компаниялары мен «Атырау» ӘКК басшылығы болды.
PetroCouncil.kz-тің хабарлауынша, көрме аясында «PetroCouncil» және Атырау облысы әкімдігі Қазақстанның мұнай-химия саласын дамыту және Атырау облысының инвестициялық әлеуеті жөнінде таныстырылым жасады.
Пленарлық сессия барысында Sinopec, Қытайдың ұлттық химиялық корпорациясы, HTC өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар, Қазақстанның мұнай-химия саласына қытайлық бизнесті тарту мақсатында қытайлық мұнай-химия компанияларымен В2В кездесулер ұйымдастырылды.
Бүгінде Атырау облысы – Қазақстанның мұнай-химия саласының даму хабы.
Атырау облысы әкімдігі мен Қазақстанның мұнай-газ кеңесі «PetroCouncil» бұрынғы химия зауытының маңынан 22 гектар аумақта мұнай-химия индустриялық аймағын құруды жоспарлап отыр. Мұнда отандық полипропилен мен полиэтиленді қайта өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Қазір индустриялық аймақтың жобасы әзірленіп, жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау күтілуде.