Атыраулық оқушының жаңалығы

  Қазір сауда нарығында ыдыс жууға арналған зиянды қоспаларға толы заттар көп кездеседі. Ал, Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Кемелхан Қалиолла жаңадан экологиялық таза ыдыс жуғыш сұйықтық ойлап тапты. Бір қызығы, ол кәдімгі қарбыздың суын кәдеге асырған.

  Оның құрамындағы белсенді натрий тұздары эфир майларын ыдырата алатыны ғылыми дәлелденіп отыр. Кемелхан мұндай тың идеяның ойына кездейсоқ келгенін айтады.

 – Жаздыгүні әкем үйге қарбыз әкелген. Оның астына жууға ерініп, майлы ыдыс қоя салған едім. Кейін қарбыз желінген соң, ыдыстағы майдың кетіп қалғанын байқадым. Осыдан кейін санамда: «бұл қалай болды?», «бұған қарбыз суының қандай қатысы бар?» деген сұрақтар пайда болды, – дейді ол.

  Айтуынша, қарбыз суының тағы бір артықшылығы, ол өсімдік майын ыдыратып қана қоймай, оны суда еритін затқа да айналдырып жібереді. Демек, «табиғи таза сұйықтық-химиялық ыдыс жуғыш заттарға қарағанда әлдеқайда тиімді» деген сөз.

 Дегенмен, жоба әлі де тереңдетіле тексеріліп жатыр. Зерделі шәкірт қарбыз суының қасиетін былтырдан бері зерттей бастаған екен. Содан бері ғылыми жетекшісімен бірге уақытының көбін зертханада өткізіп келеді. Ол «ЭКООШ» деп аталатын ғылыми жаңалығының бизнес-жоспарын жасап та қойған. Онда өнімнің формасы, таралуы және дайындалу технологиясы сипатталып жазылған. Егер ғылыми жоба толық дәлелденіп, күнделікті қолданысқа енер болса, бұл сұйықтық табиғи таза, әрі бағасы да арзан өнім боларына күмән жоқ.

  Химия пәнінің мұғалімі Рахымжан Қосанов қарбыз суының құрамын анықтап алу үшін Қарағанды қаласындағы арнайы орынға хат жолданғанын айтады. Себебі, болашақ жаңа өнімнің химиялық құрамымен нақты танысқан соң, оның қаншалықты тиімді екенін көруге болады. Қазір өнертапқыш ұланның жаңалығына қызығушылық танытып отырғандар жетерлік.

А.САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз