
Атырауда жаңа зауыт жобасы талқыланып жатыр
Бүгін мұнайлы астанада мұнай-газ-химия саласындағы маңызды жиын – «Жергілікті құндылық, ортақ даму» форумы өтуде. Ол еліміздегі ең ірі жобалардың бірі – жылына 1,25 млн. тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысына арналды.

Форумға 500-ден астам қазақстандық компания қатысуда. Сондай-ақ Атырау облысы әкімдігі, Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, инвесторлар және салалық қауымдастықтардың өкілдері болды.
Шараны «Силлено» ЖШС мен халықаралық серіктестер – Tecnimont (MAIRE) және Sinopec Shanghai Engineering Corporation (SSEC) ұйымдастырды. Форум қазақстандық өндірушілер мен халықаралық корпорациялар үшін ашық диалог алаңына айналды. Қатысушыларға зауыт құрылысының қазіргі мәртебесі және алдағы сатып алу жоспарлары таныстырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің айтуынша, 2025–2029 жылдары өңірде құны 7 трлн. теңге болатын 40 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады. Оның жартысынан астамы – отандық компаниялардың үлесінде.
«ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов мұнай-газ химиясының ел үшін стратегиялық басымдық екенін атап өтті. Оның сөзінше, компания шикізат экспортынан терең өңдеуге көшуге ерекше мән беруде. Жергілікті қамтуды арттыруға басымдық жасалып отыр.
Форум аясында «Силлено» компаниясы «IMB Центр» қауымдастығына мүшелікке қабылданды. Бұл отандық өндірушілермен әріптестікті нығайтады.

Зауытты жобалауға қазақстандық жобалау институттары – «Қазгипронефтетранс», «Промстройпроект» және «Қарағанды Промстройпроект институты» тартылады. Жергілікті инженерлер осылайша жоғары технологиялы жобада тәжірибе жинайды.
Сонымен қатар италиялық Tecnimont қазақстандық жастарға арналған білім беру бағдарламасын бастайтынын жариялады. Бағдарлама аясында инженерлер төрт жылдық оқудан өтеді. Үздіктері халықаралық жобаларға, соның ішінде Атыраудағы зауытқа жұмысқа қабылданады.

Айта кетейік, «Силлено» ЖШС – полиэтилен зауытының операторы. Оның акционерлері: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (40%), Sinopec Overseas Investment Holding (30%) және ПАО «СИБУР Холдинг» (30%). Ал полимерлеу қондырғысы мен инфрақұрылымдық нысандардың бас мердігері – Tecnimont пен SSEC EPC консорциумы.

Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ